Анна Нұрмұхамбетова – Азия чемпионы!

Анна Нұрмұхамбетова – Азия чемпионы!

Елордамыз Астана қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын жүлде келіп түсті. Алтын жүлдені қоржынымызға салған – Анна Нұрмұхамбетова.  

75 келідегі бұл әйелдер арасындағы жарысқа 10 бірдей зілтемірші қатысты. Оның ішінде біздің Анастасия Швабауэр мен Анна Нұрмұхамбетова да болды.

Бірінші жаттығу, яғни жұлқа көтеру барысында алтын медаль үшін басты таласты жүргізеді деп жоспарлаған солтүстік кореялық зілтемірші Ким Лин Джу мен кореялық Парк Хигджин үш мүмкіндігінде де 113 келі тартатын зілтемірді көтере алмай, қос сайыс бойынша жүлделі орыннан құр қалды. Есесіне, Анна Нұрмағамбетова 113 келіні басынан асыра көтеріп, жұлқа көтеруді бірінші орынмен аяқтады. Ал екінші отандасымыз Анастасия Швабауэр 98 келімен бірінші жаттығуды бесінші орынмен қорытындылады.

Екінші жаттығу барысында Аннаның басты қарсыластары жоқ болғандықтан, ол тәуекелге бармай 130 келімен бастап, бұл салмақты оңай алды. Екінші мүмкіндігінде 135 келіні де бағындырған. Дегенмен, үшінші мүмкіндігінде 137 келіге шамасы жетпеді. Бірақ бұл Нұрмұхамбетованың қоссайыс бойынша чемпион атануына кедергі болмады. Қоссайыс бойынша екінші орынды тайпейлік Ванг Иа-джен алды. Оның көрсеткіші – 231 келі. Үшінші орын алған қытайлық Лин Тингтангта 231 келіні көтерген еді. Дегенмен, оның тайпейлік зілтеміршіден салмағы ауыр болғандықтан, үшінші орынға тұрақтады.

«Негізгі мақсатымыз – екінші орын алу болған еді. Дегенмен, жұлқа көтеру жаттығуын сәтті аяқтаған соң, алтын медаль алуға болатынын сездік. Бұл жеңісімді Қазақстан ауыр атлетика федерациясының 75 жылдығына арнағым келеді. Сондай-ақ «Сарыарқа» спорт кешеніне жиналған жанүйерлерге рақметімді білдіремін», - дейді Анна жарыс аяқталған соң тілшілерге. 

Бұл салмақтағы біздің екінші отандасымыз Анастасия Швабауэр серпе көтеруде 120 келіні көтерді. Ал жалпы қоссайыс бойынша 218 келімен ол бесінші орынға орналасты.

Айта кетейікк, бұл Қазақстан құрамасының қоржынына түскен үшінші медаль. Ертеректе, 66 келі салмақта Фархад Харки күміс алса, 85 келідегі зілтеміршіміз Евгений Эвстафьев қола алған болатын. 

Астанадан: Уалихан Қосанбай

Сурет: Уалихан Қосанбай

Ю. НИКУЛЛИН