Цюрих қаласында Астана уақытымен сағат 23:30-да "Алтын допты" салтанатты табыстау кеші өтеді. Ала доптың басы қасында жүрген мықтылар арнаулы сыйлықты Роналду немесе Рибери, не болмаса Мессиге табыс етуі мүмкін...
Үшеуі де өз командаларын өрге сүйреп жүрген жандар және шеберлік турасында талас тудырмайтын тісқаққан ойыншылар саналады. Рибери өткен маусымның барлық жүлдесін алды. Ол қатарда, кәрі құрлықтың ең айтулы додасы, ел біріншілігі, неміс кубогі, клубтар арасындағы әлем чемпионаты - бар болғаны осылар ғана. Португалдық сұрмергеннің нәтижелілігі еріксіз көңіл қуантады. Мадридтік "Реал" сапында да, ұлттық құрама қатарында да. Месси жарақатына байланысты жарты маусым алаңға шыға алмады демесеңіз, "блаугарана" намысын көңіл қуантарлықтай қорғап келді.
"Бавария" сапында Риберимен тең түсетін ойыншылар көп, бірақ, әлемде ол біреу ғана. Зизудың уақытында аты шығып, футбол әлемінде өз орнын қалаған ойыншы аз жылда "Баварияның" мықтыларының біріне айналып үлгерді. Бәзбіреулер "Баварияның" Риберисіз де үлкен жетістікке жете алатынын меңзейді. Солай да шығар, бірақ, Рибери болмаса Чемпиондар Лигасының жартылай финалында "Барселонаның" ойыншыларынан сәт сайын допты кім тартып алар еді, не болмаса финалда "Боруссия" қақпасына жалғыз голдың соғылуына кім мұрындық болар еді?! Осы турасында ойланып көрдіңіз бе?! Бірнеше маусымның емес, бір маусымның жетістігін алар болсақ, онда француз ойыншысына тең келетін ойыншы жоқ. Тек, клубтық тұрғыдан ғана емес, ұлттық құрама сапында да атқарған еңбегі орасан. Франция құрамасының уысынан шыққалы тұрған жолдасын соңғы сәтте сақтап қалуға тырысқаны ел есінен шыға қоймады.
Франк Рибериді «Алтын допқа» лайық емес деп санайтындар, футболшының командаластары Арьен Роббен және Томас Мюллермен салыстыра қарайды. Үш футболшының да өткен маусымдағы голдары мен пастары шамалас. Үш футболшы да командаға бірдей пайдасын тигізген. «Бавария» командалық ойынымен ерекшеленеді. Осыны басты назарға ала отырып, Риберидің шешуші кездесулерде де көзге түспейтінін алға тартады. Криштиану Роналду мен Лионель Месси маңызды кездесулерде командасын алға сүйрей біледі. Ал Рибери мұндай қабілетке аса құштар емес, немесе ие емес. Өткен Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінде Томас Мюллер мергендігімен танылса, финалда Арьен Роббен көрсеткіш бойынша Рибериден басымдау түскен. Сонымен қатар ұлттық құрамада «Жеңілмейтін Армада» елінің құрамасымен бақ сынаған Франция топтан шыға алмай плей-офф кезеңіне өтті. Висенте дель Боске командасына қарсы кездесуде Рибери өзіне берілген мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Ал плей-оффтың алғашқы кездесуінің өзінде Украинаға есе жіберіп жағдайларын қиындатып алды. Сонымен қатар, Рибериді «Алтын допқа» лайық емес деп ойлайтындар, жеткен жетістіктерін командалық ойынмен байланыстырады. Мәселен 2010 жылы Уэсли Снейдер «Интер» командасымен бірге футболшы қол созатын бірнеше мәртебелі атақтарды иеленді. Дегенмен сол жылы бұл атақ Мессиге бұйырған болатын. Тіпті футболшы алғашқы үштікке де ілінбеген еді. Соңғы сұхбаттарында Риберидің «Бұл атаққа мен лайықтымын. Менің әйелім «Алтын допқа» үйден орын да дайындап қойды. Жарым және командаластарым менің жеңетініме сенімді» деуінің өзі бұл атаққа лайықты футболшының көзқарасы емес. Бұл Риберидің «Алтын допқа» лайық емес деп айтатындардың пікірі ғана...
