Бүгін Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында елордалық «Астана» түзде Финляндияның «ХИК» клубымен кездеседі. Екі ойын қорытындысы бойынша қазақстандық клуб жеңіске жетіп жатса, плей-офф кезеңіне өтетін болады. Плей-оффта жеңіске жетсе – Чемпиондар лигасы, сүрінсе – Еуропа лигасының топтық кезеңіне түседі. Бір сөзбен айтқанда, «Астанаға» атой салар кез келді.
Станимир Стойлов жаттықтыратын клуб өткен жылы Еуропа лигасында плей-офф кезеңіне дейін жеткен еді. Топтық кезеңге бір адым қалғанда, Испанияның «Вильярреал» клубы тобықтан қақты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының УЕФА коэфициенттер рейтингіндегі көрсеткішіне ұпай қосумен ғана жарысты аяқтаған еді. Ал биыл қазақстандық жанкүйерлер ел чемпиондарынан үлкен үміт күтіп отыр.
Чемпиондар лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастаған «Астана» қос ойын қорытындысы бойынша Словенияның «Марибор» клубын жарыс жолынан шығарды. Кей еуропалық басылымдар үшін бұл нәтиже кішігірім сенсация да болды. Сырт алаңда қазақстандық клуб 1:0 есебімен ұтылғанмен, өз алаңында жанкүйерлерін өкіндірген жоқ. Бар шеберліктерін танытып, 3:1 есебімен ұтты. Енді «ХИК» клубынан айласын асырса, қазақ футболын жаңа маусымның басты жаңалығы күтіп тұр.
Финляндияның «ХИК» клубы туралы осыған дейін тілге тиек етіп кеткен болатынбыз. Осал қарсылас емес екені сөзсіз. Команда құрамында тәжірибелі ойыншылар да жетерлік. Мәселен, клубтың ганалық легионері Гидеон Баа үлкен футболға еліндегі өтіп жатқан шоуға қатысып, жеңімпаз атанған. Нәтижесінде шоу арқылы отандасы Майкл Эссьеннің қолдауымен «Челсиде» академиясында тәжірибе жинаған. Кейіннен елінің клубтарында ойнаған. Қорғаушы «ХИК» сапында 2014 жылдан бері ойнап келеді.
«ХИК» клубының белді ойыншыларының бірі – жартылай қорғаушы Демба Саваж. Ол клуб сапында 93 ойынға қатысып, 40 гол соққан. Сондай-ақ, форвард Оусман Джаллоу да «Астана» қақпасына көбірек қауіп төндіруі мүмкін ойыншылардың бірі саналап отыр. Шабуылшы Майк Хавенармен бірге жартылай қорғаушы Атум Танака да сәтті өнер көрсетіп жүр.
Финляндиялық клубты 45 жастағы бапкер Мика Лехкосуа жаттықтырады. Сырт келбеті Брэд Питтке ұқсайтын бапкер футболдан бөлек, Хельсенки университетінде техника ғылымдарының магистрі де атанған. «ХИК» - бапкер үшін жат клуб емес. Ол осы клуб сапында 9 жыл ойнап, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне де шыққан. 32 жасында ауыр жарақаттан кейін мансабын аяқтаған Мика Лехкосуа бапкерлік жолға біржола бет бұрады. «ХИК» клубын 2014 жылдан жаттықтырып келеді.
Букмекерлік орталықтар алаң иелерін аз да болса фаворит санауда. «ХИК» командасының жеңісіне – 2,56 коэффициент, тең ойынға – 3,08, «Астана» жеңісіне 2,89 коэффициент ұсынуда.
«ХИК» пен «Астана» арасындағы ойын бүгін өтеді. Астана уақытымен сағат 22:00-де басталатын кездесуді қазақстандықтар «KazSport» арнасынан тамашалай алады. Қазақстандық клубқа жеңіс тілейміз!