Кеше футболдан қазақстандық клубтардың еуродода жарыстарындағы қарсыластары анықталды. Бірақ «Ақтөбе» мен «Ордабасының» өз алаңындағы ойындары қайда өтетіні әлі белгісіз.
Владимир Газзаев жаттықтыратын «Ақтөбе» еурододағы ойындарын Алматыда өткізуі мүмкін деген ақпараттар тараған болатын. Оған себеп – Қобыланды батыр атындағы стадиондағы жөндеу жұмыстарының аяқталмауы. Бүгін облыс әкімі Архимед Бегежанұлы стадионға қатысты жауапты тұлғалармен кездесу өткізді. Орталық стадионның алаңы жиегінде өткен кездесуге қала әкімі Ерхан Омаров, облыстық спорт және туризм басшылығы төрағасы Ескендірбек Маханов, «Ақтөбе» ФК президенті Сағат Еңсегенұлы,«Қобыланды батыр» атындағы орталық стадионның директоры Қажымұқан Демеуов, "Ақтөбе" ФК бас бапкері Владимир Газзаев, клубтың спорттық директоры Игорь Кистер, команданың физикалық дайындық бапкері Андрей Мирошниченко, «Ақтөбе» ФК баспасөз-атташесі Асхат Қалжанов қатысты. Бұл туралы клубтың «вконтакте» желісіндегі парақшасы хабарлап отыр.
Кездесу барысында Архимед Бегежанұлы көгалға жауапты бас мердігерге және стадион директоры Қажымұқан Демеуовке 2 шілдеге стадионды дайындауға тапсырма берді. Стадиондағы көгал төсеу жұмысын үш немесе төрт ауысымда жасайтын болады, стадионның жарығын пайдаланып, жұмыстар түнімен жасалады деп жоспарланды. Шамамен сексенге тарта жұмысшы қызу жұмысқа кіріспек. Көгалды ертеңнен бастап төсеп, 29 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Маусымның соңғы күндері жаппай суару жұмыстары жүреді. Ақтөбе жанкүйерлерінің қуанышына орай, шілденің екісіне стадион шетелдік қонақтарды өз алаңында қабылдауға сақадай-сай болмақ. Эстондық «Нымме Калью» командасының ойын алдындағы жаттығуы «Мұнайшы» алаңында өтеді.
Естеріңізге сала кетсек, кеше «Ақтөбе» клубына Еуропа лигасының алғашқы іріктеу раундында Эстонияның «Нымме Калью» клубы қарсылас атанған болатын. Бірінші ойын 2 шілде күні Қазақстанда өтсе, қарымта кездесу араға бір апта сала Эстонияда ойналады.
Шымкенттік «Ордабасының» да өз алаңында Еуропа лигасындағы ойынын өткізуі әзірге белгісіз. Осыған дейін Виктор Кумыков шәкірттері іріктеу кезеңінің бірінші және екінші айналымын өз алаңында өткізеді деп айтылған-ды. Бүгін клубтың спорттық директоры Айтқұл Ахинбаевтың vesti.kz сайтына берген мәлімдемесінде айтылғандай, әлі бұл түйіннің шешілмегені белгілі болды.
- Бүгін және ертең УЕФА арнайы комиссиясы стадионды тексеріп, қарап шығады. Нақты шешімді ертең түсте хабарлайтын болады, - деді Ахинбаев.
Айта кетейік, 2012 жылы «Ордабасы» Еуропа лигасындағы ойындарын Алматының орталық стадионында өткізген болатын. Одан бергі аралықта Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов стадионына толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмесе де, талаптарға сай жөндеуден өткен.
Шымкенттік «Ордабасы» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Израильдың «Бейтар» клубымен кездеседі. Бірінші ойын 2 шілде күні Қазақстанда өтсе, екінші ойын араға бір апта сала Иерусалимде өтеді.