Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі үшінші ойында елордалық «Астана» түзде мадридтік «Атлетикомен» кездеседі. Азулы қарсыласқа қарсы ойынға қазақстандық клуб қосалқы құраммен аттанды.
«Атлетико» мен «Астана» арасындағы ойын 21 қазаннан 22 қазанға қараған түні өтеді. Бұл ойынға Дмитрий Шомко, Марин Аничич, Рохер Каньяс, Бауыржан Жолшиев, Танат Нөсербаев, Неманья Максимович қатыспайды. Клубтың бапкерлер қосыны негізгі құрам ойыншыларын «Қайратқа» қарсы маңызды ойынға сақтап отыр. Өйткені, бұл кездесуде чемпиондық атақ мәселесі шешілуі бек мүмкін.
Клубтың топтық кезеңге шығуына барынша үлес қосқан ойыншылардың маңызды ойынға қатыспауы өкінішті екені рас. Футболшылар үшін де Мадридте доп тебу арман болып келгенін айтпасақ та болады. Алайда Алматыда өтетін ойында «Қайратқа» есе жіберу – келер маусымда Чемпиондар лигасына қатысу «бақытынан» айыратыны тағы бар. «Қайрат» пен «Астана» арасындағы ойын 25 қазан күні өтеді. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсетілім тарататын болады.
Бас бапкер Станимир Стойлов Ненад Эрич, Георгий Жуков, Фокси Кетевоама, Серікжан Мұжықов, Евгений Постников және Елдос Ахметовке сенім артатын болады. Қазақстандық жанкүйерлер де «Астанадан» тосын сый күтетіні айтпаса да белгілі.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Астана» клубының еншісінде 1 ұпай бар. Бірінші ойында лиссабондық «Бенфикаға» есе жіберсе, «Астана Аренада» «Галатасараймен» тең ойнаған болатын.