Алматыда журналистер мен ақын-жазушылар арасында футзалдан "БАҚ лига" жарысы басталды. Алғашқы ойындар жексенбі күні Қазақ спорт және туризм академиясының залында өтті.
Бұл жарыс бұрынғы жарыстардан өзгерек болмақ. Естен кетпес ерекшелігі мен ауыз толтырып айтарлықтай артықшылығы да бар. Себебі бұл жарыста қырықтың қамалын бұзған, елудегі ел ағалары мен алпысты алқымдаған ұстаз журналистер де доп тебеді.
Жарысты басты ұйымдастырушылардың бірі белгілі журналист, спорт комментаторы - Жандос Айтбайұлы. Турнирдің басталуына ұйытқы болған "Жастар үні" жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, саясаттанушы Дәурен Бабамұрат пен спорт журналисі Тастанбек Жұмаханның еңбегі айрықша.
Команда ойыншылары да ерекше жолман таңдалған. Әр түрлі БАҚ-та қызмет жасайтын тілшілердің соқыр жеребе арқылы бөлініп, команда болып жасақталуы - өзара жақын араласуына да жол ашпақ.
- Бұл турнирді өткізу о бастан ойланып жүрген жоспар болатын. Ертеректе керемет жарыс болатын, әлі де бар. Бірақ бұрынғыдай емес секілді көрінеді. Ол - Сейдахмет Бердіқұлов атындағы турнир. Онда үлкен ағаларымыздың өзі алаңға бастап шығатын. Сол бір игі дәстүр соңғы жылдары жоғалып кеткендей көрінді бізге. Турнир деген аты қалмаса, журналистерді кәсіби ойыншылар алмастырып бара жатқандай. Өзара сыйластық пен құрмет шетке ысырылып, жүлде мен атақ бірінші орынға шықты. "Кірме" ойыншылар көбейді. Қай жерге барсақ та, алдымыздан осындай бір кедергі шығып жүрді.
Есаға жазғандай, көп жағдайда кәсіпқой футболшылар "кәсіпқой журналистерге" айналып кетіп жүрді. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін, аға буын мен жастар арасында қарым-қатынас орнату мақсатында осы жарысты ұйымдастырдық.
Үлкен кісілер де доп тепкісі келеді, ойнағысы келеді. Бірақ жастарға жол беріп, алаң сыртынан тамашалап қайтатын. Кейін барудан да қалды. Журналистер турнирі десең, қолын бір сілтейтін дәрежеге де жетті. Бұл біз үшін бір сын да болды. Сондықтан да жаңа турнирде аға буынның ойнауына айрықша көңіл бөлдік.
Жарыс қызықты әрі тартысты өтсін деп ақын-жазушыларды да қостық. Барлығы жұрт танитын, ел білетін азаматтар. Жарыстың мақсаты - саламатты өмір салтын ұстану, жастарға үлгі болу, - дейді Жандос Айтбайұлы.
"БАҚ лига" жарысына Қазақ спорт және туризм академиясы айрықша қолдау білдірді. Мекеменің президенті Қайрат Закирьянов арнайы келіп құттықтады. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, бірқатар азаматтарға қолтаңбасы қойылған кітабын сыйға тартты. Журналистер жомарттық танытқан Қайрат Хайроллаұлына алғысын жеткізді.
- Футбол денсаулық ғана емес ынтымаққа, бірлікке, достыққа шақыратын ұлы өнер. Көптен қу тіршіліктің қамымен кейде бір- бірімізге хабарласа алмай жататынымыз рас. Ал футбол осы бір олқылықтың орнына келтіретін реттеуіш іспеттес.
Сейдағаң "Футбол баспен ойлап, аяқпен ойнайтын ойын" - деген екен. Сондықтан да осы бір спорттың ішіндегі төресі футболды жақсы көріп қана емес, жасқа карамай ойнай да білген өзің үшін үлкен жетістік деп ойлаймын.
Ия, кезінде Сейдахмет Бердіқұловтың атында өтетін журналистер жарысында қаншама ел таныған жазушы, журналист, коғам қайраткерлері жарыс алаңында бас қосып, тартысты ойындарды тарту ететін. Жарыс аякталғанда ағаларымыз қалай гол соққандарын әсерлете әспеттеп, айналасын қызықтыра айтып отырушы еді.
Ия, ол да бір келмеске кеткен өткен күннің бір тамаша сәтттері еді. Енді сондай тамаша дәстүрді жаңғыртып отырған ардақты азаматтарға айтар алғыс ерекше. Алдағы ойындарымыз сәтті болып, осы жарыстан тамаша әсер алсақ деген үміт алға тартады, - дейді "Намыс" командасының капитаны, белгілі журналист Ақын Ордабай.
