“Барыс” өз алаңында 3:5 есебімен Омбының “Авангардынан” ұтылды. Осымен қатарынан төрт рет жеңіліс тапқан астаналық хоккейшілер турнир кестесіндегі жағдайын одан бетер қиындата түсті.
Алаң иелері ойынды сәтті-ақ бастаған. Кездесудің 6-минутында Федор Полищук пен Роман Старченко ұйытқы болған комбинацияны нәтижелі соққымен аяқтаған Константин Руденко көңілді бір жібітіп тастаған. Бірақ қарап қалмаған қонақтар лезде таразы басын теңестіріп үлгерді. Дегенмен алма-кезек шабуылға ұласқан алғашқы кезеңнің соңғы минутында, алаңдағы бір хоккейшінің артықшылығын епті пайдаланған жерлестеріміз есепте қайта алға шықты. Мұнымен келіспеген омбылық хоккейшілер уақыт өте шабуылды үдете түсті. Алдымен Александр Перегожин есепті теңестірсе, одан әрі қарсылас екіпініне төтеп беруден қалған жерлестеріміз тағы үш шайба жіберіп алды. Қорытынды есеп 3:5.
Өз тобында тоғызыншы орынға сырғыған “Барыс”, келесі турдың ойынын 14 қараша күні Челябінің “Тракторымен” өткізеді.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: vesti.kz