Алматы қаласында мас-реслингтен Әлем кубогының бірінші кезеңі өтеді. 29-30 сәуірге жоспарланған жарысқа 13 елден 120-ға жуық спортшы қатысады.
Мас-рестлинг – елімізде қарқынды түрде дамып келе жатқан спорт түрі екенін осыған дейін жазған едік. Саха халқының ұлттық спорты Қазақстанда дами бастағанына 5 жылдай уақыттың жүзі болған. Одан бергі аралықта қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп жүр. Әлем чемпионатының жүлдегерлері де бар. Биылғы Әлем кубогының бірінші кезеңін Қазақстан мас-рестлинг қауымдастығының ұйымдастыруы да тегін емес. Себебі бұл спорт түрі еліміздің бірнеше өңірінде жылдам дамып келеді.
Алматыдағы Әлем кубогының бірінші кезеңіне Ресей, Германия, Қырғызстан және Қазақстаннан қатысатын спортшылар саны едәуір көп. Жарыстың екінші кезеңі Прагада (Чехия), үшінші кезеңі Мәскеуде өтеді. Үшінші кезеңге алғашқы екі кезеңде ең көп жинаған спортшылар қатысады. Бүгін жарыстың баспасөз мәслихаты өтті.
- Әлем кубогы үш кезеңнен тұрады. Соңғысы Мәскеуде өтеді. Жеңімпаз барлық кезеңдерде жинаған ұпайларының саны бойынша анықталады. Бірінші орын алған спортшы 16 ұпай, екінші орын – 12, үшінші орын алған спортшы 10 ұпайға ие болады. Кейінгі орындарға 1 ұпайдан кеми береді. Жеңімпаз атанған спортшыларға ақшалай сыйлықтар табысталады. Сондай-ақ арнайы кубок пен медаль алады. Қатысушыларға сәттілік тілейміз, - деді Халықаралық масс-рестлинг қауымдастығының бас хатшысы Иннокентий Григорьев.
- Қазақстанда масс-рестлинг спорты күннен-күнге дамып келеді. Халықаралық масс-рестлинг қауымдастығы Әлем кубогының бірінші кезеңін Алматыда өткізуге қолдау білдіріп отыр. Бізге сенім артып отыр. Қазіргі таңда әлем чемпионатында жүлде алған спортшыларымыз бар. Алматыдағы Әлем кубогында да спортшыларымыз жүлделі орыннан көрінеріне сенеміз. Жарысқа қатысушылар қазақ елінің қонақжайлылығын да тани кететін болады, - деді Қазақстан мас-рестлинг қауымдастығының президенті, белгілі жаттықтырушы Талап Иматалиев.
Қазақстан құрамасы кімдерге сенім артады?
Алматыдағы Әлем кубогының бірінші кезеңіне Қазақстан құрамасы да негізгі құрамда қатысады. Сондай-ақ жасөспірімдер де жарыс жолына шығады.
Жаттықтырушылар сенім артып отырған отандастарымыздың бірі – Александр Краснов. Ол 125 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін болады. Осыған дейін Азия чемпионы атанған.
80 келіге дейінгі салмақта Роман Григорьев қатысады. Ол – әлем чемпионатының қола жүлдегері. Жақында ғана өткен ел біріншлігінде де үздік екенін дәлелдеп шықты.
Әйелдер арасында жүлделі орыннан үмітті спортшыларымыздың бірі – Эльмира Эзями (-75 келі). Ол 2016 жылы Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойынында күміс жүлдегер атанған болатын. Сондай-ақ пауэрлифтингтен спорт шебері.
Қазақстандық жаттықтырушылар сенім артып отырған тағы бір спортшы – Сурае Шаропова. Көшпенділер ойынында қола жүлдегер атанған. Өткен жылғы Азияның абсолютті чемпионы.
Бүгін Әлем кубогына қатысушы спортшылар салмақ өлшеу рәсімінен өтеді. Ал жарыс ертең «Grand Park» кешенінде болады. Кіру тегін.
Ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тілейміз.