Бүкіләлемдік бокс сериясында өнер көрсететін «Астана арландары» командасы жартылай финалдың алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Бұл жолы біздің команда Мехикода жергілікті «Мехико Әтештері» командасын 3:2 есебімен тізе бүктіріді.
Шаршы алаңға бірінші болып шыққан жеңіл салмақтағы Мейірболат Тойытов алаң иесі Элиас Эмигдионы жеңіп, есеп ашты. Бірақ, қалған екі салмақта «Арландар» жеңілді.
Алдымен 61 келіге дейінгі салмақта Ержан Мүсәпіров өз қарсыласы Флоренс Норбертодан айласын асыра алмаса, біздің команданың сапындағы алғашқы ресми кездесуін өткізген Абуязит Угурчиев Марвин Кабрераға 0:3 есебімен жол берді.
85 келіде ел намысын хорватилық легионер Хрвое Сеп қорғады. Ол рингте Исаак Мунисьпен кездесіп, бірінші раундта ұтылып, қалған 2 раундты өз пайдасына шешті. Осылайша, есеп теңесті, 2:2.
Ал шешуші 5 кездесуде аса ауыр салмақтағы тағы бір хорватиялық легионеріміз Филип Хргович «Астана арландарына» жеңіс әкелді. 91 келіден ауыр салмақта жұдырықтасқан Хргович Херардо Мигелді айқын басымдылықпен ұтты.
Айта кетейік, бұл командалар арасындағы қарымта кездесу 20 сәуір күні Алматыда Almaty Towers бизнес орталығында өтетін болады.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz