Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын елордалық «Astana Arlans» командасының үстінен бұрынғы боксшылар мен жаттықтырушылардан арыз түскені туралы хабарланған еді. Бүгін «Астана» президенттік клубының атқарушы директоры Аманбек Кульчиков осы іске қатысты ресми мәлімдеме жасады.
- Команда жалақы мен сыйақыға байланысты келісім бойынша ешкімге қарыз емес. Тіпті жаңа маусымның қаражатын жоспарлап қойғанбыз. Боксшыларды ынталандыру барысында арнайы сыйақылар беру қарастырылған.
Ал арыздың түскені рас. Бірақ, ол енді 25 ақпанда қаралатын болады. Шағымның не үшін түскені туралы көпшілік қазір қате пікірде. 2015 жылы WSB тарапынан ақша аударылғаны шындық. Бірақ, бұл ақшалар боксшылар мен бапкерлердің сыйақысы үшін аударылған жоқ. Бір мысал. Өткен жылы «Астана» футбол клубы Еуропада жақсы ойнап, УЕФА-дан тәп-тәуір сыйақы алды. Алайда, ол сыйақы футболшыларға берілген жоқ. Футболшылар тек келісімшарт бойынша сыйақыларын алды. Ал, «Astana Arlans» боксшылары мен жаттықтырушыларында ондай келісімшарт жоқ. WSB ұйымының ешбір құжатында да сыйақы боксшыларға берілу керек деген бөлім жоқ. Өткен жылы команда қаржылық қиындыққа тап болды. Сол уақытта сыйақыны пайдаландық. Боксшылар мен бапкерлердің айлықтарын толық бердік. Қазір олардың алдында біздің қарызымыз жоқ, - деді Аманбек Кульчиков.
- Біз еліміздің абыройын асқақтатып, намысын қорғаған жігіттердің еңбегін ескерусіз қалдырудан, оларға қарсы келуден, сыйақыларынан айырудан аулақпыз. Қай уақытта болса да жанкүйерлер түсінбестік танытпау үшін ашық жауап беруге дайынбыз. Барлығы да келісімшарт бойынша жүзеге асқан, - деп жалғады сөзін.
Айта кетейік, Бүкіләлемдік бокс сериясының бесінші маусымында жеңіске жеткені үшін AIBA сыйақы ретінде команданың есебіне 400 мың доллар аударған. Бірақ бұл қаржы боксшыларға да, жаттықтырушыларға жетпеген-міс. Сондықтан да сол кезде өнер көрсеткен команда мүшелері сотқа арыз берген. Қазір бұл іс Астана қаласының Есіл аудандық сотында қаралып жатыр.
Арыз берушілердің қатарында 24 адам бар. Аталған боксшылардың барлығы да сыйақыдан бөлек, моральды шығын ретінде 200 мың теңге қосып беруін талап етіп отыр екен.