- Негізгі бет
- Маккала
- Astana Arlans жанкүйерлері...
Astana Arlans жанкүйерлері "көше төбелесіне" қарсылығын білдірді
Қазақстандық Astana Arlans командасының жанкүйерлері Халықаралық әуесқой бокс федерациясың (AIBA) президенті Чинг Куо-Ву мырзаға ашық хат жолдады. Ашық хатта Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясындағы спортшылардың рингтегі мінез-құлқына наразы екендіктерін айтқан. Олардың айтуынша, боксшылардың көпшілігі жекпе-жекктің мәдениетін өрескел бұзуды әдетке айналдырып алған. Тіпті ұсақ ереже бұзушылық орын алса да, реферилердің оған көзін жұма қарауына жол берілмеуі керек.
Жанкүйерлердің бұндай наразылығын тудырып отырған Astana Arlans командасына ғана көрсетілген әділетсіздік емес. Мысалы, ширек финалдағы Baku Fires пен Mumbai Fighters арасындағы шайқаста бакулықтардың боксы бокс емес, көше төбелесіне ұқсап, көптеген ереже бұзушылықтар орын алса да, жеңісті қанжығасына байлап кете барды, делінеді ашық хатта.
Жанкүйерлердің бұл базынасының қазақ тіліндегі шағын аудармасын alasharena.kz сайты жариялапты. Сол аудармадан үзіндіні назарларыңызға ұсынамыз:
Құрметті, AIBA президенті Чинг Куо Ву, құрметті WSB штабы!
WSB жобасының арқасында бар әлемнің боксқа деген құштарлығы одан әрі арта түсті. Командалардың өзара сайысы әрбір көрермен үшін қызықты, ал дулығасыз (шлем) 5 раунд бойы таза, әдемі бокс көру кез келген жанкүйерге тек қуаныш сыйлайды. Біз көптеген адамдардың WSB жобасының арқасында боксты төбелесіп, бас жару деп емес, шынайы өнер деп түсінгеніне сенімдіміз! Кездесулерді теледидардан талай отбасы тамашалап жүр, ал бұрын бокста бейтаныс болып келген жандардың есімін қазір жанкүйерлер жатқа айтады.
Бүкіләлемдік бокс сериясының екінші маусымы мәресіне жақындап келеді.Бұл серия әуесқой бокстың да, кәсіпқой бокстың да туын биік ұстағанымен ерекше. WSB - дәстүрлі Олимпиадалық бокстың жалғастырушысы, сонымен қатар, әуесқой бокстан соң кәсіпқой бокста нан тапқысы келетін жандарға жол бастаған жоба.
Бокс - Қазақстандағы №1 спорт саналатындықтан, бұл жоба елімізде бірден танымалдылыққа ие болды. «Астана Арландары» сүйікті боксшылардан жасақталған сүйікті клубымызға ғана емес, Қазақстанның әлемдік брендіне айналды десек, артық айтпаймыз. Алғашқы маусымның ақтық сынына жеткен «Арландардың» биылғы мақсаттары да биік. Біз командамызға сенеміз! Алайда, бүкіләлемдік бокс сериясында бой алып бара жатқан жағымсыз тенденцияға біз көз жұма қарамаймыз.
Бүгінде WSB матчтарында боксты төбелеспен шатастырып алған жандар көбейіп кетті. Қарсылас немес қарсыластар спортқа жат, бокс ережесінен аулақ әрекеттер жасай тұра, төрешілер тарапынан ешқандай ескерту алмастан, жеңіске жетеді. Бұған келтіретін мысалдар да, өкінішке қарай, жеткілікті! Қарсылас боксшыны желке тұсынан ұру (әдейі, саналы түрде ұру), қарсыласын жарақаттау мақсатымен бастан соққы жасау, қарсыласты қансырату (біз бәріміз қансырап қалған боксшының жеңілгеніне куәміз), шынтақпен соғу, ұзаққа созылатын қапсыра құшақтауларды көріп жүрген көзде жазық жоқ.
Әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да мұндай әрекеттерге барған боксшылар жазаланады. Тіпті, ережесіз жекпе-жектің де ережесі бар. Спорттан тыс әрекеттерге ережесіз деп саналатын жекпе-жектің өзі тиым салады. Ал, WSB секілді ғаламдық жобада әдептен аттаған боксшылар неге айыпқа тартылмайды?!
Біз мұны тек қана Қазақстандық боксшыларды қорғау мақсатында айтып отырған жоқпыз. Бүкіләлемдік бокс сериясының болашағына сенгендіктен, біз басқа топтағы басқа командалардың жекпе жектерін де тамашалаймыз. Бұл бізге Youtube бейне порталындағы WSB арнасы арқылы мүмкін болып отыр. Сондай мүмкіндікті сыйлаған WSB штабына алғысымызды білдіреміз.
