2010 жылдан бері каталондық «Барселона» тізгінін ұстап келген клуб президенті Сандро Росель қызметінен кетті. Бұл туралы команданың арнайы пресс-конференциясында мәлім болды.
Соңғы кездері Испания бұқаралық ақпарат құралдары Сандро Росельды пара алды деп айыптап жаза бастаған еді. Нақтырақ айтсақ, бразилиялық шабуылшы Неймардың трансфері кезінде, шамамен 40 милллион еуро пара алды деп айыпталуда. Сәрсенбі күні Мадрид соты «Барселона» президентіне қатысты істі қарау шешімін қабылдады. БАҚ мәліметтері бойынша, «Барселона» шын мәнінде Неймар үшін 57,1 миллион еуро емес, 95 миллион еуроға жуық қаржы төлеген. Ал өз кезегінде Сандро Росель:
- Бұл айыптау команданың атына кір келтіретіні анық. Сондықтан басшылықтан кетуді дұрыс деп шештім. Бірге қызмет атқарған әріптестеріме алғысымды білдіремін, – деді.
Сандро Росель қызметін 2016 жылғы президент сайлауына дейін қазіргі вице-президент Хосеп Мария Бартомеу атқаратын болды.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Сандро Росель басшылығымен алаң астынан арнайы бөлмелер жасап, отыз мыңға жуық адам жерлеуге болатын орындар дайындалайын деп жатыр деген ақпараттар да тараған-ды. Ал ол жерде дүниеден өткен соң 50 мен 99 жыл аралығында «тұрақтау» 3 мың еуроны құрайтынын да жеткізген еді. Мұны да испан ақпарат құралдары сынға алған. Мұны клуб директоры Жозеп Рамон Видаль-Абарка жанкүйерлер қалауы деп түсіндірген болатын.
Сандро Росель басшылығы тұсындағы «Барселона» жетістігі:
Испания чемпионы – 2
Чемпиондар Лигасы – 1
Испания Кубогы – 1
Клубтар арасында Әлем чемпионы – 1
УЕФА Суперкубогы – 1
Испания суперкубогы - 3
"Барселонаның" президенті жұмсақ тағын неліктен босатты? Неймардың трансферін рәсімдеуде қанша қаражаттың көзіне құм құйылып, ізім-ғайып жоқ болған? Жалпы, "каталондықтарды" үш жарым жыл басқарып келген басшының былығы турасында...
Бразилиялық супержұлдыз Неймардың «Сантостан» «Барселонаға» ауысып баруы күні бұрын өсек-аяң мен дақпырт-даудың астында қалған-ды. Трансфердің алып-қашпа әңгімесі расқа айналған тұста, басы-қасында жүргендердің басы айналғандай болды - футболшының әкесіне (әкесі әрі агент) 40 миллион еуро берілген. Сол тұста "Сантос" тек 17 миллион қаражатты ғана қалтасына салған.
Әрине, бұл ақпар "Барсаның" басшылығына ресми растауына жеткілікті еді. Солай бола тұра, ақиқаттың алысқа ұзамай ашылуына көп еңбек сіңірген...
Ақпараттық соғысқа «Барселонаның» клуб мүшесі Жорди Касеса (ерте кезден жанкүйері саналып келген) себепкер атанған. "Мен жай ғана білгім келген-ді; олар неліктен 40 миллион еуроны футболшының әкесіне тиесілі компанияға аударды? Соны білгім келіп еді. Егер маған мұның бәрі Неймардың ауысып келуі үшін жасалғанын айтқанда, мен, бәлкім, үндемес те ме едім?!" - депті Касеса ( «El Pais» басылымында)
Өз кезегінде, бұл сұрауға Росельдің бірбеткей жауап қайтаруы дұрыс болмаған - ол өзінің Неймардың әкесімен болған келісімнің анық-қанығын айта алмасын жетізген. Сосын, Касес қырсық жауапты қалыс қалдырмай, жергілікті сот органына жүгінген екен. Нәтижесінде бәрі тексеріс жүргізуге жеткен...
Жұмбақты жек көретін жандар да ұшырасады. Айылын жимаған айыптаулар төңірегінде Жоан Лапорта мен мадридтік "Реалдың" қаншалықты қатысы барын анықтау қиын, әрине, дей тұра испандық футбол корольдігінде онсыз да атыспаққа ескі жау мен қастық жасауға қарсыластың көптеп табылатынын ақиқат.
