«Астана» Алматыда «Қайратты» жеңді (видео)

Ел премьер-лигасының ХХХ турында елордалық «Астана» Алматыда жергілікті «Қайратты» жеңіп, чемпиондық атаққа таласты шиеленістіре түсті. Ойында қонақтарға жеңіс сыйлаған голды Танат Нөсербаев соқты.

«Қайрат» пен «Астана» арасындағы ойынның маңызы жоғары болды. Егер алматылық клуб бұл ойында жеңіске жеткенде, чемпиондық атаққа нықтап қадам жасаған болар еді. Алайда «Атлетикоға» қарсы ойынға негізгі құрамын апармаған «Астана» үлкен дайындықпен келгенін байқатты. Оның үстіне жаңа ойын жүйесін ұстануды жоспарлаған Владимир Вайсстың ойлағаны жүзеге асқан жоқ. Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат пен Жарко Марковичтің қосалқы құрамда қалуы – жанкүйерлерге аса ұнай қойған жоқ. Батори бірінші таймда-ақ алаңға шыққанмен, Исаэльдың алаңда жоқтығы байқалып тұрды.

Бірінші таймда ойын көбіне алаң ортасында өрбіді. Станимир Стойлов шәкірттері жүйелі ойынымен көзге түсті. Шабуыл шебінде Бауыржан Жолшиев пен Фокси Кетевоаманың белсенділігі байқалды. Ал «Қайрат» ойыншылары қарымта шабуылға иек артумен болды. Жылдам гол соғуға екі клуб та ұмтылды. 39 минутта Бауыржан Жолшиевтің асырған пасын Фокси Кетевоама сәтті пайдалана алмады. Ашық қақпаны дәл нысанаға ала алмады. Алайда негізгі уақытқа қосылған қосымша уақытта қонақтар есеп ашып, алға шықты.

Екінші таймда «Астана» ойыншылары жоспарлаған ойын жүйесін жүзеге асыруды қолға ала бастады. Владимир Вайсс шәкірттері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Бауыржан Исламхан, Жерар Гоу мен Сито Риелардың бағыттаған доптары өз нәтижесін берген жоқ.

75 минутта Бауыржан Исламхан есепті теңестіруге зор мүмкіндік алған. Алайда капитан өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Бас төреші ойынның негізгі уақытына 6 минут қосқанмен, таблодағы есеп өзгерген жоқ.

Екінші таймда елордалық клубтың шабуылшысы Бауыржан Жолшиев жарақат алып, орнын Абзал Бейсебековке босатты. Ал мұрнынан қан кеткен Марин Аничич ойынды 83 минуттан кейін жалғастыра алмады. Ал Владимир Вайсс қорғаушы Жарко Марковичті шабуылға шығарғанмен, нәтиже шықпады.

«Астана» маңызды ойында жеңіске жетті. Қазір екі клубтың арасын 2 ұпай ғана бөліп тұр. Десе де елордалық клуб ойыншыларының «Атыраумен» өткізетін қосымша бір ойыны барын ескерер болсақ, Станимир Стойлов шәкірттерінің чемпион атануға мол мүмкіндігі барын айта кеткен жөн. Енді екі клуб та қалған ойындарында не бел кетеді, не белбеу кетеді деп алаңға шығары сөзсіз.

«Қайрат» соңғы екі ойынын сырт алаңда «Ақтөбе» мен өз алаңында «Ордабасыға» қарсы өткізеді. Ал «Астана» болса «Атырау», «Ертіс» және «Ақтөбеге» қарсы үш ойынын да «Астана Аренада» өткізеді.

Кездесу соңынан «Астананың» бапкері Алматыға жеңіс үшін келгенін алға тартты.

- Бүгін қызықты әрі тартысты ойын өтті. Меніңше ойынды екіге бөліп қарауға болады. Бірінші таймда біз допты бақылауда ұстап, гол соқтық. Фокси өзіне берілген тамаша мүмкіндікті пайдалана алмады. Ал екінші таймда «Қайрат» жақсы ойнады. Біз ризамыз, себебі жеңіске жеттік.

Бізде әлі үш ойын бар. Менің командам чемпиондықтан әлі алыстау. Премьер-лига ойындары аяқталмай, кімнің чемпион болатынын болжау қиын. Біздің команда жоғары деңгейлі ойын көрсетуі тиіс. Егер жеңіске жетпесең, чемпион атану қайда? - деді Станимир Стойлов.

