7-8 мамыр күндері Алматыда белдесуден Халық барысы турнирі өтеді. Биыл бұл жарыс тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Осы жарыс жайында Қазақстан барысы қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев мырзамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. - Қазақ күресінен жыл сайын барыстарды анықтап жүрсіздер. Биыл бұл қатар Халық барысымен толықты. Астана қаласында арнайы баспасөз мәслихатын өткіздіңіздер. Бұл жайында біз де жазыпсүйінші сұрағанбыз. Осы жарыс жайында өз аузыңыздан естісек. Жалпы биыл қазақ күресінен қанша барыс турнирі өтеді? - Халық барысы қазақ күресінің бір тармағы болып саналатын белдесуден өтеді. Киім үлгісі, ережесі де басқа. Бұл бұрын Балуан Шолақ, Қажымұқан бабаларымыз күрескен күрес үлгісі десек болады. Онда жерге қолың немесе тізең тисе жеңілген болып саналасың. Сондықтан белдесу 99 пайыз әділ өтеді деп ойлаймын. Бұл жарыс 7-8 мамыр күні Алматыда өтеді. Ал Қазақстан барысы биыл 9-шы рет жеңімпазын анықтайды. Шілде айының басында Астана қаласында болады. Қыркүйек айында Еуразия барысын ұйымдастырамыз. Құрамалар арасындағы сайыс Талдықорғанда өтеді. Желтоқсан айының бірінші жұлдызында Алматыдағы Алматы Арена кешенінде Әлем барысы халықаралық турнирі болады. Бұл жарысты және Халық барысын Алматы қаласының әкімдігі қолдап отыр. Алғысымды білдіремін. - Астанадағы баспасөз кезінде Ақпарат барысы жайлы да айтып қалдыңыз. Журналистер арасындағы бұл турнир биыл өте ме? - Биыл жазда өткізетін болсақ, уақыт аз болады деп айтып жатқан әріптестерім бар. Өзіміздің саламызда жүрген мүйізі қарағайдай ағаларымызбен ақылдасып, редакторлармен кеңесіп, бір шешімін шығаратын боламыз. Екі-үш жұманың ішінде ресми хабарын айтамыз. Биыл болса биыл, болмаса келер жылы. Сондай-ақ қазақ күресінен бе, әлде белдесуден өткіземіз бе? Осыны да анықтап алу керек. 8 мамырдағы Халық барысының нәтижесіне қарай, бір тоқтамға келеміз деп ойлаймын. Себебі белдесу болса, көп шынығу да қажет емес. Ережесі де түсінікті. Сондықтан белдесу болуы да мүмкін. - Биыл Еуропа барысы да өтеді деп бір сұхбатыңыздан оқыдық. Бұл жарыс қандай форматта болады? - Бұл жарысты да ұйымдастыру жоспарымызда бар. Халықаралық қазақ күресі федерациясы құрылғаннан бері Энергетика министрі Қанат Бозымбаев басшылыққа алғалы шет елдерде жарыстар ұйымдастырып келеміз. Биыл Тбилисиде Еуропа чемпионатын өткіземіз. Күзде Қытай Халық Республикасында Азия чемпионатын ұйымдастырамыз. Қазір Халықаралық жобаларымыз көбейіп жатыр. Сондықтан Еуропа барысы болсын, Азия барысы болсын, болашақта болатын додалар. - Халық барысына қайта оралсақ. Жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Жеңімпаз бен жүлдегерлер қанша сыйақы алады? - Жеңімпаз кемінде 20 миллионның 3/2 бөлігін алады. Қалғаны өзге жүлдегерлерге табысталады. Бұл жүлде қорынан өзге де жүлделер болады деп ойлаймын. Қазір кәсіпкерлер хабарласып, жүлде тігуге ниет білдіруде. - Халық барысына қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткерлер немесе облыстық республикалық жарыстарда жүлде алып жүрген, Қазақстан барысының іріктеуінен өте алмай жүрген балуандар қатыса ма? Сондай-ақ өзге спорт түрінен спорт шеберлері қатыса ала ма? - Қазақстан барысына қатысқан балуандар Халық барысына қатыспайды. Бұған қарапайым халық, кәсіби емес, әуесқой балуандар қатысады деп жоспарладық. Аудандық, облыстық жарыстарда жүлде алып жүрген әуесқой балуандарға қатысуына болады. Өзге спорт түрінен бақ сынайтын спортшылардың да қатысуына мүмкіндігі бар. - Белдесу қазақ күресінің бір тармағы деп айтып жүрсіз. Бір жылдары қазақ күресін белдесу деп те айтайық деген пікірлер болды. Бұл тақырып әлі де өзекті ме? - Иә, әлі де өзекті. Қазақ күресі деген атау Кеңес үкіметі тұсында пайда болған. Бұрын қазақ күресі, өзбек күресі деген болған жоқ. Көшпенділер арасында бір күрес болғаны белгілі. Самбоның өзін түркі күрестерінің әдістерінен құралған деп айтуға болады. Егер біз күресімізді шетелде дамытайын десек, Олимпиадаға енгізейік десек, қазақ күресі деген атау келмейді. Кей халықтар жақтырмауы мүмкін. Сондықтан қазақ күресін белдесу деп атасақ болады. Оған ешкім қарсы бола қоймас. Бәрімізге ортақ атау болуға жарайтын секілді. Татарларға да, қырғыздарға да, америкалықтарға да түсінікті болады деп ойлаймын. Қысқа да, нұсқа да келеді. Айтуға оңай, тіліңді сындырмайды. Болашақта белдесу деп неге атамасқа?, - дейді Арман Шораев мырза. Айта кетейік, белдесу күресінде үш ғана нәтиже болады: жеңіс, жеңіліс және итжығыс. Балуандар тік тұрып күреседі. Белбеуден жоғары ұстайды, төмен ұстауға болмайды. Жауырыны ғана емес, тізесі, шынтағы, қолы жерге тисе, ол балуан жеңілген болып саналады. Құласа да, жығылса да, жеңілген болып есептеледі. Ауырту, тұншықтыру әдістерін қолдануға болмайды. Белдесу уақыты 5 минут. Жеңіске жеткенін анықтау мүмкін болмаса, қосымша үш минут беріледі. Егер мұнда да екі балуан тең түссе, яғни бірін-бірі ала алмаса, онда екеуі де таразыға тартылып, салмағы жеңілдеуі жеңіске жеткен болып саналады. Күреске икеміңіз болып, белдесуде бақ сынағыңыз келсе Халық барысы турниріне қатысыңыз!