Қазақ ережесіз жекпе-жек шебері Арман Сұңқар Оспанов 30 маусым күні Мәскеуде өтетін ACBJJ 14 турнирінде бақ сынайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Арманның қарсыласы шешен спортшысы Адлан Батаев. Жекпе-жек 75 кг дейінгі салмақта грепплинг ережесі бойынша өтеді. Кимоносыз (сырт киім) 5 минуттан 3 раунд шайқасады. Кездесу жайлы Alash Pride FC президенті Данияр Қасқарауовтан арнайы пікірін сұраған болатынбыз. - 30 маусым Мәскеуде тамаша жарыс өтеді. Ол кеште танымал спортшылар бақ сынайды. Арман Оспанов грепплинг ережесі бойынша ресейлік спортшы Адлан Батаевпен кездеседі. Бізге ұсыныс келіп түсті. Қабыл алдық. Гонорары да жақсы. Арман тұрып жүріп ұрыс салуда мықты. Грепплингте де тәжірибе жинағаны жөн-ақ. Бір жағынан спорттық қызығушылық та, - деді Данияр мырза. Адлан Батаев ережесіз жекпе-жекте танымал спортшылардың бірі. АСВ аясында 10 кездесу өткізіп, 9-да жеңген. 2017 жылдың мамыр айында Марат Балаевпен чемпиондық жекпе-жек өткізіп, төрешілер шешімімен ұтылған болатын. Арман Оспанов болса осыған дейін АСВ ұйымы аясында 3 жекпе-жек (бәрі де ММА ережесі бойынша) өткізді. АСВ 61 турнирінде жапон Таичи Накажиманы нокаутпен ұтты. 2017 жылдың қыркүйек айында Алматыда АСВ 69 турнирінің басты жекпе-жегінде бақ сынап, бразилиялық Тиаго Сильваға есе жіберіп алды. Желтоқсан айында ресейлік Александр Полпудниковке қарсы кездесуде қарсыласына төрешілер шешімімен жол берді. Бұл жекпе-жекте Арман жеңіле қоймаған. Тіпті ұйым басшысының өзі қазақстандық спортшы жеңіске жеткенін мойындаған-ды. Қазақстандық спортшы наурыз айында АСВ ұйымымен тағы 4 жекпе-жек өткізуге келісімшартқа қол қойған болатын. Алғашқы жекпе-жегі 5 мамырға жоспарланған еді. Алайда Арманның бұл шайқасы өткен жоқ. Кездесуге бір сағаттай уақыт қалғанда қарсыласы Акоп Степанян денсаулығы сыр бергенін айтып, жекпе-жекке шығудан бас тартты.