Ресейде өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алғандар анықталды. Ширек финалда жұдырықтасқан жеті боксшымыздың алтауы алтынға бір қадам жақындай түсті.
Қазақстан құрамасынан рингке бірінші болып Сәкен Бибосынов шықты. 52 келіге дейінгі салмақта ол армениялық Артур Оганесянды төрешілердің бөлек шешімімен жеңіп, жартылай финалға шықты.
57 келідегі Қайрат Ералиев, 1/4 финалда өзбек боксшысынан ұтылып, жарыстан шығып қалды. Екінші раундта жарақатынан салдарынан жекпе-жекті тоқтатып, 1:4 есебімен жеңіліс тапты.
75 келіге дейінгі салмақтағы Тұрсынбай Құлахмет төрешілер шешімімен армениялық Арман Дарчиняннан басым болды.
91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Василий Левит төрешілердің бөлек шешімімен иорданиялық Хуссейн Яшаишті жеңді.
Абылайхан Жүсіпов қазақ боксының салмағы саналатын 69 келіде Доминикан Республикасының өкілі Роан Поланконы еш қиындықсыз ұтты.
81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Бекзат Нұрдәулетов түрік боксшысы Байран Малканға еш мүмкіндік қалдырмады. Үшінші раундта нокдаунға да жіберді.
Ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев 91 келіден жоғары салмақта неміс боксшысы Нелфи Тиафаканнан 5:0 есебімен айласын асырды.
Жартылай финалдағы қазақстандық боксшылардың қарсыластары:
52 келі. Сәкен Бибосынов — Амит Пангхал (Үндістан)
69 келі. Абылайхан Жүсіпов — Андрей Замковой (Ресей)
75 келі. Тұрсынбай Құлахмет — Эумир Марсиаль (Филиппин)
81 келі. Бекзат Нұрдәулетов — Хулио Ла Крус (Куба)
91 келі. Василий Левит — Хулио Кастильо (Эквадор)
+91 келі. Қамшыбек Қоңқабаев — Джустис Хуни (Аустралия)
1/2 финалға жолдама алған боксшылар саны бойынша Қазақстан көш бастап тұр. Екінші орынға жарыс жолын бес спортшысы жалғастыратын Өзбекстан жайғасты. Үздік үштікті Англия (4 боксшы) түйіндеп тұр. Куба мен Ресейде — үш боксшыдан қалды. Жартылай финалда Үнді елінің екі спортшысы сынға түседі. Франция, Бразилия, Болгария, Армения, АҚШ, Филиппины, Эквадор, Аустралия мен Моңғолияда бір боксшыдан бар.