Астанадағы турнирде жерлестеріміз ерледі!

Астанда ұйымдастырылған Азия аймағы бойынша іріктеу турнирінің шымылдығы жабылып, үш жерлес спортшымыз финалдық бәсекеде бағын сынады бүгін.

Әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.  

Біржан Жақыпов 49 кг салмақта жапондық Наойя Иноуимен кездесті. Бұл текетіресті жұртшылық асыға күткен еді. Себебі жеңген боксшы Лондонға жолдама алып, сол жақта елінің мерейін асыратыны белгілі болған. Ақыры не керек, тартысты бәсекеде жерлесіміз 16:11 (5:2,5:5,6:4) есебімен жеңіске жетіп, бізді қуантты. Осымен тоғызыншы қазақстандық Лондонға жолдама алып отыр (турнирде 3-ші).

Ілияс Сүлейменов өз кезегінде 52 кг салмаққа дейінгі категорияда моңғолиялық Тугстсогт Нямбайармен кездесіп, оны 18:14 (5:4,8:6,5:4) есебімен ұтты. 

Келесі шайқас Данияр Елеусіновтың кезегінде еді. 64 кг салмаққа дейінгі категорияда өнер көрсететін ол түркменстандық Сердар Құдайбердиевпен өтуге тиіс болатын. Дегенмен, қарсы тарап рингке шығып, қарасын көрсетпеді. Ақыры не керек, Данияр да алтын медальға ие болып, бүкіл халқын қуантып отыр. 

Сонымен турнир аясында Қазақстан құрамасы 3 алтынға ие болды. Сонымен қатар, осы аталған 3 жеңімпаз Лондонда еліміздің абыройын бәйгеге салатын болады. 

Жеңімпаздарды құттықтай отырып, Лондонда сәттілік тілейміз!

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/by0gu-tCjEM&feature","width":"425","height":"350"});

сурет: alasharena.kz