Владимир Вайсс болса ойында өз жүйесінің жүзеге аспағанын алға тартып, көп тұста қателескенін мойындады. Сондай-ақ «Астана» мен «Қайрат» ойыншыларының ұлттық құрамаға шақыру мәселесі жайлы да айта кетті.

- Маңызды ойында жеңіліс таптық. Бұл ойында 70 % чемпиондық атақ сарапқа салынды. Футболда мүмкіндіктерді пайдаланбасаң, жеңіс туралы ойлауға да болмайды. Мәселен Бауыржан Исламхан бар екі бірдей мүмкіндікті пайдалана алмады. Ал Исаэльдың ойын басында жарақат алуы – жүйені өзгертуге тура келді. Менің көзқарасым бойынша, бразилиялық ойыншы Қазақстандағы үздік ойыншылардың бірі. Ал Исламбек Қуатты алаңға шығармай қателестім. Ли үмітті ақтамады. 

- Төрешінің жұмысы жүйке жұқартады. «Астана» гол соғар алдында төреші қате шешім қабылдады. Соареш допты ұстай тұра ереже бұзған болып шықты. Қазақстандағы нөмірі бірінші төрешінің қателікке бой алдыруы қынжылтады. Көкейде сұрақтар көп.

- Мен әрқашан «Астанаға» сәттілік тілеймін. Әрине біз бұл ойында жеңіске жетуге талпындық. Чемпион атану үшін барымызды салдық. Алайда өмірде тосынсыйлар көп. Тағы бір айта кететіні, «Астана» Чемпиондар лигасына байланысты өз ойындарын кейінге бірнеше рет шегерді. Ал бізге келгенде ешкім де рұқсат берген жоқ.

- Ойында Жерар Гоу да жарақат болды. Оған алаңда Исаэль жетіспеді. Сондай-ақ Бауыржан Исламхан да ұлттық құрама сапында алған жарақатымен алаңға шықты. Ал «Астана» футболшылары ұлттық құрама сапынан демалыс алған. Олар да ұлттық құраманың ойындарына шақыртылып, ойнаулары тиіс емес пе? Бұл да ойланарлық сұрақ, - деді Владимир Вайсс.

Турнир кестесі


№  Командалар                         Ойын             Жеңіс            Тең ойын        Жеңіліс        Голдар     Ұпай  1 "Қайрат" 30 18 7 5 55-19 39 2 "Астана" 29 17 7 5 49-25 37 3  "Ақтөбе" 30 15 9 6 35-21 32 4  "Ордабасы" 30 12 10 8 32-28 29 5 "Ертіс" 30 10 10 10 37-37 25 6  "Атырау" 29 9 12 8 28-29 21
7-12 орындар


№ Командалар                         Ойын          Жеңіс          Тең ойын          Жеңіліс        Голдар       Ұпай  1 "Тобыл" 30 11 6 13 31-40 27 2  "Оқжетпес" 30 11 6 13 35-40 26 3  "Тараз" 30 10 7 13 24-29 25 4  "Шахтер" 30 8 5 17 24-46 20 5  "Жетісу" 30 6 6 18 24-45 16 6  "Қайсар" 30 4 11 15 18-33 15


ХХХ турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Атыраумен» тең ойнады. Нәтижесінде Еуропа лигасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ал шымкенттік «Ордабасы» болса Павлодарда «Ертісті» 2:1 есебімен жеңіп, Еуропа лигасына берілер жолдаманы иеленуге нықтап қадам жасады. Тіпті, шымкенттік ұжымның қола жүлдеге таласуына да мүмкіндік бар.

Екінші алтылықта «Тобыл» (Қостанай), «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Тараз» премьер-лигада қалу мүмкіндіктерін сақтап қалды. Ал қарағандылық «Шахтер», талдықорғандық «Жетісу» мен қызылордалық «Қайсар» «қауіпті аймақта» тұр. Ел премьер-лигасының тартысы соңғы турға дейін жалғасары даусыз. ХХХІ тур ойындары 31 қазан күні өтеді.

Бұл маусым ойындары нағыз тартысқа толы болуда. Алда екі тур ойындары ғана қалды. Ал сіздер қай клуб чемпион атанады деп ойлайсыздар?