Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) 2015 жылғы әлемдік клубтардың рейтингін шығарды. Жаңарған рейтингте ел чемпионы атанған елордалық «Астана» 66-шы орында болса, Алматының «Қайраты» 94-орынға жайғасқан.
IFFHS жариялаған жаңарған рейтингте каталондық «Барселона» 379 ұпаймен көш бастады. Екінші орында туриндік «Ювентус» болса, үштікті неапольдық «Наполи» қорытындылап тұр.
Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы клубтардың рейтингін 4 деңгейге бөліп қарастырады. Төртінші деңгейге әлемнің топ-клубтары енген. Олардың әр ресми кездесулеріне, өзге деңгей командаларынан жоғары ұпай беріледі. Толығырақ ресми сайтында жазылған ұпай беру ережесімен танысуға болады. Ал негізінен ең көп ұпайларды Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы сынды додаларда таратады.
«Астана» мен «Қайрат» 2015/2016 жылғы маусымдағы еурокубок додасында сәтті өнер көрсетті. Нәтижесінде ел футболы тарихындағы ең ірі жетістіктерін бағындырып отыр. Осыған дейін IFFHS рейтингінде қазақстандық клубтар дәл мұндай жоғары рейтингтен көрінбеген. «Астана» «Андерлеехт», «Шальке», «Валенсия», «Боруссия М», «Интер», «Галатасарай», «ЦСКА Мәскеу» клубтарының алдында тұр. Ал «Қайрат» «Бешикташ», «Алкмар», «Эвертон», «Турин», «Лион», «Рубин» клубтарынан жоғары сатыда.
Айта кетейік, кей елдерде IFFHS рейтингі маңызды саналмайды. Әсіресе неміс басылымдары IFFHS рейтингін жарияламайды да, мән де бермейді.
2015 жылғы IFFHS рейтингінің үздік ондығы:
1. «Барселона» — 379,
2. «Ювентус» — 286,
3. «Наполи» — 268,
4. «Бавария» — 263,
5. ПСЖ — 257,
6. «Реал» — 241,
7. «Индепендьенте» — 240,
8. «Фиорентина» — 236,
9. «Ривер Плейт» — 234,
10. «Вольфсбург» — 232.