24-26 қараша күндері аралығында Алматы облысында тұңғыш құрылған "Жалайыр Шора" бүркітшілер мектебінің 30 жылдығына арналған "Саят" ұлттық спорт түрлері бойынша "Сонар-2017" республикалық құсбегілер жарысы өтеді.
Құс салып аң аулау – қазақтың ертеден келе жатқан ел ішіндегі ерекше дәстүрінің бірі. Қазақтарға аңшылық негізгі кәсіп болмаса да, ертеден шаруашылығына демеу болған. Аңшылық тарихы көне заманнан бастау алады. Археологтар бірнеше рет қазба жұмыстары кезінде жылқы мен аңға түсетін құстардың қаңқасын тапқан. Нағыз аңға түсетін құстардың құны жүзге тарта жылқы мен түйеге бағаланған. Тіпті көнекөз қариялардың бір ауылды бір құстың асырағаны жайлы аңызға бергісіз әңгімелері де бар.
1980 жылдары этнограф Жағда Бабалықұлы, қоғам белсендісі Заманбек Батталханов, танымал бүркітшілер Шәкен Ошанбаев, Әбен Тоқтасынов, Әбілхақ Тұрдыбаев, Байжүніс Көдеков, журналист Сүлеймен Маметов пен Бағдат Мүптекеқызының қолдауымен бүркітшілер мектебі ашылған. Алайда бұл істі ары жалғастыру үшін демеушілер табылмай, мемлекет тарапынан қолдау болмаған соң қайта жабылған.
1997 жылы журналистер Сүлеймен Маметов пен Бағдат Мүптекеқызы, бүркітші Сейітжан Көдеков "Жалайыр Шора" мектебін құрып, бүркітшілік өнерді қайта түлетті. Бүгінде бұл орталық бүркітшілік өнерді дамытып, бай тарихын сақтап келеді. Осы орталықтың еңбегі арқасында құспен аң аулау ұлттық спорт түрлерінің қатарына қосылды. Жыл сайын республикалық жарыстар мен чемпионат өткізіліп тұрады. Қазіргі таңда Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Атырау мен еліміздің өзге өңірлерінде бүркітшілік мектеп қалыптасып келеді.
2005 жылы қазақстандық танымал әнші, қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаевтың бастамасымен "Қыран федерациясы" қоғамдық қоры құрылды. Осы қор жұмысының негізінде "Қазақ құсбегілері", "Қыран бүркіт" альбом-кітаптары жарыққа шықты. Сондай-ақ алғаш рет бүркітшілердің ұлттық киім үлгісі жасалды.
Биыл "Жалайыр Шора" мектебінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай "Саят" ұлттық спорт түрлері бойынша "Сонар-2017" республикалық құсбегілер жарысын ҚР спорт комитеті, Алматы облысының әкімдігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, "Қыран" федерациясы мен "Қансонар" аңшылық орталықтары ұйымдастырып отыр.
Үш күнге созылатын дәстүрлі шараны өткізу барысында, биыл Елбасы, Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, бүркітшілікті тек ұлттық спорттың бір түрі деп қана қоймай, рухани жаңғыру – бабадан қалған бағзы өнер - қазақтың сал-серілік өнерінің бір саласы осы саятшылықтың өрісін кеңейтіп, ұрпақ санасына қалыптастыру мақсатында, «жігітке тән -жеті өнерді» бір бойына жинаған, қолдарына қыран қондырып, жүйрік аттың жалында ер жеткен, құмай тазысын соңына ертіп, туған халқын ән-жыр, ұлттық ойындарымен тербеткен құсбегілеріміздің сал-серілік өнерін де тамашалайтын болады.
Жарыс екі кезеңнен тұрады. Қыран құстың аңға түсу шеберлігі, құсбегімен ара-қатынасы, шырға тарту бірінші кезең болса, қоянға салу, түлкіге салу - финалдық кезең болып саналады.
26 қараша күні Алматы облыстық әкімдігі спорт басқармасының «Саят» ұлттық спорт түрінен бүркіт, қаршыға, ителгі салудан алға шыққан жеңімпаздарға бөлінген ақшалай сыйақыдан бөлек, бар өнерді бір бойына жинаған өнерлі жігіттерге ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР «Қансонар» аңшылар қауымдастығы және «Қыран» федерациясы Біржан сал, Ақан сері, Қапез сал атындағы арнайы сыйлықтар табыстайтын болады.
Биылғы жарысқа Ақмола облысы, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Алматы мен Астана қалаларынан ұзын саны 60-тан астам құсбегі қатысады. Одан өзге ұзақ жылдар бойы осы кәсіппен айналысып келе құсбегілерге құрмет көрсетіледі.
Құсбегілер жарысы Алматы облысы Ескелді ауданы Сырымбет ауылы "Тау-Жетісу" демалыс аймағында өтеді.