Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) бақ сынап жатқан қазақстандық «Astana Arlans» клубы жартылай финалдағы кездесуін Астана қаласында өткізетін болды. Осыған дейінгі топтық кезеңдегі кездесулерін Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында өткізіп келген еді.
«Astana Arlans» топтық кезеңдегі 14 кездесудің 13-інде басым түсіп, біреуінде ұтылып қалды. 70 жекпе-жектің 56-сында жеңіске жетіп, 14-інде жеңіліске ұшырады. Әрине, нәтиже жоғары екені көзге байқалып-ақ тұр. Бірақ, «А» тобында Кубаның «Cuba Domadores» клубы отандастарымыздан да жоғары нәтижемен топтық кезеңді аяқтады. Олар топтық кезеңдегі 14 кездесудің бәрін де қарсыластарынан басым түсті. Осы 14 кездесудегі 70 жекпе-жектің 63-інде жеңіске жетіп, тек жетеуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татты.
«Astana Arlans» пен «Cuba Domadores» WSB жобасының жартылай финалына тікелей жолдама алды. Ал бірінші ширек финалдық кездесу 6-7 мамыр күндері Әзірбайжанда өтеді. Онда «Azerbaijan Baku Fires» клубы «Mexico Guerreros» боксшылары арасында өтсе, екінші ширек финалдық кездесу «Russian boxing team» және «Italia Thunder» клубтары арасында өтеді. Бірінші кездесуде жеңіске жеткен ұжым «Cuba Domadores» клубына қарсылас атанса, «Astana Arlans» екінші ширек финалдық кездесудің жеңімпазымен кездеседі.
Ширек финал мен жартылай финалда клубтар екі күн ішінде 10 боксшысын шаршы алаңға шығарады. «Astana Arlans» жартылай финалдағы кездесуін 23-24 мамыр күндері Астанада өткізетін болды. Егер жартылай финалдағы осы кездесу тең аяқталса, қосымша жекпе-жек 91 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар нәтижесімен шешіледі. Ал бұл салмақта қазақстандық клуб сапында Василий Левит қана бар. Сондықтан да Марат Жақиев командасы қосымша кездесуге жетпей жеңісті иеленуі тиіс.