- Негізгі бет
- Маккала
- «Барселона» басынан бұлт...
«Барселона» басынан бұлт арылмай тұр
Бүгінде каталондық «Барселона» командасының басынан бұлт, ішінен шикілік арылмай тұр. Бір шешімі – түсінікті болса, екіншісі – түсініксіз. Яғни, команданың ішкі саясаты мен ойыншылардың өзара қарым-қатынасы туралы біліп болмайсың. Десе де анық жайттар да бар.
Испандық басылымдар каталондық клубтың дағдарысқа ұшырағанын жарыса жазуда. Бірақ, ол дағдарыс – қаржы мәселесіне қатысты емес көрінеді. Ол – өзара қарым-қатынасқа жайлы болса керек-ті.
Месси бас бапкерді көргісі келмейді
Бұл күндері «Барселона» басшылығы Луис Энрикені бас бапкер сайлағандары қателік болғанын жасырып жүрген жоқ. Жақында Лионель Месси мен бас бапкер арасын қара мысық кесіп өткеннен кейін жағдай мүлде ушыға түсті. Себебі, аргентиналық сұрмергеннің Луис Энрике жұмысына көңілі толмайды. Ол бұл ойын жеткізіп те үлгерді. Оның орнына қайтадан Франк Райкардтың оралғанын қалайды екен. 52 жастағы бапкер болса 2014 жылдың наурыз айында бапкерлік мансабын аяқтаған болатын. Мүмкін, бұрынғы командасы шақырған соң, қайта мансабын жалғастырып кетуі де ғажап емес. Оның үстіне Месси шақырып отырған соң... Бірақ, Хосеп Бартомеу Франк Райкардтың қайта келгенін қаламайды. Ол бұл қызметке Юпп Хайнкес, Рональд Куман және Оскар Гарсияның бірін келгенін дұрыс санайтын көрінеді.
Луис Энрике Мессиге неге ұнамай қалды?
Жаңа маусым басында «Сельтадан» ауысып келген бапкер клубта бұрын-соңды болмаған тәртіп орнатуды қолға алған. Ол барлық ойыншыларды тең дәрежеде қоятынын айтып, командада ешқандай көшбасшы болмайтынын жеткізген. Ал бұрыннан «Барселона» көшбасшысы саналып келген Мессиге жаңа бапкердің айтқаны мен ойын жүйесі ұнамаса керек-ті. Клубтың басты «жұлдыздарымен» де тығыз қарым-қатынас орнатпаған. Тек қатқан тәртіпте өз дегенін жүргізген. Өзі ғана шешім шығарып, бапкерлер қосыны және ойыншылармен ақылдасуға құлықсыз көзқараста болған.
Клуб президенті Мессиді қолдап отыр
«Барселонада» Лионель Мессидің басты рөл атқаратыны айтпаса да белгілі. Жанкүйерлері де оны кез келген қателігі үшін кешіре алады. Тіпті клуб президенті Хосеп Мария Бартомеу де. Ол да аргентиналық сұрмергеннің сөзін жерге тастағысы келмейді. Қазіргі таңда командада ушыққан жағдайға байланысты бір шешім қабылдау керек. Ол үшін бас бапкер немесе Месси екеуінің бірі командадан кетуі тиіс. Мұндай таңдау клуб басшылығы алдында бірінші рет орын алып отырған жоқ. Кей деректерге сүйенсек, кезінде аргентиналық сұрмерген мен Златан Ибрагимович арасында да дәл осындай жағдай болған. Нәтижесінде швециялық футболшы каталондық клубтан кетіп қалған деседі.
Кеше мәлім болғандай, бүгін түнде өтетін «Барселонаның» өз алаңындағы «Атлетикоға» қарсы кездесуінен кейін бас бапкер Луис Энрике қызметін босатады. Хосеп Бартомеу осындай шешім қабылдап үлгерген. Осыған дейін клуб президенті спорттық директор Андони Субисаретта мен оның көмекшісі Карлес Пуйольды да қызметінен қуған болатын. Бұл ауысуларға да Мессидің қатысы болуы мүмкін. Каталондық «TV3» телеарнасының хабарлауынша, аргентиналық шабуылшы клубтың медициналық құрамындағы кей дәрігерлер мен басшысының да ауысқанын қалайтын көрінеді. Бұл жолы да Хосеп Бартомеу команда көшбасшысын қолдап отырғаны жасырын емес.
Мессидің «Челсиға» ауысуы туралы аңыз қайдан шықты?
