Алматы әлем чемпионатын қалай шығарып салды?

Алматы әлем чемпионатын қалай шығарып салды?

Алматы ауыр атлетикадан 81-ші әлем чемпионатын шығарып салды. Төрткүл дүние көз тіккен дода әлем назарын өзіне аударғаны анық. Бүгін біз сіздермен аламанның басты оқиғаларымен бөлісетін боламыз.

Алатау бөктеріндегі дода тек ауыр атлетика тарихындағы ғана емес, ел спорты тарихындағы елеулі оқиға болды. Ұйымдастырушылар мәліметіне сүйенер болсақ, жарыс ауқымы 2011 жылы өткен VII қысқы Азия ойындарынан кейінгі екінші орынға жайғасқан. Сонымен қатар, бұл әлем чемпионатының маңызы жоғары болды. Неге десеңіз, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялық ұпайлар таратылды.

Әлем чемпионатын ұйымдастырушылар құрамында 80-нен астам қызметкерлермен қоса, 300-ге жуық ағылшын тілін жетік меңгерген ерікті қызметкерлер (волонтер) жұмыла жұмыс атқарды. Олар спортшылар мен жанкүйерлердің, келген қонақтардың бар жағдайын қамтамасыз етіп, көмек қолдарын созды.

Алматыдағы әлем чемпионатын әлемнің 120-дан астам елі өз арналарында таратты. Олардың қатарында әйгілі француздың «Eurosport» арнасы да бар. 213 бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері тіркеуден өткен. Оның 30-дан астамы өзге 18 елден келген тілшілер екен. Жарыстың ресми екі фотографы 40 000-нан астам сурет түсірген. Ал жарыстың ресми сайты болса доданы өз уақытында үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) хабарлап отырды. Сайтқа күнделікті 40 000-нан астам оқырман кіріп отырған. Ең көп оқырмандар саны 15 қараша күні тіркелген. Бұл күні ресми сайтқа 98 000 оқырман «қонақта» болған. Айта кетейік, дәл сол күні 105 келіге дейінгі салмақтағы жеңімпаздар анықталып, Илья Ильин төрт дүркін әлем чемпионы атанған болатын.

Балуан шолақ атындағы спорт кешенінде өткен жарыстың дайындығымен қоса есептегенде тікелей эфирге өңдеу жұмыстары 18 күнге созылған. 4800 квадрат метр аумақ әлем чемпионатының ресми жарнамаларымен безендірілген. Ал спортшылар өнер көрсеткен тұғырдың 60 %-ы пенопласттан құралып, 3,5 тонна салмақты құраған. Қалған бөлігі мен 4200 квадрат метр еденнің қорғаныш қабаты 100 тонна салмақ болған. Спортшылардың дайындық залында 60 тақтай тұғыр (зілтемірмен қоса) болса, жарыс алдында шығар дайындық үшін 15 тұғыр қосымша орнатылған. Негізгі тұғырды қоса есептегенде барлығы 76 тақтай тұғыр орнатылған екен. Бұл әлем чемпионаты тарихындағы рекордты көрсеткіш саналып отыр. Осыған дейін Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков әлем чемпионаты аяқталысымен спорттық құрылғыларды барлық аймақтың федерациялары, спорт мектептері мен ауыр атлетика үйірмелеріне табыстайтынын хабарлаған болатын.

- Әлем чемпионаты аяқталған соң, дүбірлі додаға сатып алынған спорттық құрылғылардың барлығын аймақтық федерацияларға, спорт мектептері мен ауыр атлетика үйірмелеріне табыстаймыз. Елімізде осындай ірі әлемдік сынның өтуі бұл мәселенің шешілуіне әкеліп отырғанын атап өткім келеді,деген-ді

Ұйымдастырушылардың таратқан мәліметі бойынша, 9 күннің ішінде әлем біріншілігінің қатысушылары 60 000 литр су ішкен.

Сонымен, тоғыз күнге созылған әлем чемпионаты да мәресіне жетті. Жарыс алдында Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни екі алтын алу жоспарын айтқан еді. Бірақ, жаттықтырушы жоспары «арық айтып, семіз шықты». Жоспар толықтай орындалды.

Әлем чемпионатының ресми сайты таратқан мәлімет бойынша, ТМД аймағында тұңғыш рет өткен ұйымдастырылған байрақты бәсекеде 72 елден 526 спортшы бақтарын сынаған. Оның 219-ы әйелдер болса, 307-і ерлер. Әйелдер жеті салмақ дәрежесі (48, 53, 58, 63, 69, 75, +75 келі) бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтаса, ерлер сегіз салмақ (56, 62, 69, 77, 85, 94, 105, +105) бойынша сынға түсті.

Орын 
Мемлекет
 Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1
 Қытай
4
2
5
11
2
       Солтүстік Корея  
4
1
3
8
3
 Қазақстан
3
2
0
5
4
 Ресей
2
2
2
6
5
 Иран
1
0
0
1

Жалпыкомандалық есепте «аспан асты елінің» өкілдері көш бастады. Олар барлығы 11 медаль (4 алтын, 2 күміс, 3 қола) жеңіп алды. Екінші орыннан Корей Халық Демократиялық Республикасының зілтеміршілері көрінді. Олар 4 алтын, 1 күміс, 3 қола еншіледі. Ал отандастарымыз 3 алтын (Зульфия Чиншанло, Жасұлан Қыдырбаев, Илья Ильин) 2 күміс (Жазира Жаппарқұл, Владимир Седов) еншілеп, жалпыкомандалық есепте алғашқы үштікті қорытындылады.

Сурет: massaget.kz, kazpravda.kz

О. Сансызбай