«Алтын доп» әңгімесі әлі таусылмады. Жыл үздігін анықтар бағалы жүлденің бұлайша талқыға түсуі де заңды шығар. Бұндай әңгіме «Алтын допты» кім алса да айтылары анық. Біткен іске сыншы көп. Тойдың болғанынан боладысы қызық дейді. Сосын той біткеннен кейінгі қызық тағы бар. «Алтын допқа» дейінгі қызықты өткіздік, енді талқылау, пікір білдіру процесі жүруде.
Әрине аузы бардың бәрі өзінше байлам жасап, ойын айтады. Бірақ футбол сүйер ағайын үшін санаулы адамның пікірі ғана маңызды. «Алтын доп» төңірегінде құнды пікірлердің бірі Лионель Месси тарапынан айтылды. Ол «Криштиану Роналду бұл жүлдеге әбден лайық» деп мәлімдеген еді. Мойындаудың өзі үлкен ерлік деп Леоға ризашылық білдірдік. Алайда «Роналду бұған әбден лайық. Білмеймін, егер мен жарақат алмағанда бәрі қиындап кетер ме еді» деп айтуды да ұмытпады сабазың. Біздің айтарымыз бұл емес. Кеше ғана «Алтын доптан» басты үміткерлердің бірі болған, мюнхендік «Баварияның» және Франция құрамасының жартылай қорғаушысы Франк Риберидің «Алтын доп – 2013» жүлдесін анықтаудағы дауыс беру нәтижесі жөнінде айтқан мәлемдемесі жарияланды.
Француз футболшысы «Бавария» сапында жекелеген жүлделердің бәрін иеленгенін алға тартып, «Алтын допты» өзіне тиесілі санайды. «Роналду ешқандай жүлде ұтып алмады. Бұл аздап жанға батса да, жеңіліп қалдым екен деп қайғыға салынбаймын. Мен «Алтын доп» үшін лайықты болдым. Алайда оны Роналду алғанын білесіздер. Дауыс беру екі апта бойы жүрді. Бұрын бұлай болған емес. Бұның бәрі футбол емес – ап-анық саяси шешім», - дейді Рибери.
Бұдан бұрын УЕФА-ның президенті Мишель Платини "Алтын доптың" иегерін анықтауда ФИФА-ның жасаған әрекеттерін сынға алып, Риберидің ала алмағанына өкініш білдірген болатын. Бұл туралы біреулер «Плантини отандасын жақтап сөйледі» десе, енді бір топ «УЕФА басшысының Рибери турасында айтқан пікірі қисынға келеді» деп санайды. Мишель Платини: «Мен «Алтын доптың» Рибериге тимегеніне қатты таңырқаудамын. Келесі жылы біздер Рoнaлду мен Мeссидің дуэліне қайта оралып, Криштиaну мен Лиoнeльдің кезекпе-кезек жүлде алуына куә болатын боламыз. Елу жыл ішінде «Алтын доптың» иегерін маусым бойында жеткен жетістіктеріне қарап бағалаушы еді, ал бірақ қазір барлығы ойыншының алаңда не істеп, не қоятындығына байланысты болып отыр», - деген еді.
«Алтын доп» айналасындағы дау мұнымен шектелмейді. Кеше ғана 7 мемлекеттің «Алтын доптың» иегерін анықтау дұрыс жүргізілмегені жайында шағым түсіргені белгілі болды. Даниялық және норвегиялық ақпарат көздерінің айтуы бойынша, Боливия, Экваторлық Гвинея, Aлбaния, Дoминикaн Рeспубликасы, Фиджи, Кувeйт және Вaнуaту елдерінің бас бапкерлері дауысының бұрмаланғанын жеткізген. «Мұның бәрі қолдан жасалды деп ойлаймын. Мен негізі Ибрагимовичке дауыс беріп едім», - дейді Кувейт құрамасының бас бапкері Жoрвaн Виeйрa. ФИФА ұсынған тізімде ол Лиoнeль Мeсси, Нeймaр және Криштиaну Роналдуға дауыс берді деп көрсетілген.
Фиджи құрамасының бас бапкері Хуан Карлос Буззетти: «Мен Криштиaну, Мeсси және Рибeриге дауыс бердім. Бірақ Лeвaндoвскиді таңдағаным жоқ. Ол алдыңғы үш мықтымен бір қатарда тұра алмайды», - дейді. ФИФА ұсынған тізімде фиджилік жаттықтырушының Рoнaлду, Рибeри, Лeвaндoвски үштігін таңдағаны көрсетілген.
Ал, Албания құрамасының бас бапкері Джованни Де Бьязи: «Мен Роналду үшін бес ұпай, Мессиге – үш ұпай және Ибрагимовичке бір ұпай бердім. Ал бірінші орынды Златанға бермедім. Бұл барып тұрған сандырақ және өтірік», - дейді.
Әйгілі футболшы Зинедин Зидан futbol.as.com сайтына берген сұхбатында дауыс беру нәтижесінің шикі тұстарын назарға алып, «Алтын допты» отандасы Франк Рибери алу керек екенін жеткізді. Зизу: «Келесіде дауыс берудің заңдылықтарын дұрыстап анықтап алу қажет. Бүгін үздік ойыншыны анықтау үшін негізгі үш нәрсеге баса назар аударылды. Олар: футболшының командадағы жетістігі; беделі, бет-бейнесі; жекелеген ойын өрнегі. Әрине дабыра қылып, дау көтермейміз. Бірақ Риберидің «Алтын доп» үшін лайықты екені анық. Ол бұл маусымды өте керемет өткізді», - деді.
«Алтын допты» екінші мәрте қанжығасына байлаған Криштиану Роналду болса кеше ғана мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін арттырып, кейінгі жастарға айрықша үлгі бола білгені үшін Генрих ханзада орденін төсіне тақты. Португалияның аса бағалы марапаты саналатын бұл орден бес бағытта беріледі. Сыйлықты Португалия президенті Анибал Каваку Силваның өзі табыс етті. Марапаттау рәсімінен кейін Роналду: «Әлі де бұдан жақсы жетістіктерге жетемін деп үміттенемін. Мен футбол тарихында қалғым келеді. Әлем чемпионатында жеңіске жету - карьерамның шыңы болар еді. Әлем чемпионатында не Еуропада Португалия құрамасымен бірге жеңіске жететін тамаша сәттің бір келеріне сенемін», - деді. Роналду бұл дау жөнінде әзірге жақ аша қойған жоқ. Өзінің жеңісіне сенімді ойыншы болашақ жоспары, арман-мақсаты туралы ғана айтып өтті.
Осылайша биылғы «Алтын доп» та «бұрынғы дәстүр» бойынша даудың ортасында қалды. Бұл даудың соңы немен аяқталарын уақыт көрсетер. Әліптің артын тосайық...
Автор: Нұржігіт Айдархан
Сурет: smotrisport.tv