Елордамыз «Астана» қаласындағы «Сарыарқа» спорт кешенінде өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия біріншілігінің алғашқы жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Массагет тілшісі.
Жарыстың алғашқы күнінде бірінші болып 48 келі салмаққа дейінгі зілтеміршілер өз өнерлерін көрсетті. Бұл салмақта Қазақстанның намысын 19 жасар Галина Мамотова қорғаған болатын. Дегенмен, жуырда ғана Қазақстан чемпионы атанған Галина сары құрлықтың басты бәсекесінде медальді орындардың біріне де іліге алмады.
Жалпы, бұл салмақта бірінші орынды солтүстік кореялық зілтемірші Рянг алды. Ол жұлқа көтеруде 110 келіні бағындырса, серпе көтеруде 80 келіні бойынан асырды. Екінші орында индонезиялық Сри Вахуни. Оның көрсеткіші 176 келі (76 жұлқа, 100 серпе). Үшінші орын До Ти Ту Хоаиға бұйырды. Ол екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 174 келіні бағындырды. Ал біздің отандасымыз екі бағдарлама бойынша 167 келіні көтеріп, жалпы есепте бесінші орынға табан тіреді.
Айта кетейік, ауыр атлетикадан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Азия біріншілігінен екі алтын медаль аламыз деп уәде берген болатын. Бүгін жарыс тұғырына әйелдерден 53 келіге дейінгі салмақта Маргарита Елисеева шықса, ерлерден Арли Чонтей (56 келі) мен Фархад Харки (62 келі) шығады.
Арнайы Массагет.кз үшін Астанадан: Уалихан Қосанбай
Сурет: Уалихан Қосанбай