- Негізгі бет
- Маккала
- "Барсадан" бақ ұшқан...
"Барсадан" бақ ұшқан күн немесе Мюнхендегі күйреу
Кәрі құрлықтың ең ірі додасы саналатын Чемпиондар Лигасының жартылай финалында каталондық "Барселона" мен мюнхендік "Бавария" командасы күш сынасты. «Альянц-Арена» стадионында өткен кездесуде Юпп Хайнкестің тәлімгерлері 4:0 есебімен ойсырата жеңді.
Голдар: Мюллер (25’), Гомес (49’), Роббен (73’), Мюллер (82’).
Баварлықтар кімдерге қарсы ойнағандарын білмеді. Иә, сөздің шыны керек, "Барселона" командасы бұл ойында бар біліктерінен жаңылды. Сәт сайын қысқа пас беруде қателік жасап, бойларын бойкүйездік шалғандай әсерде қалдырды. Қинап, қыстап шығарғанмен, аргентиналық ойыншы да жақсы өнер көрсете алмады. Күні бұрын әкесі айтты дейтін бір ақпарда, Месси бұл ойынға дайын болмаған сыңайлы. Өзіңіз-ақ алып қараңызшы, жарақат алған ойыншы бірден жарқырап кете қояр ма екен?! Хош делік. Бас бапкердің орнын басқан көмекшіні де жазғырудан аулақпыз. Кеше ғана науқас болып, бүгін ортаға келіп отырған бапкер не айла жасасын.
Мүмкін, бұл жерде барсалық ойыншылардың даңқ шыңында көздері ілініп кеткендіктен болар. Қазақта "көздің еті іскіш келеді" деген сөз бар ғой, жеті-сегіз жылға созылған толлассыз толағай табыстар осы бір пенделердің аяғын тұсауы мүмкін ғой. Пептің өзі де ақырғы күндерде қол астындағы тәлімгерлердің өзгерісін байқаған болар. Ақыры, кетіп тыңды. Мүмкін, сол бір үздік-создық аңыз-атақ Пеппен бірге неміс жеріне көшті ме екен?!
Барсалықтарды тырп еткізбеген неміс ойыншылары үлкен мақтауға ие. Бапкер қойған тапсырманы артық орындады. Шабуылшысы әмбебап өнер көрсетсе, қорғаушысы қимыл-қозғалыста шапшаңдық танытса, өз кезегінде жауапкершіліктің үдесінен табылды деген сөз. "Семіз айтып, арық шықпайтын" немістер білген жүрістерінен мүлт кетпеді. Олар өздерінің ашкөздікке деген бар ынта-пейілдерін танытты. Жалпы алғанда, немістер жыл сайын тәуір ойын көрсетіп, қарсылас шақ келтірмей жатса да, финалдық ойындарда сорлап қала беретін. Бұл жолы олай болуы мүмкін емес. Дәл осы жылы Чемпиондар Лигасын немістер ұтып жатса, еш таңырқамаймыз. Өйткені, себебі, сол үшін дегендей...
Бас қазы Виктор Кашшаиға барсалықтар алғыс айтуы қажет. Әйтпегенде, екі бірдей пенальти орындалуы тиіс тұғын. Волейбол мен футболды қатар алып жүрген Шакираның күйеуі шындығында тәртіп бұзған еді. Қапталда тұрған төрешінің көмекшілері де еш нәрсені байқамаған сыңай танытты. Негізі, УЕФА енгізген қосымша көмекшілердің еш қажеті жоқтығы тағы бір байқалып қалды.
Және бір айта кетерлігі, немістер соққан екінші гол төреліктен мүлт кеткен секілді. Фуболшы ойыннан тыс қалған, негізі. Алайда, Виктордың бұған қарсы еш үкімі болмады, бірақ, Роббен соққан төртінші гол тұсында бәрін дұрыс деп шешті. Қос аяғын қойып үлгерген Томас Хорди Альбаның алдын жауып қалған-ды, ал голландиялық сұрмерген мүлт кетпеді.
Вальдестің көп ұзамай "Барсадан" кететіні жақсы болды. Шындығына келгенде, жақсы ойыншы шығар, бірақ, жақсы қақпашы емес. Бірінші гол сәтінде сәтті қимылдау тиіс-тұғын. Айтып-айтпа, каталондықтардың қорғанысы да тым нашар көрінді. Пуйольдің орны айқын білініп тұрды.
Айтпақшы, "Барселона" мұндай ірі жеңілістен соң, 4:0 есебінен кейін қарымта кездесуде есе қайтарып көрмепті.
Чемпиондар Лигасының 1997/98 жылғы маусымында "Барса" "Динамо" командасына қарсы өткен ойында өз қақпаларына жауапсыз төрт бірдей гол жіберген. Одан кейін арада он бес жыл өтіпті.
Қарымта кездесу 1 мамыр күні «Камп Ноуда» өтеді.
Автор: Фараби Арыстанбек
сурет:www.sport.ru; www.kingbet.net; eurosport.ru
Л. Лига