Сандро Росель бүгін соңғы мәлімдемесінде Неймар үшін клубтың 57 миллион еуро жұмсағанын айтты. Және бұл тұста келісім жасасуда заңға қайшы келетін әрекеттердің болмағанын қоса кетті. Заңды сұрақ: неге онда испандық баспасөз құралдары 95 миллион еуро төленді деуде? Футболшыға төленген, төленбегені қызық жайт...
Сот органы Неймарды сатып алуға жұмсалған қомақты қаражаттың, яғни 95 миллион еуроның төмендегідей бөліске түскенін хабарлады:
- 40 миллион - ойыншының трансферлік құқығына ие «Неймар & Неймар» компаниясына аударылған;
- 17 миллион - «Сантостан» футболшыны сатып алуға;
- 7,9 миллион - «Барселонаның» «Сантос» ұжымынан үш ойыншының бірін таңдап алу құқығына ие болу үшін;
- 9 миллион - «Барселона» мен «Сантос» арасындағы жолдастық кездесулердің өтуіне;
- 8,5 миллион - Неймардың отбасына комиссиялық төлем ақы ретінде;
- 2,6 миллион - ұлының саудасынан түскен табыстың Неймардың әкесіне тиесілі үлесі.
- 10 миллион - Неймарға "көтерме ақы" (подъемный);
Заңнамалық тұрғыда «Барселона» «Сантостың» кез келген үш ойыншысының бірін сатып алу құқығына иелік етуде. Заңнамалық тұрғыда "Барселона" бразилиялық клубпен жолдастық кездесулерді көтеруде.
Ал шын мәнісінде саудаласу «Сантосқа» қажеті болған, ал сол уақытта ақша Неймардың бір өзіне ғана жұмсалып отырған. Теориялық ретте, «Барселонаның» бұл қадамы түсінікті: каталондық клуб саудаласу төңірегінде кез келген қадамға бара алатын еді (жолдастық кездесу, түрлісін тағы да рәсімдер).
Жауаптың екі бірдей ауылына жортуға болады; мұнда да бірқатар сауалдар туындайтыны анық: мұндай кұрделі махинацияға барудың қажеттілігі қанша? 95 миллион еуроны бар күйінде жұмсауға болмас па еді?
Бірінші ауыл - бұл арада екі тараптың да көпе-көрінеу бұлтаққа салуы. Бір тарап 10 миллион еуроны аударып, тең жартысын қайтарып алғысы келген.
Егер сот істің осылай өрбігенін дәлелдей алса, онда Сандро Росель абақтыға жол тартуы мүмкін. Испания заң кодексінің 252-бабында қылмыстың бұл түрі қаражат жымқыруға жатады. Бұл өз кезегінде, «Барсаның» бұрынғы басшысын бір жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырмақ.
Ұмытпай тұрғанда, қулықтың осы бір түрі соңғы уақытта танымал трендке айналуда. Жуырда ғана дәл жоғарыдағыдай айыппен «Севильияның» президенті Хосе Мария Дель Нидо құрықталған болатын. Лауазымды басшы қаржы махинациясы үшін абақтыға жабылды.
Айтпақшы, «Барсаның» басшылық тұғырында соңғы 36 жылда қызмет атқарып келгендердің барлығы дерлік, тек жұрт жек көргіш Жоан Гаспар мырзадан басқасы, қаржылық махинацияға қатысты дау-шарға шатылған екен.
Екінші ауыл – іштарлық пен пиар жасау. «Корольдік клубтың» мүшелері 80 миллион еуроға да тындыра алмаған істе, "Барселонаның» бөріктілер құрамы (директорлар алқасы) қуаныштарын жасыра алмай, Неймарды 57 миллион еуроға сатып алып жатқандарын жариялады.
Бір жағынан, экономикалық дағдарыстың уақытысында Перестің Бэйлге жұмсағандай қомақты қаржысын Сандроның ұсынуға шамасы жетпейтін-ді...
Каталондық радиолардан тараған Неймардың шын бағасы жайлы ақпаратты көп ұзамай "блауграна" жанкүйерлерінің де құлағы шалды.
