- Негізгі бет
- Маккала
- "Атлетико" – "Барселона"...
"Атлетико" – "Барселона" кездесуі алдында
Бүгін түнде Чемпиондар Лигасының ширек финалдық ойындары өтеді. "Атлетико" өз алаңында каталондық "Барселонаны" қабылдайды.
Кәрі құрлықтың ең ірі додасында осы маусымда жеңіліс таппаған команда соңғы он жылдықтың ең таңдаулы ұжымына қарсы тұрады. Испан примерасының көш басында келе жатқан қос мықты «Висенте Кальдеронда» жан берісіп, жан алысатын болады.
Кездесуде Ховар Уэбб бастаған ағылшын қазылары алқасы төрелік етеді. Оған қос қапталдан Майкл Малларки мен Дэррен Кэнн көмектеседі.
Күні бұрын айтылып келгендей, қос қарсылас бір-біріне қолайлы емес. Оның дәлелі ретінде испан примерасындағы талас-тартыстарын айта кетуге негіз бар. Осы маусымда «Атлетико» мен «Барселона» төрт кездесу өткізіп, бірде-біреуінде жеңімпаз анықталмады. Бұл деген сөз, қос ұжымның да өз артықшылықтары бар деген сөз. Каталондықтар, әдеттегідей, допқа иелік етуге тырысып, өз кезегінде гол жіберіп алмауға ұмтылады. Бір сөзбен айтқанда, бүгін Пикенің командасына гол соғу ауадай қажет. Ал "Атлетиконың" жағдайы жақсырақ. Мадридтің өрендері осы есеп айырмасын ұстап тұрса да жеткілікті.
Екі команда да ішкі біріншіліктегі соңғы ойындарын жеңіспен аяқтап, корольдік "Реалды" жеткізбей келеді. "Атлетико" сапында еш өзгеріс жоқ, дегенмен, бірқатар ауыс-түйістер орын алуы мүмкін. Командаға бірден негіз құрамның екі ойыншысынан айырылу қаупі төніп тұр: Арда Туран мен Диего Коста жарақат алып қалған-ды. Ал "блауграна" сапында Карлес Пуйоль, Жерар Пике, Виктор Вальдес пен Хонатан дос Сантос алаңға шыға алмайды.
Диего Симеоне, «Атлетиконың» бас бапкері:
"Біз соңғы ойындарда құрамға ауыс-түйіс енгіздік. Мұның маңызы зор, сол арқылы ойыншыларды тың қалпында ұстаймыз. Біз осы маусымда осы қалпымызда қала беруіміз үшін функциональдық дайындығымызға үлкен күш жұмсадық.
«Барселона» өз ойын мәнерін өзгертпейді. Ол әр уақытта ойынға иелік еткісі келеді. Әр команданың өзінің артық тұстары бар. Олар ойынды допқа иелік етумен орнатса, біз қарымта шабуылдан мүмкіндік іздестіріп көреміз. Біз қысым сезініп жатырмыз ба? Бұл қысым емес, бұл - жауапкершілік. Қысымды өз отбасын асырау үшін шұғыл ақша іздеген жан сезінеді".
Тата Мартино, «Барселонаның» бас бапкері:
"Біз ойынның негізгі уақытында алға қойылған тапсырманы орындап, қосымша 30 минутсыз өткіземіз деген ойдамыз. Одан өзге ештеңе де емес, бірақ күн тәртібінде - Чемпиондар Лигасының жартылай финалына жолдама тұр. «Атлетико» біздерге 90 минут бойы ойынды басқаруға мүмкіндік беріп қоятын команда емес. Бірақ, біз соған қарамастан солай жасауға тырысып көреміз, өйткені біз, солай ойнағанды жақсы көреміз. Біз олардың барлық ойыншысы алаңға шығады деп дайындық жасауымыз керек".
– «Барселона» мен «Атлетико» барлық турнирде бір-бірімен 217 рет кездесу өткізген. Каталондықтар оның 93 ойынында жеңіске жетсе, "Атлетико" 74 кездесуде басым түскен. 49 рет тең есеп тіркелген.
«Барселона»: Пинто, Ойер, Алвес, Монтойя, Бартра, Пуйоль, Маскерано, Адриано, Альба, Бускетс, Сонг, Серхи Роберто, Фабрегас, Хави, Иньеста, Месси, Педро, Афеллай, Неймар, Санчес, Тельо
«Атлетико»: Куртуа, Арансубия, Хуанфран, Годин, Филипе Луис, Алдервейрелд, Инсуа, Миранда, Тьягу, Габи, Коке, Рауль Гарсия, Гилавоги, Кристиан Родригес, Соса, Адриан, Давид Вилья, Диего Коста
– «Атлетико»алғаш рет өз тарихында Чемпиондар Лигасының жартылай финалына жолдама алуы мүмкін.
– «Барселонаның» аталған турнирдің жартылай финалына жетінші мәрте шығуға мүмкіндігі бар.
– «Атлетиконың» үздік сұрмергені Диего Коста әлі бірде-бір рет «Барселона» қақпасына доп соқпапты.
– Лионель Месси барлық турнирді санағанда "Атлетико" қақпасына 20 доп соққан.
– Егер «Барса» осы ойында екі доп соғар болса, онда Чемпиондар Лигасындағы 500 доп айырмасына қол жеткізеді.
Автор: Әкежан Дәкен
Сурет: livesport.ru; fansfootball.org; barca.ru
Л. Лига