Әне-міне дегенше қысқы Олимпиада ойындары да келіп жетті. Бағы мен бабы келіскен спортшылар Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласын бетке алды. Бір айта кететіні, төртжылдықтың басты додасына жолдама алудың өзі оңай емес, спортшы өміріндегі бір жетістік деп бағалауға болады. Қазақстан тәуелсіз ел болып қысқы Олимпиада ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Алты Олимпиадада алған олжамыз 1 алтын 3 күміс 3 қола медаль. Бұл жайында осыған дейін де жаза кеткенбіз. Алда жетінші Олимпиадамыз күтіп тұр. Қазақ халқы 7 санын қасиет тұтқан. Жетінші қысқы Олимпиадамызда айдарымыздан жел еспесіне кім кепіл?! Осыған дейін 7 медаль иеленсек, Пхенчханда 7 медаль алып жатсақ... Қандай керемет, ә? Сенім артар спортшыларымыз бар. Бірақ шетелдік спорт сарапшылары қазақстандық спортшылардың сенсация жасарына сенбейді... Расымен солай ма? Танымал Gracenote статистикалық агентігі Қазақстан құрамасы Пхенчханда бір ғана қола алады деп болжам жасады. Оны могулшы Дмитрий Рейхерд иеленетінін де айтты. Ал ізін ала АҚШ-тың Associated Press (AP) басылымы да өз болжамдарын ұсынды. Тіпті барлық спорт түрі бойынша кімдердің жеңімпаз атанатынына дейін тізіп шыққан. Олар болжаған жүлдегерлер тізімінде де қазақстандық спортшылар қатарынан Дмитрий Рейхерд ғана бар. 29 жастағы қазақстандық спортшы Пхенчханда төртінші рет Олимпида ойындарына қатысады. 2006 жылы Туринде (Италия) 33-ші, 2010 жылы Ванкуверде 18-ші, 2014 жылы Сочиде өткен ақ Олимпиадада 5-орын алды. Оңтүстік Кореяда нағыз тәжірибесі толысып, жүлде алар шағы келгендей-ақ. Дмитрий Рейхерд биылғы әлем кубогы кезеңдерін сәтті өткізді десек болады. Рука (Финляндия), Тэйву (Қытай), Дер Вэлли (АҚШ) мен Калгариде (Канада) өткен кезеңдерінде 2-орын алды. Трембландағы (Канада) соңғы кезеңде 3-орынға тұрақтады. Ал басты қарсыласы канадалық Майкл Кингсбери. Ол осы маусымдағы әлем кубогының алты кезеңінде топ жарды. Тек соңғы Трембландағы жарыста ғана жапон Икума Хорисимаға жол беріп, 2-орын алды. АР болжамы бойынша могулдан Кингсбери алтын алады. Ал күмісті аустралиялық Мэтт Грэхам еншілейді деп болжап отыр. Бұл спортшы осы маусымдағы әлем кубогында Дмитрийден жоғары нәтиже көрсете қойған жоқ. Соңғы Олимпиадамыз Сочиде бұйырған бір қоланы мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен еншіледі. Спорт жанкүйерлері Пхенчханда да спортшыдан жүлде күтеді. Әйтсе де отандасымыз дәл қазір нағыз бабында ма? Тамыз айында алған жарақаты спортшыға ауыр соқты. Сауыққанмен спорттық бабына толықтай келіп үлгермегендей. Сондықтан кей спорт сарапшылары Денисті үздік үштікке қосып отырған жоқ. Олай болса отандық спорт саласындағы мамандар не дейді? Нұрғазы Сасаев, Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының вице-президенті Қазақстан саңлақтары... жүлдесіз қайтпаулары керек! Біздің спортшылар 2018 жылғы Ақ Олимпиададан жүлдесіз қайтса, ұят болады! Онда қысқы спортымыздың бір орында тұралап қалғаны, десек те болар. Бүгінде Қазақ елінде спорт саласына ерекше көңіл бөлініп, барлық жағдай жасалып отыр. Тіпті кейбір спортшыларымыз жекелеген бағдарлама бойынша дайындалады.Халықаралық додалардың бәріне дерлік барады. Қазақша айтқанда, үлде мен бүлдеге орапотырмыз. Тәжірибелері де толысты. Енді, қайтарымы болу керек қой. Ел сенімін ақтау керек... Абылайдың асында шаппағанда... демекші, Олимпиада ойындарында шаппағанда, қашан шабады?! Оның үстіне, Ресейдің ең үздік спортшылары 2018 жылғы қысқы Олаимпиада ойындарынан шеттетілді. Бұл дегеніңіз бірнеше спорт түрінде жүлдеден үмітті спортшылар саны азая түсті деген сөз. Мәселен, шаңғы жарысынан, конькимен жүгіруден, биатлоннан, шорт-тректен біздің спортшыларымыздың бәсекелестері селдіреп, небір дүлдүлдер тыс қалды... Фристайл спортының могул жаттығуындағы Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд спорттық баптарына келді, шеберліктері шыңдалып, тәжірибелері толысты. Тек төрешілер аяқтан шалмаса болды... Жүлдесіз қайтпаулары керек. Алтынмен апталса да, таң қалмаймыз. Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тенге де айрықша сенім артамыз. Кореяда төрешілер бағын байлай қоймас деген үмітіміз де бар. Шаңғышы Алексей Полторанин осы Олимпиадада жүлдеге ілікпесе, сенімді ақтамаса, онда неше жылғы еңбек пен қыруар қаржының еш болғаны... Биатлоншы қызымыз Галина Вишневская да жүлдеге ілігіп жатса, ешкім де таңдана қоймас. Абзал Әжғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев бастаған шорттрекшілеріміз, сондай-ақ фристайл спортының акробатика жаттығуындағы Жанбота Алдабергенова қарындасымыздың бақтары жанып, жүлдеге іліксе екен деп тілейміз және армандаймыз. Иә, 2018 жылғы Ақ Олимпиададан жүлде күтеміз. Бұдан да жаман кезімізде тойға барғанбыз демекші, бұдан да жаман кезімізде жүлде алғанбыз (Ванкувер-2010, Сочи-2014). Әрі бұл жолы бір жүлдемен ғана шектелмейміз деп те ойлаймыз... Есей Жеңісұлы, спорт шолушысы - Барлық қазақ жанкүйерлері секілді бұл ақ Олимпиададан менің де күтер үмітім зор. Өйткені, біз сонау 1998 жылғы Нагано Олимпиадасынан бері қысқы спорт түрлерінен жүлде күтпей үйреніп қалғандаймыз. Сол жылы Смирновтың бір жүлде алатыны ғана байқалып тұрғандай еді. КСРО мектебінің соңғы тұяқ серпуі сияқты көрінген. Сол кезде Смирнов алды. Күтпеген жерден Прокашева жүлдегер атанды. Хоккейшілеріміздің ондыққа кіруінің өзі үлкен нәтиже болды. Бірақ содан кейін Солт-Лейк Сити Олимпиадасы болсын, Турин болсын, Ванкувер болсын, тіпті күні кешегі Сочи Олимпиадасы болсын, соның бәрі қазақтың қысқы спорт мектебінің қалыптасуындағы өтпелі кезең болды деп есептеймін. 2010 жылы Ванкуверде Елена Хрусталева күміс медаль жеңіп алды. Оның өзі спорттың қазаққа деген мейірімі секілді көрінеді. Жазғы Олимпиадада күтпеген бір чемпион шығып отырады. Сол сияқты Еленаның да жетістігі күтпеген жақсы жаңалық болды. Сочиде Полтораниннен күттік, Денис Теннен күттік, онда фавориттер аса көп болған жоқ. Денис қана үмітімізді ақтай алды. Бірақ біздің спортшылар сәтсіз өнер көрсеткен жоқ. Галышеваның 7-орны, Алдабергенованың 6-орны... осындай жақсы нәтижелер болды. Ертеңгі Пеншан Олимпиадасы қазақ спортында кімнің кім екенін таразылап беретін дода секілді көрініп тұр. Бұл жолы Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Жанбота Алдабергенова, Галина Вишневская, Денис Тен, Алексей Полторанин сияқты өз бағдарламаларында үздік сегіздікке ене алатын спортшыларды жіберіп отырмыз. Осы ақ Олимпиада Сочи жетістігін қайталаса, одан қандай да бір медаль түрін артық алса, үлкен жетістік деп есептеген болар едім. Әрине, болжауға оңай. Бәрін жарыс жолы көрсетеді Жандос Айтбайұлы, спорт шолушысы, Хабар арнасының комментаторы - Соңғы екі Олимпиадада бір медальмен қайттық. Осы жолы медаль саны көбірек болады деген ойдамын. 5-6 деп артық айтпай-ақ қояйын, кем дегенде 2-3 жүлде болса керек. Юлия Сочиде жүлде алған-ақ еді. Төрешілер ұрлап десек болады. Үштікке кіріп-ақ тұрған еді. Осы жолы қарыздарын қайтарар. Сондықтан фристайлдан бір медаль болуы керек. Сосын Полтораниннің дайындығына жұмсаған қаржымыз баршылық. Сочиде жүлделі орыннан көріне алмады. Осы жолы ол жүлде алуы керек. Кейде күтпеген жүлде де болады. Төрт жыл бұрын шорт-трекшілеріміз финалға шығады деп кім ойлаған? Одан бергі аралықта олар да шыңдалды. Негізгі үмітім Полторанин және фристайл спорты. Әсіресе фристайлда төрешілер төрт жыл бұрынғыдай жұмыс жасайтын болса, екі спортшымызға жүлде бере қоюуы қиын. Жеңіп тұрғанын біле тұра аяқтан шалғанын да көрдік. Төрешілер әділ болып, екеуі де жүлделі орыннан көрінсе, қанекей?! Ғабит Сапарбеков, Оңтүстік Қазақстан газетінің спорт шолушысы - Мен Қазақстан құрамасы екі медаль еншілейді деп ойлаймын. Қысқы спортта қандай да бір болжам айту қиын. Спортшының бабы келіссе де, қандай да бір