- Негізгі бет
- Маккала
- "Арландар" мен "Найзағайлар"...
"Арландар" мен "Найзағайлар" жекпе-жегінің үздік көріністері (Фото)
"Астана арландары" командасы әлемдік сериясы аясында Италияның «Italia Thunder» командасымен кездесіп, 3-2 есебімен жеңіске жетті. Алғашқы 49 келі жекпе-жекте бауырымыз Теміртас Жүсіпов италиялық Барнс те Конландқа есе жіберіп алды. Дегенмен ұпай санымен ғана ұтылды. Айта кетсек, Барнс те Конланд бұған дейін Олимпиада ойындарында екі мәрте қола жүлдегер атанған азулы боксшы.
56 келі салмақ санатында шаршы алаңға көтерілген жерлесіміз Қайрат Ерғалиев тағы бір ирландық Майкл Джон Конланмен қолғап түйістірді. Кездесудің 4-раунды тартысты өтті.
Алайда 5-ші раундтың бел ортасында қазақстандық боксшының сол қабағы жарылып, жекпе-жек тоқтатылды.
Бокс тоқтатылуынан-ақ қазақстандық бокс жанкүйерлерінің өзегін өкініш өртеген-ді. Бірақ жекпе-жекті жіті бақылауда ұстаған төрешілер жеңісті Қайрат бауырымызға берді. Өйткені 4 раунд бойы Қайрат қарсыласынан ұпай саны есебімен басым түскен еді.
Жанкүйерлер ерекше қолдау білдірді. Балуан Шолақ спорт кешенінің төріне батырларымыз "Ауған" соғысы ардагерлері де келіп, саңлақтарымызға демеу беріп, қолдау көрсетті.
Үшінші болып шаршы алаңға көтерілген 64 келі салмақ санатындағы жерлесіміз Асхат Уәлиханов шаршы алаңда тамаша өнер көрсеткенімен, қарсыласы Винченцо Мангиакапреге есеге жіберді.
Ал 75 келі салмақ санатында шаршы алаңда өзін еркін ұстай білген Мейірім Нұрсұлтанов италиялық Рафаэль Мунноның қарсылық танытуына еш мүмкіндік бермеді.
Жерлесіміз Мейірімнің жеңісінен кейін командалық есеп 2-2 болып тең түсті. Ендігі үміт тек Василийде болды. 91 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан жерлесіміз алғашқы раундтан-ақ қарсыласын ауыр соққылардың астына алып, шаршы алаңдағы тынысын алғашқы 3 минутта-ақ тарылтты десек, артық емес. Өйткені екінші раундта италиялық одан әрі жекпе-жекті жалғастырудан бас тартқан болатын.
Осылайша, Астананың арландары азулы қарсыластарын осымен 7-мәрте жерге қаратып отыр.
«Астана арландарының» келесі кездесуі Венесуэла төрінде 7 наурызда өтпек.
Сурет: ©massaget.kz
Е. Қанатбек