Алматыда классикалық парашют спортынан өткен 22-ашық чемпионаттың қорытындылары белгілі болды, деп хабарлайды ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Today.kz.
Әуе қорғаныс күштері авиациалық базасының Алматы облысындағы аэродромында бірнеше күнге созылған жарыста Қазақстанның Қарулы Күштерінің парашютті дайындық Орталығының спортшылары мен Алматы, Балқаш, Қарағанды, Шымкент, Орал және басқа да қалалардың паршютшілері өзара мықтыны анықтаған еді.
Жарыс кезінде спортшылар 1000 метр биіктіктен жекелей және топтық секірістерді жасап сынға түсті. Сондай-ақ олар 2000 метрден де акробатикалық фигуралардың кешенін жасай отырып сайысты. Ал жарысқа қазылық еткен төрешілер спортшылардың дәлдігі мен шеберлігін электронды құралдар арқылы көріп, оларға өз бағаларын беріп отыры.
Сонымен екі жаттығудың қорытынды ұпайы бойынша Қарулы Күштер мен Қазақстан Республикасының абсолютті чемпионы болып Қазақстанның Қарулы Күштері парашютті дайындық Орталығының сарбаздары танылды.
Ерлер арасында чемпион болып парашютті дайындық Орталығының аға прапорщигі Вячеслав Ли танылса, әйелдер арасында дәл осындай жетістікке парашютті дайындық Орталығының спортшы-нұсқаушылары прапорщик Наталья Николаева мен Бибігүл Рамазанова жетті.
Ал жастар арасындағы жарыста бірінші орынды тағы да Қазақстанның Қаурлы Күштері парашютті дайындық Орталығының спортшысы кіші сержант Денис Исламов иеленді. Ол сондай-ақ "Қазақстан Республикасының спорт шебері" нормативін де қоса орындады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: risk.ru