Сөзіміз дәлелсіз болмау үшін, мысалдар келтірелік. «Баку Фаейрс» пен «Мумбай Файтерс» арасындағы ширек финалдық сайысты қарап шығыңыздар. Бұл кездесулерді қарап отырғанда, бокс емес, құдды көше төбелесін көргендей әсер алдық. Бүкіләлемдік бокс сериясының дебютанты қарсы команданың атағынан қаймыққан жоқ. Алайда, күмәнді кездесуде Бакулық команда жеңіске жетті. Мурсалов пен Снигур арасындағы жекпе жекті ең лас кездесудің қатарына ойланбастан жатқызамыз. Бес раунд бойын тиым салынған соққылар жауған жекпе жек. Өзінің жазаланбайтынын білген «Баку Файерс» боксшысы Мурсало рингте қарсыласын алып ұрды, басынан соқты, шынтақпен қақты. Бір сөзбен айтсақ, білгенін істеді.
Тағы бір мысал. Әбдірашодов пен Валентино арасындағы жұдырықтасу. Мұндағы қателіктерді былайша тізуге болады: «СТОП» деген бұйрық естіген соң да соққы жұмсау, қол қайыру, «ашық қолғаппен» жұдырық жұмсау, арқадан итеру, шаршы алаңның арқандарына итеру.
Қанат Ислам және Младен Манев арасындағы ширек финалдық кездесу. Бұл матчта Мексикалық команданың боксшысы желке жақтан рұқсат етілмеген бірнеше соққы жасады. Мұнымен қоймай Манев күрестегі секілді қапсыра құшақтады, саналы түрде бастан соққы жасады. Бұл соққы «Астана Арландары» капитанының қабағын жарып жіберді. Бір қызығы, осыдан соң төреші Младенді айыптаған жоқ.
Біз төрешілерге қиын соғатынын жақсы түсінеміз. Бірақ, боксшылар спортқа жат әрекет жасағыны үшін жазаланбаса, төрешілерге қазылық ету одан әрі қиындай түседі. Әдейі жасалған соққылардың арты үлкен сырқатқа жалғаспасына кім кепіл?!
Ең өкініштісі, лас бокс көрсеткен спортшылардың жекпе жекте жеңімпаз болып танылатыны. Бұл сөзімізге тағы да мысал жеткілікті. Бір емес, бірнеше мәрте осындай оқиғаның куәгері болдық. «А» және «В» тобындағы командалар бізбен келіседі деген ойдамыз. Осыдан соң, төрешілер боксшыларға қалай ұпай береді деген орынды сұрақ пайда болады. Раундты қорытындысындағы ұпайды көріп, үш төрешісі үш түрлі жекпе жек көріп отыр ма деген ойда қаламыз. Мәселен, бір қазы 45:50 деп ұпай берсе, екіншісі 49: 46 деген сандарды ұсынады.
Сонымен қатар, матч кезіндегі бапкерлердің спортқа жат қылығы да бізді бей жай қалдырмады. Көптеген командалардың секунданттары шаршы алаң жанында айғайға басып отырады. Құдды халықаралық турнирде емес, жаттығу залында жүргендей. Көрерменер «Динамо Мәскеу» клубының секундаты айтқан сөздерді ұмытпаған шығар. Өйткені, олар бүкіл матч бойына даусы қарлыққанша айғайлап, боксшыға кеңес берумен болады. Оның сөздері өз боксшысына психологиялық түрде көмек болғаынмен, қарсыластың жекпе жек кезінде абдырап, ойының бөлінуіне әкеледі.
Мәселен, «сындыр оны», «ол сенен қорқады», «жіберме оны», «оған ойлануға мұрша берме», «оған демалуға мұрша берме» деген сөздердің ізгі нитпен айтылмағаны түсінікті емес пе?! Ал, спортта қарсыласын осылайша сыйламаудың құны қымбат болуы керек еді... Осындай сөздерді естіп, спорттық бәсеке емес, адам мен аң төбелесін көргендей әсер алдық. WSB сериясында, өкінішке қарай, осындай әрекеттер жазасыз қалып жатыр.
Боксшылардың шаршы алаңда бір бірінің қолын алмай, ту сыртынан соққы жасаған тұстары қаншама?! Осының барлығы басшылық назарынан тыс қалуда.
Біз әділ боксты сүйеміз! Біз соққымен ғана емес, ақылмен, тактикамен, орынды жұмсалған күшпен жеңетін боксшыларды қашанда қолдаймыз. Біз бүкіләлемдік бокс сериясының аясы кеңейе бергенін қалаймыз. Сол себепті, осындай олқылықтар шынайы тілеулес болғасын жанымызға батады. AIBA президенті Чинг Куо Ву мұндай бассыздықтарды орнына қояды деген үмітіміз бар. Бұл хатымыз жауапсыз қалмайды деген ой басым!
Ізгі ниетпен "Астана Арландары" командасының ресми фан клубы. www.astanaarlans.com
сурет: kursiv.kz