Дубайда раллиден әлем кубогы басталды. Алғашқы этапқа отандасымыз "Астана" командасы да қатысып, өнерлерін көрсетуде. Бұл туралы massaget-ке команданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Сайыс 10 сәуірге дейін жалғасады деп жоспарланып отыр. Жерлестеріміз бұл бәсекеге жаңа автомашинамен кірісіпті. Команда пилоты Артур Ардавичус берген сұхбатында: "Бәйгедегі біздің басты мақсатымыз жаңа автомобиліміздің мүмкіншіліктеріне баға беріп, сыннан өткізу. Қарапайым тексерулермен тұлпардың қабілет-қарымы мен кемшіліктерін білу мүмкін емес. Сондықтан аламан сайыстың бұл үшін маңызы зор", - деп ниеттерін айқындап берді.
Айта кетелік, команда техникалық ақаулардың себебінен стартқа кешігіп шықты. Жанармай қысымының датчигі істен шығып, уақытында машинаны қыздыру мүмкін болмапты. Соның нәтижесінде, "астаналықтар" уақыт штрафын алып, бірінші орынға ие болу мүмкіндігінен біршама алыстап отыр.
Естеріңізге сала кетелік, Артур Ардавичус бастаған топ осы маусымдағы "Дакар" раллиінде бағын сынап, ауыр жүк машиналары класында үшінші орынға ие болған еді. Қазақстандықтар енді келесі жылы Аргентинада алты адамдық экипажбен өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
суретті "Астананың" баспасөз қызметі ұсынды