8 желтоқсан күні Алматының «Достық» спорт кешенінде WSB сериясында еліміздің намысын қорғап жүрген «Астана Арланс» командасы «Британия Арыстандарын» қабылдайтын болады. «В» тобына түскен қос қарсылас бүгінде екі жеңістен кейін топтың көшін жеке-дара бастап келеді. WSB сериясының үшінші маусымында қосылған «British Lionhearts» командасы бүгінде бұл серияның ең мықты командаларының бірі. Алдағы жекпе-жекте кім жеңетінін әрине, уақыт көрсетеді. Ал қазір сіздерді 8 желтоқсан күні рингке шығатын жұптармен таныстыра кетсек.
54 келі: Мирас Жақыпов - Джамаль Яфаи (Ұлыбритания)
Яфаи үшін Алматыдағы жекпе-жек WSB сериясындағы алғашқы кездесу болады. Ал Мирас бұл сериядағы алғашқы жекпе-жегін «Украина атамандарына» қарсы өткізген болатын. Бирмингем қаласынан шыққан Джамаль Яфаи ағасы Халид Яфаимен бірге 2009 жылдан бастап ұлттық құрамаға шақырту алып келеді. Бокспен ерте жасынан бастап айналысқан Яфаи алғашқы үлкен жетістігіне 16 жасында қол жеткізеді. 2010 жылғы Бакуде өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатының жүлдегері. Сонымен қатар сол жылғы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері. Кештің бірінші жекпе-жегі болғандықтан, бұл кездесуде мамандардың айтуынша, Мирас жеңіске жетеді екен. Оқиғаның алдына түсіп жүгірмейік. Әліптің артын бағып, жеңімпазды кездесу аяқталған соң анықтаймыз.
61 келі: Ержан Мүсәпіров - Джош Тэйлор (Ұлыбритания)
Ұлыбритания жерінде өз салмағының нөмірі бірінші боксшысы саналатын Тэйлор үшін де Ержанмен өткізетін кездесу әуесқой рингтағы алғашқы жекпе-жегі болмақ. Шотландия мен Ұлыбританияның чемпионы Джош осы уақытқа дейін бірнеше дүбірлі додада топ жарған. 2011 жылы Бакуде өткен Әлем біріншілігінде қазақстандық боксшы Данияр Елексіновтен жеңілген. Өз кезегінде Ержан бұл жүйеде бірнеше кездесу өткізген. Сондықтан алдағы жекпе-жекте Мүсәпіров тәжірибесінің арқасында Джош Тэйлорды жеңеді деген үміттеміз.
73 келі: Константин Снигур (Израиль) - Адриани Вастин (Франция)
Адриани Вастин былтыр Париж командасының сапында тіркелген. Бірақ WSB сериясында бірде-бір жекпе-жек өткізбеген. Ал «Арландар» үшін алғашқы кездесуін өткізетін Константин Снигур былтыр бірнеше кездесу өткізіп, мол тәжірибе жинақтап үлгерген. Дегенмен бұл кездесуде ұлыбританиялық команда сапында Астон Браун виза мәселесін шешіп үлгерсе, біз Снигур-Браун арасындағы жекпе-жекті тамашалап қалуымыз мүмкін.
85 келі: Айнар Карлсон (Эстония) - Бабакар Камара (Швеция)
Эстонияның бес дүркін чемпионы, Еуропа біріншілігінің жүлдегері Айнар Карлсон сенбі күні әуесқой рингтағы алғашқы кездесуін өткізбек. Оның қарсыласы Бабакар Камарада 8 желтоқсан күні «Британ арыстандары» сапында алғаш рет рингке көтерілмек. Қазақстандық команданың эстониялық легионері кездесуге тас-түйін дайын. Сондықтан алдағы кездесуде Айнар жанкүйерлерді жеңісімен қуантады деген сенімдеміз.
+91 келі: Филипп Хргович (Хорватия) - Мохаммед Арджауи (Марокко)
Сенбі күні өтетін бокс кешін аса ауыр салмақтағы боксшылар аяқтайды. Ұлыбританиялық команда сапынан бұл кездесуге мароккалық боксшы Мохаммед Арджауи шықса, «Арландардың» қатарынан шаршы алаңға былтырғы жылғы WSB сериясының ауыр салмақтағы чемпионы Филипп Хргович шықпақ. Мохаммед былтыр Los Angeles Matadors сапында жүргенде біздің Руслан Мырсатаевпен жұдырықтасып, жеңіліп қалған болатын. Сондықтан да алдағы кездесуде мароккалық жігіт есе қайтаруға тырысады. Ал Хргович үшінші маусымда әлі жеңілген жоқ. Сондықтан сенбілік бокс кешіне бұл боксшылар тамаша нүкте қоятыны сөзсіз.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz