- Негізгі бет
- Маккала
- «Астана» - «Қайрат»...
«Астана» - «Қайрат» ойыны жайлы қызықты 8 дерек
Ертең «Астана» мен Алматының «Қайрат» клубы ел Суперкубогын сарапқа салады. Назарларыңызға осы ойын алдындағы қызықты 8 деректі ұсынамыз.
«Қайрат» Суперкубокта жеңіске жетпеген
Ел футболы тарихында Суперкубок ойындары сегіз рет сарапқа салынды. Оның үшеуінде «Ақтөбе» жеңіске жетсе, екі рет «Астана» клубы жеңіс тұғырынан көрінген. Сондай-ақ, «Елім-ай», «Шахтер» және «Ордабасы» клубтары бір-бір реттен жеңімпаз атанған. Ал Алматының «Қайраты» өз тарихында Суперкубок финалына бір рет шығып, жеңіліс тапқан. Өткен маусымда Владимир Вайсс жаттықтырған клуб дәл осы «Астанаға» ойын соңындағы пенальти сериясында ұтылған болатын.
Қазақстанның «Эль-класикосы»...
«Астана» мен «Қайрат» арасындағы ойынды жанкүйерлер асыға күтетін болды. Тіпті жаңа қазақстандық нұсқадағы «Эль-класико» деп санауға болады.
Қос клуб 2010 жылдан бері өзара 21 ойын өткізген. Доп айырмасы: 37-24. 7 ойында елордалық клуб жеңіске жетсе, 7 кездесу тең аяқталған. «Қайрат» қарсыластарын 4 ойында ғана жеңген.
Екі клуб арасындағы ең ірі есеп айырмасы 2011 жылы ел кубогының 1/8 финалында тіркелген. «Астана» сол ойында алматылық клубты 6:1 есебімен ойсырата жеңген.
Ойынға өзбек төрешісі қазылық жасайды
«Астана» мен «Қайрат» арасындағы ойынға өзбек төрешісі Равшан Ирматов қазылық жасайды. Өзбекстандық төрешінің халықаралық жарыстардағы тәжірибесі жоғары. Ол 2010 және 2014 жылғы әлем чемпионатындағы ойындарға төреші болған маман.
Равшан Ирматов Қазақстанға алғаш рет ат басын бұрып отырған жоқ. Осыған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының Қырғызстан және Буркина-Фасо құрамаларына қарсы ойынына қазылық жасаған.
Қос клубта да ойнаған футболшылар
«Астана» мен «Қайратта» да ойнаған футболшылар бар. Өткен маусымда Марк Гурман мен Джордже Деспотович алматылық клубтың намысын жыртса, бұл маусымда «Астана» сапында тер төгетін болады.
«Қайрат» клубының белді ойыншыларының бірі Исламбек Қуат командаға дәл осы «Астанадан» ауысып келген болатын.
Сондай-ақ, «Астана» қақпашысы Ненад Эрич Қазақстандағы спорттық мансабын «Қайраттан» бастаған. Ал алматылық клубтағы Виталий Ли де елордалық клуб құрамында ойнаған.
«Қайрат» капитаны Бауыржан Исламхан да «Астана» сапында 7 ойын өткізіп, 1 гол соққан. Сондай-ақ, бүгінде Станимир Стойлов командасындағы белді қорғаушылардың бірі Абзал Бейсебеков «Қайрат» футбол мектебінің түлегі.
«Қайрат» Астанаға Аршавинді ала барды
Алматылық клуб пен ресейлік футболшы келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялаған жоқ. Кей бейресми ақпарат құралдары қос тараптың келісімге келгенін хабарлап үлгерді. Футболшы клуб сапында жаттығып жүр.
«Қайрат» Астанаға Аршавинді ала барғанмен, «Астанаға» қарсы ойынға қатыспайды.
Үздік сұрмерген – Танат Нөсербаев
«Астана» мен «Қайрат» клубтары арасындағы ойында ең көп гол соққан ойыншы, ол – Танат Нөсербаев. Шабуылшы қос клуб арасындағы ойында 6 гол соққан. Сергей Остапенко мен Жерар Гоу еншісінде 4 голдан бар.
Стойлов – Бородюк «текетіресі» басталады
Қос клуб арасындағы ойынға жаттықтырушылардың тигізетін әсері зор. Осыған дейін спорт сарапшылары мен жанкүйерлер Станимир Стойлов пен Владимир Вайсс арасындағы «текетіресті» талқылап келсе, енді Станимир Стойлов пен Александр Бородюктің ойын жүйелерін сөз ететін болады.
«Қайраттың» жаңа жаттықтырушысы «Астанаға» қарсы алғашқы ресми ойынын өткізеді. Ресейлік маман мен алматылық клуб бұл маусымға жоғары мақсат қойып отыр.
8 наурыз мерекесіне тарту болмақ...
Өткен маусымдағы ел Суперкубогы 1 наурыз күні сарапқа салынған болатын. Биыл арнайы 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай жоспарланып отыр. Одан өзге «Қайрат» сапындағы алғашқы ресми ойынына қатысуы мүмкін қақпашы Андрей Сидельников пен қорғаушы Лукаш Тесактың туған күні.
Міне, біз сіздермен «Астана» мен «Қайрат» арасындағы қызықты 8 деректі тізіп шықтық. Енді ертеңгі ойынды күту ғана қалды. Айтпақшы, тартысты ойынға қатысты болжам туралы айта кетуді ұмытып барады екенбіз. Әрине, жеңімпазды дөп басып айту қиын. Оның үстіне маусымдағы алғашқы ойын болғандықтан, қос клубтың қарымын бағамдау да оңай емес. Десе де букмекерлік орталықтар аз да болса «Астананы» фаворит санауда. Елордалық клубтың жеңісіне 2,5 коэффициент, тең ойынға – 3,14, «Қайрат» жеңісіне 2,68 коэффициент ұсынуда. Ал кубок иегерін анықтауда «Астанаға» 1,85 коэффициент, алматылық клубқа 1,96 коэффициент беруде.
«Астана» мен «Қайрат» арасындағы ойын ертең Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» арнасы көрсететін болады.
Ойын туралы өз ойыңызды пікір жазу алаңына айта отырыңыз. Сіздің ойыңызша, қай клуб жеңіске жетеді?
О. Сансызбай