Көпшілік бүгін кеште неге Юрген Клоптың жеңілісін күтеді? «Бавария» соңғы он ойында өз қақпасын голдан аман сақтай алмай жүр. Неміс бундеслигасының 30-турында мюнхендік «Бавария» өз алаңында дортмундық «Боруссияны» қабылдайды. Ойын Астана уақытымен сағат 22:30-да басталады.
Бүгін Юрген "Боруссия" тізгінінде 200-інші ойынын өткереді екен. Неміс маманы үшін бұл көрсеткіш анау айтарлық маңызға ие емес шығар, бірақ, дегенмен айтулы мереке қол астындағы нөкерлерін жеңіске бастары сөзсіз. Кубок жолында "Вольфсбургқа" қарсы маңызды ойын келе жатқанын ескеріп, көпшілік бұл ойыннан көп нәрсе күтпеуі мүмкін. Солай да шығар. Алайда, неміс бундеслигасында көп жылдардан бері бір-бірімен иық тіресіп, бір-бірімен қақтығысып, шамасы келсе жанын шаңын шығаруға тырысатын, әруақытта есеп айырылысуға өз себептері табылатын, бір сөзбен айтқанда, жалпақ жұрттың аузында "неміс классикасы" атанып кеткен қос таңдаулының жекпе-жегі екенін естен шығармасын.
Осы аптада қол клуб та кәрі құрлық додасында өз бақтарын сынады. Жұрт мақтап жүрген "неміс машинасы" "қызыл сойқандарды" жеңгенімен, көпшілік көңілінен шығатын ойын көрсете қоймады. Керісінше, әдетте көп масайрайтын мюнхендіктердің аптықтары басылып қалған сыңайлы. Ал дортмундық ұжым корольдік "Реалды" өз алаңында ұта тұрып, келесі кезеңге шығу мүмкіндігінен айырылды. Осы себептен де, осы кеште екі клуб та өз мықтылығын көрсетуге тырысары анық. Неміс футболының көркін қыздырып жүрген айтулы ұжымдар бір сәтке болса да көңілдеріне секем алған жұртшылықтың күдік-күмәнін жуып-шаюға тырысатын болады.
Кездесуде Феликс Цвайер бастаған қазылар алқасы төрелік етеді. 32 жастағы төреші "Баварияның" қатысуымен осы маусымда үшінші кездесуін өткермек. Соңғы екі төрелігі Германия Кубогі жолында өтіп еді. "Бавария" екі ретте де сырт алаңда жеңіске жеткен болатын: Аугсбургте 2:0 есебімен және Гамбургте 5:0 есебімен. Ал "Боруссияның" қатысуымен 9-ыншы ойынын өткермек. Осы маусымда ол "Боруссияның" "Вердерге" қарсы (1-0), "Аугсбургқа" қарсы өткізген ойындарында төрелік етті (2-2).
"Бавария": Нойер - Лам, Боатенг, Данте, Алаба - Шавйнштайгер, Кроос - Роббен, Гётце, Рибери - Манджукич
Қатыса алмайды: Бадштубер, Контенто, Шачири, Тьяго, Вайраух
"Боруссия Д": Лангерак - Пищек, Сократис, Фридрих, Дурм - Кирх - Хофманн, Йойич, Обамеянг, Гросскройтц - Шибер
Қатыса алмайды: Бадштубер, Тиаго, Шакири, Штарке, Контенто (жарақат) — Суботич, Блащиковски, Гюндоган, С. Бендер, Шмельцер (жарақат).
промороликке қарай отырыңыз:
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/Zhor6GmIG_E#t","width":"450","height":"338"});
- "Боруссия" мен "Бавария" арасында өткен кездесулердің көрсеткіші теңдей (Клоптың басшылығымен).
- 2012 жылдың сәуірінен "Боруссия" "Баварияға" қарсы 10-ыншы ойынын өткермек. (Бундеслига, Кубок, ЧЛ, Суперкубок).
- Өткен маусымдағыдай, "Бавария" осы жолы да "Боруссияны" маусым жеңімпазы ретінде күтіп алмақ.
- 2008 жылдан бері "Бавария" "Боруссияға" ғана көп есе жіберіп келген.
- "Бавария" ішкі біріншілікте үш үй ойында қатарынан "Боруссияны" жеңе алмай келеді (2 жеңіліс, 1 тең есеп).
- "Боруссия" "Баварияға" қарсы соңғы 7 кездесудің біреуінде ғана жеңілген (осы маусымның бірінші айналымындағы жеңіліс).
- "Бавария" өзі есеп ашқан 80 ойында қатарынан ұтылмай келеді.
- "Боруссия" бірінші голды өзі соққан 6 ойында қатарынан ұтып келеді.
- "Боруссия" сырт алаңда 3 ойын қатарынан жеңіп келе жатыр және сырт алаңда өткізген 8 ойынның біреуінде ғана жеңілген.
- Бавария 66 кездесудің біреуінде ғана бірде-бір гол соқпаған.
- Бүгін кеште Марио Манджукич пен Роберт Левандовский - Германия бундеслигасының ең үздік екі сұрмергені жолығысады. Еншілерінде 17 голдан.
- Ресми өткен соңғы 10 кездесуде «Бавария» бір жолы ғана қақпасын голдан аман сақтап қала алған.
Автор: Әкежан Дәкен
Сурет: bvb09fans.ru; fc-bayern.ru