«Cadena Ser» басылымының журналисі Ману Каррено Неймардың осы жылы 17,7 миллион еуро табыс табуып, оны үстелемей, аталған ойыншының 5 жыл бойына жылына 11 миллион еуродан табыс тауып тұратынын жеткізді. Бұл дегеніміз, бразилиялық өреннің шыққан ойыны мен соққан добынан бөлек, жай жасыл алаңда тұрғанының өзі ақша тұрады деген сөз еді. (Мессилер мұны естісімен, шу шығарды).
«Барсаның» вице-президенті Тони Фрейша «La Vanguardia» басылымына берген сұхбатында төмендегідей мәлімдеме жасаған екен:
"Біздің басты қателігіміз, 57 миллион еуро тұратын футболшыны таныстыра отырып, сол сәтте елу жеті миллионның сатып алуға жұмсалғанын айтпай кеткеніміз. Қаржының қайда жұмсалып жатқанында кімнің шаруасы болсын?! Бастысы, сол соманың барлығы дерлік қылмысқа еш қатыссыз жолмен қосымша төлемдер үшін жұмсалды емес пе?!
Мұндай формуланы клубтардың көпшілігі жасап тұрады. Мәселен, трансферлік құқыққа ие компанияларға қаражаттарды аудара отырып, бүкіл процесстің солай өрбіп жатуы...», - деген.
Ал егер, Росель қылмысқа еш қатыссыз, бәрін заңнамалық тұрғыдан жасаған жан болып шықса ше?! Ең аяғы, бұдан кейін ол өзін-өзі алдаған бірінші жан болып табылары анық. Заңның өртке оранған өңірінде қандай да бір қателік жіберілсе (егер ол ашылып жатса), еш уақытта кешірілмейді. Жайбарат қана, сылбыр көңілмен клуб қаржысын махинацияға жұмсауға кім көз жұма қарап отырсын...
Бір жағынан, "Барселонадағы" жарылған бұл бомбаның түп төркіні алыстан шығуы да мүмкін. Сіздер білмессіздер, соңғы он жылда клуб ішінде бірнеше топтың қақтығысы орын алып келуде. Сол соғыстан аман қалғаны бар, қалмағаны бар. Мысалы, бір өткелде Хосеп Льюис Нуньес тұрса, сол өткелден көп ұзамай Сандро Росель жайғасқан, ал өткелдің қарсы бетінде Йохан Кройфф пен Жоан Лапорталар жүр...
Дәл қазір шампан атып, мұртынан күліп отырған бір жан болар болса, оның «Барселонаның» бұрынғы президенті Лапорта мырза екені сөзсіз. Әлеуметтік желілер арқылы Росельдің жұр алдында тағылған айыпты растауын, әшкере болуын қалаған бірінші адам өзі еді.
Сандро Росельдің сыйлы жандармен тартысы...
Сандро Росель соңғы кезде өзіне сыбайлас, әріптестерінің ішінен дұшпан іздеуге көше бастап еді. «Барселонаның» ең сыйлы президенті Йохан Кройфпен дауласып қалды. Оған, өз кезегінде, сыйлы неміс азаматының Чемпиондар Лигасының топтық кездесуінде каталондық клубтың «Аякстан» жеңіліс тапқанын қалайтын үндеуі себепкер болған. Бұған «блаугрананың» бұрынғы президенті жайбарақат қарап отыра алмай, әлгі азаматты қатты сынға ұшыратқан-мыс.
Кейіндеу Жоан Лапортамен керісті (мұрагері саналып келген жанмен), көп ұзамай оны «Барселонаның» көп ісінен шеттетіп тастады.
Сандро Росель мырза Хосеп Гвардиоламен жаға жыртыспаса да, достықтарын бұзуға тура келді (Кройф пен Лапортаны қатты сыйлайтын ол, сол уақытта Росельдің көп ісінің бірін құптамай, теріс айналған көрінеді).
2011 жылдың күзінен бастап Гвардиоланың клубтан біржола кетуін өзі қолға алып, қаңтарда (дәл осы күндері Хосептен жасырын) Тито Вилановамен кездесу өткізген деседі. Чемпиондар Лигасының жартылай финалында «Челсиден» жеңілістен кейін, Гвардиола «Барселонадан» өз үкімімен кетті десеңіз, қатты қателесесіз. Шындығында, барлығы оған дейін шешіліп қойған...
Автор: Әкежан Дәкен
сурет: eurosport.ru; gorpom.ru