- Негізгі бет
- Маккала
- "Астананың" еурододағы қарсыласы...
"Астананың" еурододағы қарсыласы "Будучность" қандай команда?
Футболдан Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен шығып қалған елордалық "Астана" Еуропа лигасының іріктеуіне қатысады. Жеребеде "Астанаға" Черногорияның "Будучность" командасы түсті. Бұл қандай команда? Оның тарихы қандай? 17 қыркүйекте өтетін матчқа командалардың дайындығы қандай?
"Будучность" – Черногория астанасы Подгорицада 1925 жылы құрылған клуб. Команда Черногорияның ең көп жүлде жеңген клубы саналады. Алайда "Подогорицаның" еурододада жолы болмай-ақ қойды. Осыдан 12 жыл бұрын Еуропа лигасының іріктеуіне алғаш қатысқан. Содан бері араға уақыт салмай тұрақты еурододаның іріктеуіне қатысып жүр. Алайда тәжірибесі болса да он жылдан бері үшінші айналымнан ары аса алмай келеді.
Халықаралық деңгейдегі жетістігі деп Балқан кубогының финалына шыққанын атап өтуге болады. 1991 жылы өткен жарыста шешуші матчқа дейін жетіп, күміс жүлдені қанжығалаған. Сондай-ақ, 2005 жылы Интертото кубогында атағы жер жарып тұрған Испанияның "Депортиво Ла-Корунья" клубын жеңді.
Transfermarkt порталының мәліметіне сүйенсек, "Астана" сапындағы футболшылардың трансферлік құны "Будучностьтен" жеті есе қымбат. Қазақстан чемпиондарының құны 21 миллионнан асып жығылса, черногориялық команданың құны – 3,5 миллион еуро.
Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шығу үшін "Астана" мен "Будучность" ертең, 17 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 20:00-де кездеседі. Жолдама тағдыры жалғыз матчта шешіледі. Ойын алдындағы баспасөз-мәслихатында черногориялық клубтың бас бапкері Младен Миленкович сақадай сай екенін айтты.
"Алдағы матч екі команда үшін де өте маңызды. "Астана" – Еуропа жарыстарында тәжірибесі бар команда. Кейінгі жылдары еурододалардың негізгі кезеңіне тұрақты қатысып жүр. Биыл да осы дәстүрді жалғағысы келетіні анық. Бірақ біздің де алдымызға қойған мақсатымыз бар. Тарихымызда тұңғыш рет жетістікке жетсек деп отырмыз", - дейді бапкер.
Младен Миленкович "Астананың" ойынын бұрыннан бақылайтынын, алдағы матчта көмегі тиетінін тілге тиек етті.
"Кейінгі маусымдарда "Астананың" ойынын бақылап жүрдім. Өйткені Қазақстанда менің отандастарым Неманья Максимович пен Джордже Деспотович доп тепті. Екеуі де мен істеген академияда жаттыққан.
Биылғы маусымды "Астана" сәтсіз бастады. "Динамо-Брестке" (3:6) есе жіберді. Бірақ бұл қарсыласты бағалауға себеп болмауы керек. Соңғы екі-үш ойында командада жоғары деңгейлі футболшылардың көп екенін аңғардым", - дейді сербиялық маман.
Жақында қызметінен кеткен Михал Билектің орнын басқан Пол Эшуорт үшін "Будучностьке" қарсы матч үлкен сынақ болмақ. Дегенмен Англия, Латвия және Ресейде біраз клубтарды жаттықтырған маман тәжірибесіне сенім артып отыр.
"Бәріміз топтық кезеңге өтуді қалаймыз. "Будучностьтің" соңғы бес ойынын зерттедік. Олар Англия командалары секілді футбол көрсетеді. Алыстан пас беріп, қарсыласына көп қысым көрсетеді. Біз бұған дайын болуымыз қажет.
Басшылықтан жаттықтырушылыққа келуім аса қиындық тудырған жоқ. Өйткені бұрындары да бас бапкер қызметінде істегенім бар", - дейді Эшуорт.
Уақытша бас бапкер қызметін атқарып жүрген маман команданың көшбасшы ойыншылары Томашевич пен Рукавинаның жағдайы туралы да айтып өтті.
"Рукавина әлі дайын емес. Алдағы бір-бір жарым айда алаңға шыға алмайды. Ертеңгі ойынға қатысатын ойыншылардың тізіміне 18 футболшыны қостық. Олардың бәрі қажет болған жағдайда бір-бірінің орнын баса алады", - дейді жаттықтырушы.
Алматыда өтетін ойын Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де басталады. Сондай-ақ, Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде қазақстандық тағы екі команда ойнайды. Қызылордалық "Қайсар" Кипрдің "АПОЭЛ" командасымен Шымкентте кездеседі. Ойын 17:50-де басталады. Дәл осы күні сағат 22:50-де Алматының "Қайраты" Израильде "Маккаби" (Хайфа) клубымен жасыл алаңға шығады.
А. Рысдәулет