Бүгін футболдан Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі бірінші ойындар басталады. Елордалық «Астана» Кипрден келген «АПОЭЛ» клубымен кездесетін болады. Ал біз назарларыңызға ойын алдындағы шолуымызды ұсынамыз.
Қазақ футболы тағы бір тарихи оқиғаның алдында тұр. Осыған дейін қарағандылық «Шахтер» топтық кезеңге өтудің аз-ақ алдында сүрінген еді. Ендігі ерлік - «Астанада». Қарымта ойын бір аптадан кейін Кипрде өтеді.
Чемпиондар лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастаған «Астана» бірінші болып қос ойын қорытындысы бойынша Словенияның «Марибор» клубын жарыс жолынан шығарды. Кей еуропалық басылымдар үшін бұл нәтиже кішігірім сенсация да болды. Сырт алаңда қазақстандық клуб 1:0 есебімен ұтылғанмен, өз алаңында жанкүйерлерін өкіндірген жоқ. Бар шеберліктерін танытып, 3:1 есебімен ұтты. Ал үшінші іріктеу кезеңінде Финляндияның «ХИК» клубымен жолы түйісті. Сырт алаңдағы ойында 0:0 есебі тіркелсе, «Астана-Аренада» 4:3 есебімен жеңіп, нағыз ерлік танытты. Нәтижесінде Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өтті.
«АПОЭЛ» - осал қарсылас емес. Кипрдің ең танымал клубтарының бірі. 1926 жылы құрылған клуб 24 рет чемпиондық атаққа ие болған. 21 рет кубок жолында жеңімпаз атанған. Өткен жылы Чемпиондар лигасының «F» тобында бақ сынап, «Барселона», ПСЖ және «Аякс» клубтарымен бірге ойнады. Бірақ, бұйырғаны бір ұпай ғана болды. Кипрлік клубтың құрамы «Астанадан» аз да болса қымбатырақ. Немістің «Transfermarket» сайтының ақпараты бойынша «АПОЭЛ» клубы ойыншыларының жалпы құны 17,78 миллион евроға бағаланған. Командадағы ең қымбат ойыншы – қақпашы Бой Ватерман. Оның құны – 1,75 миллион евро. Екінші орында жартылай қорғаушы Семир Штилич пен шабуылшы Луиш Леал. Екеуінің де трансферлік құны 1,5 миллион евро көлемінде. Ал «Астананың» трансферлік құны 13,80 миллион евроға бағаланып отыр. Ең қымбат ойыншы Фокси Кетевоама мен Неманья Максимович. Екеуі де – 2 миллион евро.
Командалардың бүгін киіп шығатын жейделері
«АПОЭЛ» сапында кезінде «Аякс» академиясында тәлім алған қақпашы Бой Ватерман, «Реалдың» экс-қақпашысы Хорди Кодина, Францияның «Сошо» клубында өнер көрсеткен бразилиялық қорғаушы Карлао, 17 жасқа дейінгі Бразилия құрамасының капитаны болған, әлем чемпионы атанған Жуан Гильерме, «Челсидің» экс-ойыншысы Нуно Мораиш секілді ойыншылар бар.
Бүгінгі ойынға Венгриядан келген төрешілер қазылық жасайтын болады. Бас төреші Виктор Кашшайға алаң жиегінде Гьорги Ринг пен Венцель Тот көмектесетін болады. Ал қосалқы төреші қызметін Иштван Ольберт атқаратын болады. Ал «Астана-Арена» стадионынан жергілікті жанкүйерлер бар қолдауын білдірмек. Осыған дейін 30 000 билеттің сатылып кеткені туралы хабарланған болатын.
Букмекерлік орталықтар да «Астананы» фаворит санауда. Станимир Стойлов шәкірттерінің жеңісіне – 2,14 коэффициент, тең ойынға – 3,08, «АПОЭЛ» жеңісіне 3,7 коэффициент ұсынуда. Ал «Астананың» топтық кезеңге өтуін – 2,3, «АПОЭЛ»-дың сәттілігін 1,62 коэффициентке бағалауда.
«Астана» мен «АПОЭЛ» арасындағы ойын бүгін өтеді. Астана уақытымен сағат 22:00-де басталатын кездесуді қазақстандықтар «Таң» арнасынан тамашалай алады. Қазақстандық клубтан жеңіс күтеміз!