Жаңа маусымда АПЛ өз ішінде қызу таласқа айналайын деп тұр. Сақадай-сай командалар ұпай жинауда шашау шығармасы анық. Сонымен, ағылшын біріншілігіне кімдер келді?
Ағылшын біріншілігіне Жозу Моуринью келді. "Корольдік клубқа" басы сыймаған бас бапкер лондондық "Челсиге" қайта оралған болатын. Фергюсон кеткенімен, Жозе келді деп айтуға әбден болар. Венгер бапкер маусымның бас жүлдесіне таласта португалдық маманның да ықыласы барын, мүмкіндігінің әлдеқайда жоғары екендігін жеткізген-ді. Өз кезегінде, Жозе де лондондық "ақсүйектерге" ел чемпиондығын қайта алып берем дегендей емеурін танытты.
Андре Шюррле, «Генк» сапынан қайта оралған Кевин Де Брёйне, "Анжиден" келген Виллиан, Самюэль Это’о секілді ойыншылар енді Роман Абромовичтің командасын өрге сүйремек. Кіл мықтыдан құралған ұжым кәрі құрлықтың ең ірі додасына түседі.
Кейінгі кезекте, "Манчестер Сити" айтылады. Мартин Демичелис (Атлетико Мадрид), Фернандиньо (Шахтёр), Хесус Навас (Севилья), Стеван Йоветич (Фиорентина), Альваро Негредо (Севилья) сияқты өзіндік ойнау стилі қалыптасқан мықты ойыншылар Пеллегрини бапкердің ойластырған жоспарын жүзеге асырып көрмек. Қосалқы құрамының өзі жұлдыздан құралған клубқа еуропалықтар бәс тігуде.
Лондондық "Арсенал" трансфердің соңғы күнінде Месут Озилді сатып алды. Тегі түрік жігіті қатарға қосыла салысымен, ежелгі әдетіне салып, шабуыл шебіне пас асыру қызметіне көшті. Арсен Венгердің көптен армандап жүрген жоспары орындалған сияқты. Бағаланбаған жартылай қорғаушы "канонирлердің" бағасын асырып көреді. Буыны қатып, сай-сүйегі бекіп үлгерген жас жұлдыздар Еуропа алаңдарында шаң шығарып көрмек.
Брендан Роджерс тамыз айының ең үздік бапкері атанып отыр. Яго Аспас, Луис Альберто, Коло Туре, Симон Миньоле, Энди Кэрролл, Джей Спиринг секілді кіл серкелерді алғызған маман бар білігін жаңа маусымда байқап көрмек. Ірі додаларға қол жеткізе алмаған ағылшын алпауытының қайта жарқылдар сәті туғандай. Сәттілік пен мүмкіндіктерді мүлт жібрмей жатса, Стивен Джидің командасы біраз жерге шаппақ.
Роберто Сольдадо, Кристиан Эриксен, Паулиньо, Эрик Ламелалар Андре Виллаш-Боаш жаттықтыратын "Тоттенхэм" командасы жеңіске тура қадам бастамақ. Негізгі құрамға таластың нағыз қызығы енді орнамақ. Гарет Бэйлді 100 млн еуроға сатқан басшылық керек уақытында талантты фуболшыларға құда түсті. Трансферде аты шыққан команда Еуропаның шыңын бағындырып көрмек...
Автор: Фараби Арыстанбек
Сурет: armsport.am