сәтсіздіктер болуы мүмкін. Ауа райы, мұз айдынның сапасы, желдің әсері, тағы басқалары спортшыға әсер етеді. Соның салдарынан құлап қалады, өз ойлағанын жүзеге асыра алмай жатады. Мен сол фристайл түрлерінен жүлде күтемін. Акробатика түрінен қатысатын спортшыларға сенім артып отырғандар аз. Жанботаны жүлдеден бірден-бір үміткер санаймын. Одан өзге Полторанин, Рейхерд пен Галышевадан да жүлде күтемін. Бек Төлеуов, спорт шолушысы - Қысқы Олимпиадада жүлдені күреп алып жүрген жоқпыз. Кем дегенде бір жүлде боларына сенемін. Допингке байланысты бұл Олимпиадаға біраз спортшылар қатыспайды да. Сондықтан кей спорттық сайыстардан бәсеке аздау болады деп ойлаймын. Үздік бестікке кіретін спортшыларымыз көбірек болады. Басты үмітім Юлия Галышевада. Дмитрий Рейхерд та жүлделі орыннан көрінуі керек. Бір айта кететіні, фристайлдың могул сынында спортшыларға ғана байланысты емес, төрешілерге де байланысты. Олардың субьективті пікірі маңызды рөл ойнайды. Юлия күміс не қола медаль алуы мүмкін. Конькиден үмітіміз аз секілді. Сочиден үміт күттірген Денис Кузин үздік бестікке де ене алмады. Бұл жолы Полтораниннен де жүлде күткендер көп. Өз басым қазақстандық шаңғышының жүлде орыннан көрінуі қиындау деп ойлаймын. Мәнерлеп сырғанаудан алғаш рет үш спортшымыз қатысқалы отыр. Бірақ, Элизабет ересектер арасында әлі де шыңдалу керек. Денис Тен бұрынғыдай бабында емес. Сондықтан жүлде алуы қиын. Барлық спортшыларымызға сәттілік тілеймін. Дана Қасенова, Алматы қ, Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы - Фристайлдан Юлия Галышевадан жүлде күтемін. Төрешілер бұра тартпаса отандасымыз жүлделі орыннан басты үміттілердің бірі. Дмитрий Рейхерд те жүлделі орыннан көрінсе деймін. Бұл Олимпиадаға кіл мықтылар қатысады. Кейбірі осыған дейінгі халықаралық жарыстарда, әлем кубогы кезеңдерінде бар күшін сала да қойған жоқ. Шорт-тректен Абзал мен Нұрбергенге сенім артамын. Денис Теннің жүлделі орыннан көрінуі қиын. Ондыққа енсе қуансақ болады. Жарақатынан кейінгі жарыстарда бабын байқата алмай келеді. Жанбота Алдабергенова да үздік бестікке кіреді деп ойлаймын. Негізі барлық спортшыларға сәттілік тілеймін. Спортшының жарыстағы басты үміті, ол - сәттілік. Сәттілік серік болып, бәрінің жүлделі болғанын қалаймын. Арнат Байсейітов, Алматы арнасының журналисті -Ақ Олимпиадаға қатысты Қазақстан құрамасының мүмкіншілігі жайында сарапшылар қазақ елінің қоржыны бос қайтады немесе ары кеткенде 1 қола алады деп болжам жасап жатыр. Мен бұл пікірлермен келісе алмайды екенмін. Себебі, соңғы уақытта қысқы спорт түрлерінен қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүргені баршаға мәлім. Мен нақты үш спортшы медальмен қайтатынына сенімдімін. Олардың бірі - Жанбота Алдабергенова. Шымкенттік арудың қазір нағыз жалындап тұрған шағы. Меніңше Жанботаға қарсылас болса Қытай спортшылары ғана болады. Еуропа Кубоктарынан жүлдесіз қайтпаған Жанбота бұл жолы да әнұранды шырқатады деген сенім мол. Ал, қазақстандық фристайлшы Дмитрий Рейхердтың соңғы нәтижелерін алып қарайтын болсақ жүлдеге ілінуі мүмкін. Себебі, ол биылғы жылдың өзінде Еуропа Кубогында нәтижелі екінші орынды иеленді. Мүмкін көпшілік менің пікіріммен келіспес, десе де Абзал Әжғалиев кем дегенде қола алады. 25 жасар спортшы 2017 жылды жақсы аяқтады. Минскте өткен Әлем Кубогында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұлардан бөлек Полторанин мен Галышева да бабында. Не десекте XXIII Олимпиада ойындарынан қоржынымыз бос қайтпайтыны анық. P.S Қысқы Олимпиада мен жазғы Олимпиададағы жетістігіміз салыстыруға келмейді. Оның себебі де көп. Ең бастысы - Пхенчхандағы додада отандастарымыздан жарқын жеңіс күтеміз. Дәл осы Олимпиадаға тәжірибесі толысқан, жастық жалыны бар, жеңіске деген жігері мол спортшыларымыз қатыспақ. Кемінде болмаса да, тегінде құралақан қайтпас... Спортшыларымызға сәттілік пен жарқын жеңіс тілейміз!