Өз еліне жолдама алып берген тағы бір ойыншы бар. Ол - Роналду. Шведтерге қарсы ойында Португалияның еңсесін көтерген ойыншы бүгінде бүкіл әлемнің сүйіспеншілігіне оранып үлгерді. Роналдусыз "Реалды", Роналдусыз Португалия құрамасын көз алдыңызға елестете көріңізші?! Бастысы, бұл ойыншының маңыздылығы және нәтижелілік тұрғысында көшбасшылығы. Сосын, Роналдудың кез келген клубта ойнай алатын қайталанбас даралығы. Ол өз мүмкіндігін өзі жасауға тырысады. Жоқ жерден гол соғуға тырысатын шабуылшы.
Месси жарты маусым жарақатына байланысты алаңға шыға алмай келді. Көпшілік қуанышына орай, жуырда ғана келіп қосылды. Аргентиналық талантты барлық уақыттың үздік ойыншылырының қатарына қосады. Сөзсіз, солай екені рас. Бұрыш қапталдан доп алып, Месси секілді орталыққа ойысып, өткір шабуыл өтіне бір демде шығатын ойыншылар аз. Бар шығар, бірақ қиынға соғары анық. Ал Мессидің еш қиындықсыз қорғаныстан өтіп кеткенін көргеніңізде, таңданбасқа шара қалмайды.
Дриблинг. Алаңда допты екі футболшы екі түрлі игереді. Мессидің аяғына доп тисе, ол алысқа шығармай «ақылды» түрде ұстайды. Ал Роналду көп финттер жасайды. Жылдамдығының арқасында өз финтін жүзеге асыра алады. Мұндай футбол жанкүйерлерге ұнайтыны анық.
Командаластарымен қарым-қатынас. Месси каталондық командамен тату-тәтті бір отбасыдай сыйласады. Өз командаластарымен жаға жыртысып көрмеген. Роналду өзіне ұнаған ісін істейді. Өз атына айтылған сындарға «мінезді» жауап қатады. Дегенмен құрметтуді біледі.
Жылдамдық. Бұл сында фаворит – Роналду. Әлемдегі жылдамдығы ең мықты футболшылардың қатарында. Ал Месси жай ғана жүріп, жай ғана барлығын тындыра алады. Дегенмен жылдам футбол жанкүйерлер айызын қандырары анық.
Ұлттық құрамадағы рөлдері. Екеуі де өз елдерінің қаһармандары. Роналду командасын алға сүйреудің хас шебері. Ал Месси ұлттық құрамада өзін аса негізгі ойынымен көрсете білетін тұстары әр кездесуде орын ала бермейді.
«Алтын допты» осы жолы Мессидің алмасы анық. Сонымен, тізімінен бір ойыншы кетсе, екінші ойыншы қалуда. Роналду мен Рибери. Қос мықтының бірі. Әлем чемпионатында иық теңестіретін алпауыттар. Әрине, жеке көрсеткіш тұрғысында Роналду Рибериден басып озары анық. Оның үстіне Роналдудың тұрақты ойын көрсетіп келе жатқанына біршама жылдың жүзі болды. Француз ойыншысы жетістік тұрғысында басып оза алады. Әйтсе де, ол әр уақытта тұрақты ойынымен көзге түсе қоймады.
Жалпы, "Алтын допты" кім қалай түсінеді деген әдет қалыптасты. "Алтын допты" жеке көрсеткішпен де, клубтағы жетістікпен де салыстырмаған дұрыс. "Алтын допты" миллиондардың көзайымына айналып, қуантып келе жатқан футболшы алғаны дұрыс. Мейлі, ол қақпашы, мейлі ол қорғаушы болсын, бірақ футбол сүйер қауымды қуантып жүрсе болғаны. Осы тұста Арсен Венгердің ("Арсеналдың" бас бапкері) "Алтын допты" алып тастау керектігін, ұжымдық ойынға әсер турасында айтқаны еріксіз еске оралады.
Соңғы жылдары «Алтын доп» сыйлығының құны мен қадірі қашып бара жатқан секілді. Соңғы жылда бұл сыйлыққа қол сілтейтін адамдар көбейді. Шамданатындар бүкіл әлемнің футболын бір ғана адам ұстап тұрғандай әсер қалдыратындығын айтады. Дұрысы, осы жолы Роналду "Алтын допты" алуы тиіс.
"Алтын допты" салтанатты табыстау кешін Eurosport каналынан тамашалай аласыздар.
Автор: Әкежан Дәкен
сурет: eurosport.ru