Астана қаласында ересектер арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды bnews.kz.
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, 2012 жылғы ел біріншілігіне барлық облыстардан, Астана мен Алматы қалаларынан және «Динамо», ЦСК спорт қоғамдарынан 179 боксшы қатысты. 8 жарыс күні ішінде Астаналық «Дәулет» спорт кешенінде 169 жекпе-жек болды.
Чемпионатқа қатысқан АИБА өкілдері ел біріншілігінің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді. Бұнымен қатар, боксшылардың шлемсіз өнер көрсетуі туралы АИБА-ның жаңа ережелерінің енгізілуі бокстың дамуы үшін өзекті саналады және спортшылардың денсаулығын қорғау мен қауіпсіздігіне кепіл беретін АИБА принциптеріне қарама-қайшы келмейді.
Сондай-ақ, АИБА өкілдері чемпионаттағы төрешіліктің жоғары деңгейін атап өтті.
Сайыс соңында чемпиондардың есімдері анықталды. Ең үздік боксшы Біржан Жақыпов атансы, ең үздік төреші Наталья Цой болды.
Бейресми командалық есепте былтырғы жылдағыдай бірінші орында Астана қаласының командасы, екінші орында Оңтүстік Қазақстан, ал үшінші орында Маңғыстау облысының командасы.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: news.astv.ru