Шығыстың "Алтай" футбол клубы биыл премьер-лигада ойнайды деп қуанғандар көп болған еді. Бірақ команда премьер-лигаға жолдаманы жеңіп алғанмен, ойнау бақыты бұйырмаған екен. Өкінішті-ақ. Өкініштісі сол...
Алтай жақында ғана қаржы мәселесіне байланысты ҚР кубогына қатысудан бас тартты. Ал бүгін премьер-лигада ойнайды деп күткен команда бірінші лига тұрмақ, екінші лигаға түскені туралы ақпар жарияланды. Қазіргі таңда көп ойыншылар командадан кеткен. Ал бас жаттықтырушы Сергей Тимофеев команданы жаттықтыра бермек екен.
Команданың құрылғанынан бастап түйткілдер көп болды. Өткен маусым басында Алтай клубынан 9 ұпай алынып тасталған болатын. Себебі "Восток" пен "Спартак" клубтарының негізінде құрылған жаңа командаға өскемендік ұжымның бұрынғы ойыншыларына қарыз болуы өз "салқынын" тигізген еді. Нәтижесінде жаңа клуб басшылығы Лозаннадағы спорт істері бойынша төрелік ететін сотқа (CAS) шағым түсірген. Кейіннен команданың 9 ұпайы қайтарылып, "өтпелі матчта" "Таразды" Астанада айқын ұтқан-ды.
"Алтай" премьер-лигада неге қалмады? - деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны анық. Премьер-лигаға жолдама алған клубты ел біріншілігінен шығарудың басты себебі, команда сертификатының дұрыс болмауы екен. Тарқатып айтсақ, клуб жастар мен жасөсіпірімдер арасында команда құруы керек болған. Бірақ клуб бұл талаптарды орындамаған. Сонымен қатар клубтың екінші лигада өнер көрсететін құрамы да болуы керек. Алайда "Алтайда" ол да жоқ болған. Дегенмен...
Кеше ғана Астана футбол федерациясының сайтында ардагер жанкүйер Саясат Сәрсенбиновтың сұхбаты жарияланды. Сұхбаттан команданың сертификаттан өту мүмкіндігі болғанын аңғаруға болады.
- Футбол клубының Өскеменде емес, Семейде болуы өскемендіктердің көбіне ұнамайды. Өйткені, екі қаланың арасында бұрыннан бәсекелестік бар. Сондықтан, барлық ірі шаралар Өскеменде болуы керек деген түсінік бұрыннан қалыптасқан. Бәрі де "Алтайға" екінші біреулердің араласуынан кейін басталды. Облыстық басшылықтың қолдауына ие олар клубты өздеріне алғысы келді. Болмаған соң футбол орталығын "Алтайға" беруден бас тартты. Одан кейін клуб Қазақстан футбол федерациясының сертификациясынан өтпей қалды, - дейді ақсақал жанкүйер.
"Восток" пен "Спартак" бірігіп, "Алтай" командасы құрылғанда қазақ жанкүйерлері қуанып еді. Әсіресе қазақы танымдағы клуб атауы командаға ерекше бір рең берген. Бірақ екі қалаға (Өскемен мен Семей) екі команда болғанын құп көргендер де болған.
"Алтайдың" мақсаты биік еді. Командаға 2016 жылы премьер-лигаға шығып, 2018 жылы чемпиондық атаққа таласу талабы қойылған. Бірақ команда жолдаманы иеленгенмен, жағдайы жоғарыда айтқандай болды. Әзірге команда басшылығы қазіргі түйткілдерге қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.