"Арсенал" қысқы аралықты жеңімпаз ретінде аяқтады. Енді Арсен Венгердің қол астындағы шәкірттер ерте көктемге дайындалуда. Дәл сол аралықта кәрі құрлықтың ең ірі додасы, ішкі біріншілік, кубок жолындағы тартыстар басталады. Ең қызығы сол...
Арсен Венгер өз командасының жыл басындағы қарқынын төмендетіп алғанын айтқан болатын. Білікті француз маманы "кононирлердің" шабысын үдете түспесе, ізімен келе жатқан "Ман Сити", "Челси" командалары өкшелеп жетуі мүмкін. Ол үшін қай айлаға жүгінген дұрыс?
Уолкотт жарақатына байланысты жарты маусым алаңға шыға алмайтын болды. Тіптен, Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына қатысу құқығынан айырылды десе де болады. Өз жарақатының соншалық асқынарын қайдан білсін, бірақ, соған қарамастан ол ұлттық құрамасын емес, өз командасын ойлағандықтан болуы керек, дәрігерлер жарақаты тез айығып келе жатқанын жеткізуде...
"Кононирлер" 21 ойынның қорытындысы бойынша 48 ұпаймен бірінші орында тұр. Тәлімгерлердің аяқ алысы жаман емес, тек өткір шабуыл шебіне жаңа ойыншы алуы қажет. Бұл тұста мадридтік "Реалда" бағы жанбай жүрген Кәрімнің аты аталады. Шыққан тегі алжирлік өрен "Арсеналға" қуана-қуана ауысып келіп, талантын таныта алар еді. Өйткені, "корольдік клуб" сапында жұлдызы бір жанбай қойды. Жалпы алғанда, сол футбол оған жат екен.
Диего Костаны. Бразилия мен Испанияның ортасында басы дауға қалған адуын мінезді шабуылшы қарсылас қақпасынан саңылау іздеуде алдына жан салмайды. Әр ойында командаластарының намысын қайрап, сенімін серт қылып алып шығатын шебер ойыншылардың бірі. Бағасы да Арсен Венгерге ауырлық қылмас.
"Арсенал" өткен жылғы мәнерінен алшақтап, ойын мен есепті қатар алып жүруге көшті. Бұрындары әдемі ойын өрнегімен аяқтары аспаннан келіп, ойламаған жерден ұпай жоғалтып жатушы еді. Дегенмен, Венгердің қол астындағы нояндар қазіргі уақыттың үніне құлақ түріп, қулыққа көшкендей сыңай қалдырады. Неге десеңіз, маусым бойында "Арсенал" қарсыласын жарты алаңнан аттап бастыртпай, допты көп ұстап, өзінің жылдам ойын үлгісімен қажет добын қажет уақытында соғып алып, орта бөлікте қақпан құрып жататын болды...
Анчилотти ақыры мойындады. Озилдің "Реалдан" кеткені жанкүйерлерге, жалпы ұжымға ауыр тиіп жатыр екен. Енді неміс футболшысы секілді орталықта еркін көсілетін ойыншы жоқ көрінеді. Иско балаңдығына байланысты қосалқы құрамда қалуда, Бензаманы орталыққа түсіруден нәтиже болмауда, Модрич қамал бұзуда жақсы болғанмен, ойынды алып жүруда шалт кететін сәттері кездеседі.
Жоқтан барды жасап үйренген Венгер Уолкоттың орнын Гнабриге тапсыруына әбден болады. Өткен жолы (кубок аясында) өкпесін қос қолын ала жүгірген жас француз тапсырманы тыңғылықты атқарды десек, қателеспейміз. Осы бастан үйренісіп алса, ертеңгі күні команда жүгі бір теңге болса да жеңілдей түсер еді.
"Арсенал" тарихта бұрын-соңды болмаған азулы қарсыласпен бақ сынасайын деп жатыр. Ол - Мюнхеннің "Бавариясы". Пеп Гвардиоланың нөкерлері өткен жылы жарты әлемді жаулап алуымен қоймай, осы жылы да айды аспаннан шығармақ ниетте. Кіл ығай мен сығайдан құрылған ұжым алдынан шыққанын аямауда...
Трансферлік аралықта "кононирлер" Гюндоганды сатып ала алады. Білікті ойыншы өткен маусымда дортмундық оркестрдің басты орындаушыларының біріне айналған-ды. Осы жылы ғана жарақатана байланысты көп уақытын еммен өткізіп жүр. Жуырда ғана бір сөзінде Англияға қоныс аударып қалуын жоққа шығармапты. Демек, қырағы Венгер осы жолы қапы қалмауыс тиіс. "Ескі дұшпан атыспаққа жақсы"- дегендей, Илкайды сатып алса, Рибери бастаған, Роббен қостаған "неміс машинасының" осал жерін табуға мүмкіндік ашыла түсер еді.
Венгер әр тарапқа қарайлай бермей, өзіне бастысын шешіп алса дұрыс болар, бәлкім. Қай биіктен көрінгісі келсе, сол биіктен көрінуге мүмкіндік бар. Тек тәлімгерлерін соңынан дұрыс ертіп жүре алса болғаны. АПЛ-да осы жылы үздіктердің қатарынан көрінбек түгілі, чемпион болып кетуі ғажап емес. Испан футболынан өртеніп келген Моур мен ашық футболға иек артқан Пеллегрини Арсеннен артық айлалы бола алмас. Содан болса керсек, құрлықтың таласынан бас тартып, ішкі таласқа мән бергені дұрыс деп ойлап қаласың.
"Арсенал" байырғы күшін қайтаруда. Бір-екі маусымда толыққанды еңсесін көтеріп, есін жинап алмақ. Бір жағынан, Озил келгелі, Фламини қайта оралғалы бұл командаға қарайлайтын ойыншылар көбеюде. "Арсеналдың" ойын философиясы Еуропаның жасы мен кәрісіне бірдей ұнауы тиіс.
"Аузы күйген үріп ішеді" - демекші, Арсенге көп тәлімінің бірі көрсететін кез келді. Сантиге сенім сыйласа, Томашқа тізгін тартуды бұйырса, Вермалинге сақ қимылдауға тапсырма жүктесе, Подольскиге өткір шабуыл өтінде сенім артса- Арсеннің "Арсеналын" галактикалық ұжымға айналуға бір табан жақын.
Ұзақ уақыт бойы бір терінің пұшпағын илеп, иін қандырып, өндіріске салатын зауыттар болады. "Арсенал" да сол секілді. Олар қанша жерден жеңіліп жатсын, есе жіберіп қойсын, бәрібір де жұрт оларды жақсы көруін тоқтатқан емес. Қай ойында болмасын, оларды мақтан тұтуын жалғастыра беруде. Бұл тұста негізсіз де емес. Себебі, олар көпшіліктің көңілінен шығатын футбол алып жүруге үйір. Себебі, олар алаңнан шыққалы тұрған допты ойынға қайтаратын, жұрттың мерейін асқақтатудан мерейленетін жандар.
Футболда бәрі жеңіспен өлшенбейді. Футбол әлемінде жоқ болып кететін ұжымдар бар. Өйткені, бақай есеп пен жүлде үшін ойнайтын командаларды тарих тез ұмытады. Тарих "Арсенал" секілді көштің сәнін келтіріп, футболға көрік беріп жүрген ұжымдарды жадында берік ұстайды...
Автор: Әкежан Дәкен
сурет: readfootball.com