Америкада футбол ойнап, білім алу қаншалықты мүмкін?

Америкада футбол ойнап, білім алу қаншалықты мүмкін?
Фото: unsplash.com

Кей бала кішкентайынан доп қуалап, өскенде футболшы болуды армандайтыны анық. Алайда өмір жолы әр қилы. Бірі жарақатына байланысты, енді біреуі арманымен ерте қоштасады.

Дегенмен "екі қоянды бір оқпен атып алуға" болатынын білесіз бе? Футбол ойнап, білім алуға қалай қарайсыз? Соңғы уақытта доппен достасқан аяқдопшылардың мұхит асып, Америкаға білім алуға келгендердің саны артып келеді. Қазірдің өзінде университет құрамалары мен АҚШ-тың әуесқой лигаларынада біршама қазақ балалары доп теуіп жүр. Қостанайлық "Тобылдың" түлегі, Азамат Исмағұлов есімді жас футболшымыз АҚШ-тың төртінші лигасындағы "Western Nevada FC" командасында өнер көрсетсе, Алматыдағы жастар футбол мектебінің ойыншысы Константин Хан Bethesda жоғары оқу орнында оқып, әрі университет құрамасында доп тебеді. Мұндай мысалдар жетерлік.

Америкада студенттер спортының өте жоғары деңгейде дамығанын бүкіл әлем мойындады. Қайбір жылдары студенттерден құралған командалар АҚШ-тың атынан олимпиада ойындарында бақ сынаған болатын. Сол себепті, студенттер спортының деңгейі төмен десеңіз - қателескеніңіз.

Америкада футбол спорттың өзге түрлері: баскетбол, регби, бейсбол секілді халық арасында аса танымал емес. Дегенмен соңғы 4-5 жылда құрама штаттарда аяқдоп өнеріне деген қызығушылық артып келеді. Қомақты қаржы құйылып, инвестиция тартылып жатыр. Әлемге танымал футбол жұлдыздары АҚШ-қа доп тебуге ойланбай келеді. 

Студенттер лигасы MLS (Жоғарғы футбол дивизионы) емес. Не дегенмен әуесқойлар доп тебетін лигадан кәсіпқой командаға ауысу қиын шаруа. Алайда бұл - Америка емес пе! Бекерге "армандар мен мүмкіндіктер отаны" демейді. Өзіңді өзгелерге дәлелдей білсең, түбінде жетістікке жетесің.

Сонымен, бір жағынан сүйікті ісіңізбен айналысып, екінші жағынан білім алу үшін не істеу қажет?

1. Білім алуға ынтаңыз болу керек. Спорт пен сабақты қатар алып, білім қууға тырысыңыз. 

2. Ағылшын тілін үйреніңіз. Мұхит асудағы басты талап - тіл білу.

3. Жоғарғы оқу орнын таңдаудан қателеспеу. Өзіңізге қажетті жоғарғы оқу орнын таңдап, байланысыңыз. Бапкерлермен хабарласып, өзіңіздің талантыңызды дәлелдеу үшін видео түсіріңіз. Сіздің ойыныңызға қарап шақырту жіберуі қажет.

4. Өміріңізді өзгертуге, жақындарыңыздан жырақта жүруге дайын болыңыз.

Massaget