Қазақстандық бокссүйер қауым үшін жақсы жаңалығымыз бар. Иә, иә, сөзімізден байқағаныңыздай біздің жігіттер бір ұпай айырмашылықпен жеңісті мексикандық боксшылардан жұлып алған болатын.
«Астана арландары» елорда төрінде Мексика елінің «Mexico City Guerreros» клубын қабылдап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. "Дәулет" спорт сарайында өткен тартысты доданың бірінші кездесуінде салмақ дәрежесі 54 келіге дейінгі Хабиболла Исмаил-Ахунов пен мексикандық Елиас Емигдио жұдырақтасты. Осы кездесуде біздің спортшы жеңіске жете алмады. Жеңіске деген ұмтылысы боксшымыздың көзінен анық байқалғанымен, Хабиболла дегеніне жетпеді. Алайда,"арланның" шаршы алаңда көрсеткен өнері тәп-тәуір еді. Бірақ, Елиас жеңісті оңай бергісі келмейтін, нағыз ер жүрек екен. Негізі кездесуде екі спортшы тең өнер көрсеткенімен, бес раундтың қорытынды нәтижесі бойынша жеңіс қонаққа берілді.
61 келі салмақ дәрежеде Мерей Ақшалов пен Ангел Гутиеррес айқасты. Мерей Хабиболланың ала алмаған жеңісіне қол жеткізіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Қолы ұзын Мерей қарсыласын алыстан нық соққылармен ұрғыштап, қонақты өзіне жақындатпады. Дегенмен, Ангел да дем бермеді. Бірақ, бұл жолы жеңіс Мерейге бұйырды.
Рустам Сыбаев пен мексикандық клуб өкілі украиналық Дмитрий Митрофанов 73 келі салмақ дәрежеде өнер көрсетті. Екі спортшы арасында өткен кездесу өте тартысты өтті. 5 раунд бойы бір-біріне аяусыз соққы жаудырған боксшыларға тек жеңіс керек еді. Бұл кездесуде тактикалық жоспарды екі боксшы да ұстанбағанымен, әр раундта шаршы алаңдағы жағдай қыза түскен. Бірақ, бұл шайқаста Рустамның соққыларынан Дмитрийдікі тиімді болды.
Астаналық "арландардың" сапысында өнер көрсетіп жатқан Рамжон Ахметов Кеннеди Катантемен сынға түсті. 85 келі салмақ дәрежесіндегі екі боксшының соққылары тактикаға толы болды. Бұл жолы Рамжан арақашықтықты сақтап, соққы жіберуге мүмкін болған сәттерді тиімді пайдаланды. Жанкүйерлердің қошеметтерінен қолдау алып, жеңіске қарай бет бұрды. Жеңіс біздікі.
Екі клуб арасындағы қарымта кездесу Мексикада 9 наурыз күні өтпек. Бұл жолы да былғары қолғап шеберлеріміз жеңіске жететініне кәміл сенеміз.
Сурет Tengrinews.kz
Форумда талқылау