Футболдан ел премьер-лигасының VII тур ойындары мәресіне жетті. Алматының «Қайраты» өз алаңында «Ақтөбені» 3:0 есебімен ұтты. Ал Андрей Аршавин клуб сапындағы алғашқы голын соқты. Назарларыңызға ойындардың нәтижелерін ұсынамыз.
Көшбасшылар тең ойнады
Турнир кестесінде көш бастап келе жатқан елордалық «Астана» мен Павлодардың «Ертіс» клубы тең ойнады. Павлодарда өткен ойында 2:2 есебі тіркелді. Бірінші болып 2 минутта алаң иелері сапынан Елдос Ахметов есеп ашса, араға 4 минут сала Джордже Деспотович таразы басын теңестірді. 27 минутта Серікжан Мұжықов «Астананы» алға шығарды. Алайда 58 минутта Карлос Фонсеканың соққан голы есепті 2:2-ге жеткізді. Нәтижесінде Станимир Стойлов жаттықтыратын елордалық клуб маусымда алғаш рет тең ойнады.
Тимощук те «Қайраттағы» бірінші голын соқты
Кахабер Цхедадзе жаттықтыратын алматылық клуб бірінші тайм соңында сәтті өнер көрсетті. 42 минутта Жарко Маркович есеп ашса, араға бірнеше минут сала Андрей Аршавин «Қайраттағы» алғашқы голын соғып, жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Екінші таймда «Ақтөбе» алға ұмтылғанмен, есеп айырмасын қысқарта алмады. Керісінше, қосымша уақытта Анатолий Тимощук команданың үшінші голын соқты. Сондай-ақ, 3 жылдан астам уақыт ресми ойындарда гол соқпай келген антирекордын бұзды. Ол соңғы рет мюнхендік «Бавария» клубында жүргенде гол соққан.
«Шахтер» алғаш рет жеңіске жетті
Қарағандының «Шахтер» клубы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. «Кеншілер» Оралда жергілікті «Ақжайықты» ұтты. Ойында қонақтарға жеңіс сыйлаған голды Андрей Финонченко соқты.
«Оқжетпес» қатарынан бесінші жеңісін тойлады
Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы маусымды өте сәтті бастады. Владимир Мұқанов жаттықтыратын клуб VII турда Шымкенттің «Ордабасы» клубын ұтты. «Астана Аренада» өткен ойында көкшетаулық клуб қарсыластар қақпасына 2 гол соқты. Біріншісін 3 минутта қақпашы Сергей Бойченконың қателігінен кейін Жасұлан Молдақараев соқса, екіншісін араға 1 минут сала Олександр Чижов өз еншісіне жазды. Нәтижесінде «Оқжетпес» бесінші ойын қатарынан жеңіске жетіп отыр.
«Тобыл» жеңісті уысынан шығарып алды
Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» клубын екі доп айырмасымен жеңіп тұрып, тең ойнап қалды. Рауль Джалиловтың екі голы алаң иелерін алға шығарғанмен, екінші тайм басында Душан Савич пен Бауыржан Тұрысбек таразы басын теңестіріп, командасын жеңілістен аман алып қалды.
Сондай-ақ, «Тараз» бен «Атырау» да тең ойнады. Қос клуб арасындағы ойында есеп ашылмады.
VII тур қорытындысы бойынша 19 ұпаймен «Астана» көш бастап келеді. Екінші орында «Ертіс» болса (17 ұпай), «Оқжетпес» 16 ұпаймен үшінші орында келеді.
Турнир кестесі
№ Командалар Ойын Жеңіс Тең ойын Жеңіліс Голдар саны Ұпай 1