Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы, С.Бердіқұл атындағы Республикалық сыйлықтың иегері, Қазақстан спортының құрметті қайраткері Сұлтанғали Қаратаев биыл 80 жасқа толды. Осыған орай демалыс күндері Алматы қаласында мерейтой иесіне арналған салтанатты шаралар өтті.
1966 жылдан бастап дүбірлі додаларды қазақша сөйлеткен С.Қаратаевтың спорт журналистикасындағы еңбегі ерен. Әсіресе комментаторлық өнердің шебері ретінде елімізге танымал. Сұлтанғали Қаратаев тек спорт журналисі ғана емес, ғылыми-зерттеулік, тарихи-танымдық мақалалар жазуда да өз қолтаңбасы бар. Сондай-ақ білікті аудармашы ретінде де бірнеше еңбектері жарық көрген.
29 қазан күні Қазақ спорт және туризм академиясының акт залында мерекелік кездесу ұйымдастырылды. Салтанатты шараға ел ағалары, елімізге танымал спорт сарапшылары мен студенттер қатысты. Кездесу барысында Сұлтанғали Қаратаев жайлы арнайы фильм де көрсетілді.
Бүгінгі таңда осындай, ұрпаққа үлгі ретінде өзіндік ізі бар спорт ардагерімен күллі қазақ мақтанады. Елбасы Н.Назарбаев «Спорт – елдің мерейін асқақтатып, абыройын тасытатын сала» деп тегін айтпаса керек. Сондықтан да ел намысы сыналар шақтағы спортшылардың толағай табыстарының жаршысы бола білу де – қажырлы іс.
Осы ретте талай спорт саңлақтарының түлеп ұшқан ұясы – Қазақ спорт және туризм академиясында спорт саласының насихатшысы болған Сұлтанғали ағамыздың 80 жылдық мерейтойын белгілі спорт шолушысы, комментатор Есей Жеңісұлы жүргізді.
Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов бірінші болып сөз алып, қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторын мерейлі мерекесімен құттықтады. Ұзақ ғұмыр тілеп, иығына шапан жапты.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов та арнайы келіп, Сұлтанғали Қаратаевты 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.
- Бүгінгі күнді ерекше күн деп айтуға болады. Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы 80 жасқа толып отыр. Мерейтойыңыз құтты болсын. Қазақ спортының дамуына үлкен үлес қосып, биік деңгейге жетуіне септігін тигізіп жүрген, ол – бұқаралық ақпарат құралдары. Әсіресе спорт журналистерінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сұлтанғали аға тәрбиелеген шәкірттер бүгінде ел спортының дамуына мол үлес қосуда. Әлде де жастарға өз тәжірибеңізбен бөлісіп, ақыл-кеңесіңізді беріп жүргеніңізге дән ризамыз. Деніңіз сау болсын, - деді.
Мерекелік кездесу соңынан «КазАСТ ТВ» телестудиясының тұсауы кесілді. Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы жаңадан ашылған телестудияның лентасын қиып, ақ батасын берді.
Сондай-ақ бүгінде түрлі спорттық шараларды жүргізіп, ұйымдастырып жүрген спорт сарапшысы Рауан Оқас мерейтой иесіне арнайы салынған портретін сыйға тартты.
30 қазан күні 80 жылдық мерейтойға орай Алматыдағы «Хан Тәңірі» стадионында журналистер арасында шағын футболдан республикалық жарыс өтті. Тартысқа толы өткен жарыста Талдықорғанның «Жетісу» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын «НТК» арнасының тілшілеріне бұйырса, үшінші орынды Оңтүстік Қазақстаннан ат терлетіп келген журналистер иеленді. Жарыс жеңімпаздары мен үздіктерін Сұлтанғали Қаратаевтың өзі марапаттады.