- Жеребе бойынша алты команда сапта тұр - "Намыс", "Айбын," Тұлпар", "Бірлік", "Жігер", "Қыран". Сраил Смаил, Аманкелді Сейітханов, Жанарбек Әшімжан, Шоқан Маханов, Ақын Ордабай және мен пақырыңыз капитандық ететін командалар сапында қазақ журналистикасының үш буын өкілдері бар. Командалар құрамы соқыр жеребе арқылы таңдалды. Әдетте Бердіқұлов турниріне қатысуға асығамыз, алайда түпкі нәтиже мен атақ артық көрініп кете ме, көп жағдайда кәсіпқой футболшылар "кәсіпқой журналистерге" айналып кететіні бар. Бірақ Алматы журналистер лигасында ондай қитұрқылық болмайды. Бірінші турда тап-таза ойнап шықтық. 5:1, 3:3, 6:2 деген сұрапыл есептер тіркелді.
Алғашқы тур жақында ғана өмірден өткен әріптесіміз, айтулы қақпашы, жайдары азамат Мақсат Сіләмбековтің құрметіне арналды. Мәкең арамызда жүрсе, турнирдің ажары кірер еді, амал не?..
Лиганың басы-қасында болып, Дәуренмен бірге жанұшыра жүгірген барлық азаматтарға алғысымыз шексіз. Жандос Айтбай, Тастанбек Жұмахан сияқты жігіттер бәрін қыздың жиған жүгіндей қылды. Енді апта сайын академияға асығамыз, - дейді ақын, белгілі журналист, спорт комментаторы Есей Жеңісұлы (facebook желісіндегі жазбасы).
Жастардың аға буыннан үйренері көп-ақ. Кейде жастардың тәжірибелі журналистерден білмей тұрған дүниесін сұрауға қымсынатын, "танымаймын ғой" деп тартынатын кездері де болады. Осындай турнирлердің ұйымдастырылуы - ынтымақ-бірлікті нығайтып, арадағы сеңді бұзуға сеп болары да сөзсіз.
Алматыдағы журналистер мен ақындар арасындағы аламан турнир 2 айдан асық уақытқа созылады. Алда әлі 9 тур бар. Жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілейміз!
І тур нәтижелері
"Бірлік" — "Намыс" 5:1 (2:0)
Голдар: Қосқанат Көпжасар – 3(Бірлік), Дулат Кәрібаев – 2(Бірлік), Өмірбек Сансызбай (Намыс)
Сары қағаз: Алмат Исаділ (Бірлік), Асхат Қылышбек (Намыс)
"Бірлік": Шоқан Махан, Данияр Кәрімжан, Қосқанат Көпжасар, Манас Қайыртай, Ерқанат Көпжасар, Қуаныш Бажақ, Диас Нұрақын, Дәурен Дариябек, Бақтияр Қабас, Алмат Исаділ, Рауан Оқас, Дулат Кәрібаев.
"Намыс": Ақын Ордабай, Исламбек, Өмірбек Сансызбай, Рустам Сағадиев, Асхат Қылышбек, Рүстем Қайыртай, Абзал Сүлеймен, Алмас Нүсіп, Әнуар Кәрбозов, Ерлан Әбдір, Жарас Кемелжан.
"Жігер" — "Қыран" 3:3 (1:1)
Голдар: Нұржан Төлеков (Жігер), Дәурен Берікқажы — 2(Жігер), Қазбек Қашқабай (Қыран), Дархан Келбетов (Қыран), Срайыл Смайыл (Қыран)
Сары қағаз: Нұржан Төлеков (Жігер)
"Жігер": Жанарбек Әшімжан, Кирилл Харламов, Алмас Сәдуақас, Нұржан Төлеков, Дәурен Бабамұрат, Думан Бықай, Мадияр Арстанбаев, Әлібек Байбол, Жарас Ниязбек, Бауыржан Карипов, Нұрболат Сұлтанғазин, Дәурен Берікқажы
"Қыран": Срайыл Смайыл, Бақытжан Нұрпейісов, Амангелді Сейтхан, Бауыржан Жақсымбет, Дархан Келбетов, Аман Тасыған, Қазбек Қашқабай, Ғалымбек Сымбат, Ержан Шайжан, Серік Ноянбай, Қанат Әбілқайыр.
"Тұлпар" — "Айбын" 2:6
Голдар: Фархат Сеитов – 2, Дәнеш Байболат, Әлім Келбетов – 3 (Айбын), Совет Сейітов, Оңғар Қабденов (Тұлпар)
Сары қағаз: Тастанбек Жұмахан (Тұлпар)
"Тұлпар": Жандос Айтбайұлы, Азиз Тастаев, Совет Сейітов, Оңғар Қабденов, Тастанбек Жұмахан, Асыл Махметов, Алмас Құсман, Болатбек Оразбаев, Қанат Байұзақов, Жамбыл Бұлан
"Айбын": Есей Жеңісұлы, Айбар Рысдаулет, Алмас Найманбай, Фархат Сеитов, Қуандық Шынасыл, Ернат Ысқақ, Нұрлан Наурызәлиев, Руслан Ербота, Дәнеш Байболат, Ерғали Бақаш, Әмірғали Құсайын, Әлім Келбетов.