Лионель Месси лондондық «Челсиға» ауысуы мүмкін деген ақпараттар қаптап жүр. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» тағы бар. Өйткені, ойыншы басында клуб президенті өзін қолдамай ма деген ойда болса керек-ті. Оның үстіне Мессидің «ақсүйектердің» «instagram» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына жазылуы – бұл тақырыпты шындыққа жанастыра түсті. Футболшының жаттығуларға кешігіп келуі де испандық басылымдар тарапынан «киім-кешегін жинап жүр» деп бағаланды. Ал шын мәнінде демалыстан Неймар екеуі кешігіп келгені рас. Аргентиналық ойыншы бір рет асқазаны ауырғанына байланысты жаттығуға келмесе, одан кейінгі жолдары Луис Энрикені көруге «асықпаған» көрінеді.
Жалпы лондондық клуб тарапынан 2006 жылы Мессиге ұсыныс түскен. Ал футболшы болса кейінірек бұл ұсыныс туралы ойланып көретінін мәлімдеген екен. Спорт сарапшылары да шабуылшының лондондық клубқа ауысуы туралы сыбысты жоққа шығармайды. Өйткені, Лионель Месси басты бәсекелесі Криштиану Роналдудың көлеңкесінде қалғысы келмейді. Ағылшын чемпионатында бақ сынап көргісі келетін де көрінеді. Өзге елдің командасымен Чемпиондар лигасын жеңіп алуды да аңсаса керек-ті. Оның үстіне осы маусымда «Челсиға» ауысқан Сеск Фабрегас пен Месси жақын достар. Ол да бұрынғы командаласын жаңа командасына шақыруы бек мүмкін. Ал Аргентинаның «Direct TV» арнасының тілшісі Фабиан Горой болса шабуылшының ағылшын тілін үйреніп жүргенін, және «adidas» фирмасымен келісімшарт орнатқанын қалайтынын жариялаған еді. Бірақ, Мессидің «Барселонадан» кетпеуінің де өз себептері бар. Біріншіден, бала кезінен «бағып-қаққан Барселонадан» футболшының кете қоюуы екіталай. Ол - клубтың бетін қақпай өсірген ерке баласы. Екіншіден, ағылшын чемпионатында тартыс жоғары. Сондықтан, әлем таныған ойыншының ағылшын алаңдарында доп тебуге барады дегенге сене қою қиын. Оның үстіне «Челси» басшылығы да әзірге бұл ақпаратты растап отырған жоқ. Одан өзге Мессидің «Манчестер Ситиге» де ауысуы мүмкін деген ақпараттар бар. Бұл да жай сыбыс қана.
Луис Энрике жұмыстан жай кете ме?
Испандық бапкер Луис Энрике де өз қызметінен жай кетпесі белгілі. Нақты бір себепсіз жұмысынан айырса, онда ол клубтың біраз құпиясын жайып салуы да бек мүмкін. Өйткені, оның да өз айтар уәжі бары сөзсіз. Ал егер «Атлетикомен» өткен ойыннан кейін бапкер қызметінде қалса, онда Лионель Мессидің шешімі басқаша болып қалуы да ғажап емес. Не де болса әліптің артын баққан дұрыс.
«Барселона» мен ФИФА арасы суып барады
Қазіргі таңда «Барселона» мен Халықаралық футбол федерациялары қауымдастығы (ФИФА) арасында кикілжің ушығып тұр. Осыған орай клуб президенті Хосеп Мария Бартомеу, 12 қаңтар күні Цюрихтегі «Алтын доп» иегерін анықтайтын салтанатты кешке команда мүшелерін жібермеуі мүмкін деген де сыбыстар шықты. Бірақ, ол атақтан Лионель Месси де үміткер екені рас. Бәлкім, бұл жүлде кімге тиесілі екені белгілі ме екен? Әйтпесе, мұндай шешім шығарса, алдын ала ойланар ма еді.
Каталондық клуб пен ФИФА арасындағы келіспеушілік - 18 жасқа толмаған футболшылармен келісімшарт жасасқан деген дерекке қатысты туындаған. Ал одан кейін клуб басшылығы бірнеше рет Лозаннадағы спорт істері бойынша төрелік жасайтын сотқа (CAS) жүгінген. Бірақ, одан да қайыр болмаған-ды. Соңы өзара «қырғи-қабақ соғысқа» айналып кетті.
Айта кетейік, бүгін түнде «Камп Ноуда» өтетін «Барселона» мен «Атлетико» кездесуі алдында, Лионель Мессидің Испания футболы тарихындағы ең көп гол соққан ойыншы ретіндегі рекордына орай құттықтау салтанаты өтеді.
Сурет: eurosport.ru, Getty Images
О. Сансызбай