Сенбі күні Тараз қаласында қазақ күресінен «Еуразия барысы» ІІ халықаралық турнирі өткен болатын. Сол додада жерлестерімізге жанкүйерлік танытқандардың қатарында 2014 жылғы «Қазақстан барысының» күміс жүлдегері Асыл Барменов те болды. Жарыс соңынан балуанмен бір сәт тілдесудің де сәті түскен-ді.
- Асыл аға, ассалаумағалейкум! Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Еуразия барысы» қандай деңгейде өтті? Қазақ балуандарына не жетіспеді?
- Өткен жылы да жерлестеріміз шешуші сәтте моңғолдармен жолыққан еді. Ол кезде қазақ балуандары оңай жеңіске жеткен-ді. Ал биылғы «Еуразия барысы» жоғарғы деңгейде өтті. Қазақ күресіне деген жақсы көзқарастар қалыптасып келе жатқанын байқадық. Қарсыластардың төл спортымызды толық меңгергені байқалды. Оның үстіне биыл 12 құрама қатысты. Жалғыз моңғол балуандары ғана емес, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан елінен келген балуандар да қарымды екені байқалды. Өз жерімізде жеңіліс табу жараспаса да, спорттың аты – спорт. Жеңісі мен жеңілісі қатар жүреді. Келер жылы қазақ балуандары «Әлем барысы» мен «Еуразия барысында» топ жарады деген сенімдемін. Ол үшін дайындықты әзірден бастаулары тиіс.
- Дәулетхан Жақыповтың жарақат алуы құраманың ұстанған жүйесіне қаншалықты әсер етті?
- Әрине, әсерін тигізді. Негізгі құрамға Дәулетхан таңдалған еді. Бірақ, жарақатына байланысты финалға шыға алмады. Оны алмастырған Бегімхан Әділбеков те осал емес. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қарсыласынан айласын асырып тұрып, соңғы сәтте ғана есе жіберіп алды. Оның үстіне жерлесімізге қысым да жоғары болды. Шешуші шайқас болғандықтан оңай соқпады.
- Осы «Еуразия барысындағы» үздік өнер көрсеткен балуан деп кімді айтар едіңіз?
- Мен ең үздік өнер көрсеткен балуан ретінде моңғол елінің халық батыры Цагаанбаатар Хашбаатар улын айтар едім. Ол тамаша өнер көрсетті.70 келідегі балуан жоғарғы деңгейде күрескеніне куә болдық.
- Келесі кезекте, өзіңіз жайлы сұрасақ. Павлодарда өткен «Әлем барысында» кубалық балуанмен өткен белдесуде өзіңізге не жетіспеді? Жеңуіңізге мүмкіндік болды ма? Әлде салмақ басымдығы жоғары балуанды жеңу мүмкін емес пе еді?
- Әрине, салмақ үлкен рөл ойнағаны рас. Мен ол додаға үлкен дайындықпен бардым. Физикалық та, техникалық тұрғыдан да толықтай дайын едім. Кубалық балуанды жеңуіме де мүмкіндік болды. Бірақ, алғашқы сәттегі маған берілген ескерту есебімнен жаңылдырды. Сол ескерту белдесу тағдырын шешіп кетті десем болады. Десе де кубалық балуанның да физикалық тұрғыдан мығым екенін айта кеткен жөн.
- Алда қандай жоспарларыңыз бар? Келер жылғы ірі додаларға қандай мақсат қойып отырсыз?
- Келер жылы бірінші – «Қазақстан барысында», одан кейін – «Әлем барысында» топ жаруға барымды саламын. Жеңіс жолында дайындықты шыңдай түсу керек. Биыл бағындырмаған биігімді келер жылы бағындырамын деген сенімдемін.
- Әңгімеңізге рақмет аға! Боз кілемде ел абыройын асқақтата беріңіз!
Сурет: massaget.kz