«Астана» «Қайратты» күміс жүлдеден де айырды

Футболдан 2014 жылғы маусымдағы ел премьер-лигасы мәресіне жетті. «Астана» командасы ертерек чемпион атанғанмен, күміс жүлде мен премьер-лигада қалу үшін таласқан командалар тағдыры соңғы турда шешілді.

Футбол мамандары ХХХІІ турдағы «Қайрат» пен «Астана» ойынын чемпиондық атақ сарапқа салынар кездесу болуы мүмкін деп болжаған-ды. Бірақ, елордалық клуб чемпиондық мәселесін ертерек шешіп, өз тарихында алғаш рет жеңімпаз тұғырынан көрінген-ді. Станимир Стойлов командасы чемпиондық атақты жеңіп алғаннан кейін, 5 қараша күні Ақтөбеге қосалқы құраммен барды. Нәтижесінде 3:0 есебімен ұтылған-ды. Соңғы турда «Астана» Алматыға негізгі құраммен келді. Елордалық клуб үшін бұл ойынның маңызы болмаса да, «Қайрат» үшін маңызы жоғары еді. Десе де, Владимир Вайсс шәкірттері діттеген мақсаттарына қол жеткізе алмады. Патрик Твумасидың жылдам голы, Серікжан Мұжықовтың шеберлігін танытқан сәт пен алаң иелері қақпашысы Сергей Ткачуктың өрескел қателігі - қонақтарға үш гол соғуға мүмкіндік берді. Екінші таймда алаңға кірген Жерар Гоу дубль авторы атанғанмен, «Қайраттың» күміс жүлде еншілеуге мүмкіндігі болмады.  Өйткені, «Ақтөбе» Шымкентте жергілікті «Ордабасыны» 1:3 есебімен жеңіп кеткен болатын.

Саулюс Ширмялис шәкірттері төртінші орын мен Еуропа лигасына берілер жолдаманы ХХХІ турда иеленіп үлгерген-ді. Ал Владимир Газзаев командасы күміс жүлдеге қол созды. Екінші таймда бас-аяғы 18 минуттың ішінде «Ақтөбе» «Ордабасы» қақпасына үш доп тоғытты. Ал алаң иелері сапынан 87 минутта Қайрат Әшірбековтың есепті қысқартуы командасын жеңілістен құтқаруға кеш болатын. Шешуші кездесуде ширақ ойнаған «Ақтөбе» ХХІІІ ел біріншлігін күміс жүлдемен аяқтады. Қола «Қайратқа» бұйырды.

Қызылордада «Қайсар» қарағандылық «Шахтерды» жеңіп, бесінші орынмен премьер-лига ойындарын аяқтады. Ян Масло қонақтарды бірінші болып алға шығарғанмен, бірінші тайм соңына қарай ойынға араласқан Жасұлан Молдақараев екі рет пенальтиді сәтті орындап, Дмитрий Огай командасына жеңіс сыйлады.

Сонымен Еуропаның келер маусымдағы байрақты бәсекелерінде ел намысын қорғайтын клубтар анықталды. «Астана» ел чемпионы ретінде Чемпиондар лигасын іріктеу кезеңінен бастаса, «Ақтөбе», «Қайрат» және «Ордабасы» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Шымкенттік клуб Еуропа лигасы жолдамасын - ел кубогын күміс және қола жүлдені иеленген командалар финалға шығуына байланысты жеңіп алды.

Екінші алтылықтағы командалар тағдыры толықтай соңғы турда шешілді. Премьер-лигаға осы маусымда оралған семейлік «Спартак» сәтті өнер көрсете алмай, қайта бірнші лигаға қайтты. Соңғы турда Таразда ойын өткізген команда жергілікті ұжымнан 1:0 есебімен жеңіліп қалды. «Тараз» үшін бұл жеңіс аса маңызды саналғанмен, қауіпті кезеңнен алыстап кете алмады. Енді тараздық клуб бірінші лигада екінші орын алған шымкенттік «Қыранмен» қосымша ойын өткізіп, премьер-лигада қалу мәселесін шешетін болады. Бұл ойын 16 қараша күні «Астана-Арена» стадионында өтеді.

Соңғы турда «Тобыл» мен «Жетісу» өз орындарын сақтап қала білді. Қостанайлық клуб түзде «Атырауды» 0:3 есебімен ойсырата жеңсе, талдықорғандық ұжым өз алаңында «Ертісті» бір доп басымдығымен ұтты.

2014 жылғы маусымдағы ел премьер-лигасының үздік сұрмергені болып «Астана» легионері Фокси Кетевоама танылды. Ол 16 гол соғып қана қоймай, 16 рет нәтижелі пас та берген. Нәтижесінде «гол+пас» жүйесі бойынша 32 ұпай жинап, премьер-лигадағы үздік ойыншылардың бірі екенін дәлелдей білді. Екінші орынға «Атырау» футболшысы Милош Трифунович жайғасты. Легионер өзі соққан 13 голдың 7-еуін пенальтиден орындаған. Үштікті «Қайрат» шабуылшысы Жерар Гоу қорытындылады. Ол премьер-лигада 11 ойынға қатысып, 12 гол соққан. Сонымен қатар, бұл маусымда ел премьер-лигасы тарихындағы үздік сұрмерген Нұрбол Жұмасқалиев та голдарының санын арттыра түсті. ХХІІІ ел біріншілігінің қорытындысы бойынша қазақстандық футболшының еншісінде 157 гол бар.

 

Сурет: sports.kz, prosport.kz