- Негізгі бет
- Маккала
- «Арландар» жаңа маусымдағы...
«Арландар» жаңа маусымдағы құрамын жариялады
Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» клубының VII маусымдағы құрамы белгілі болды. Жаңа маусымдағы негізгі құрамға 20 боксшы еніп отыр.
«WSB» жобасының 2017 жылғы маусымы ақпан айында басталады. Қатысушы командалар орналасқан құрлықтары бойынша төрт-төрттен америкалық, еуропалық және азиялық болып үш топқа (жобаға барлығы 12 команда қатысады) бөлінді. «Astana Arlans» топта «China Dragons» (Қытай), «Uzbek Tigers» (Өзбекстан) және «Russian Boxing Team» (Ресей) командаларымен бірге бақ сынайды.
Командада Нұрлан Ақүрпеков аға жаттықтырушы қызметінде қалды. Ал ұлттық құрама жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов кеңесші ретінде өз көмек қолын созатын болады. Сондай-ақ командада Нұркен Андасов, Ермек Ертаев пен Болат Жұмаділов секілді тәжірибелі жаттықтырушылар қызмет жасайтын болады.
«Astana Arlans» командасының жаңа құрамы ел чемпионатында көзге түскен боксшылардан жасақталған. Алғашқы оқу-жаттығу жиындарын Алматы облысындағы «AIBA» академиясында бастайды. Қаңтар айында боксшылары медициналық тексеруден өтіп, келісімшарттарға қол қоятын болады.
10 салмақ дәрежесі бойынша 20 боксшы негізгі құрамға еніп отыр. 17 боксшы қосалқы құрамда бар. Олай болса жаңа маусымдағы «Astana Arlans» командасының құрамымен таныс бола отырыңыздар.
49 кг: Теміртас Жүсіпов , Ермек Мадиев;
52 кг: Олжас Сәттібаев, Әнуар Мұзапаров;
56 кг: Ілияс Сүлейменов, Жанболат Қыдырбаев;
60 кг: Зәкір Сафиуллин, Мирасәлі Сәрсенов;
64 кг: Ділмұрат Мижитов, Мақсат Жексенбі;
69 кг: Асланбек Шымбергенов, Қанағат Маралов;
75 кг: Ерік Әлжанов, Сапарбай Айдаров;
81 кг: Нұрдәулет Жарманов, Арман Рысбек;
91 кг: Антон Пинчук, Мұхамеджан Еркін;
+91 кг: Олжас Боқаев, Дмитрий Зиско.
Салмақ дәрежелері жылдағыдай С1 және С2 топтарына бөлінеді. С1 тобында: 49 кг, 56 кг, 64 кг, 75 кг және 91 кг салмақ дәрежелеріндегі боксшылар болады. С2 тобына: 52 кг, 60 кг, 69 кг, 81 кг және +91 кг салмақ дәрежелері енеді.
Қазақстандық клуб жаңа маусымдағы алғашқы кездесуін Ресейдің «Russian Boxing Team» командасына қарсы өткізеді. Бұл кездесу ақпан айына жоспарланған. Ал елімізде өтетін жекпе-жектері Талдықорған, Атырау мен Тараз қалаларында өтеді деп күтілуде.
Айта кетейік, «Astana Arlans» «WSB» жобасындағы ең табысты командалардың бірі.
О. Сансызбай