Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Ақтөбе" командасы молдавалық "Милсами" (Оргеев) командасынан 4:2 есебімен жеңіліп қалды.
Қазақстандық команда ең бірінші шабуылымен-ақ ойындағы есепті ашты. Яғни 8 минутта Тимур Кападзе өзіне келген мүмкіндікті зая жібермеді. Бірақ, доп домалақ дегендей, араға сегіз минут салып Георгий Богю есепті теңестіріп тастады. Содан екі жақтың алма-кезек шабуылымен өрбіген ойын бірінші ойын бөлігі біткенше тағы бір голдың соғыларынан хабар беріп тұрғандай еді... Молдавалық жанкүйерлердің қуанышына орай Рафэл Веллингтон "Милсами" командасын алға шығарды.
Екінші ойын бөлігінде Богю осы ойындағы екінші голын соғып, есептегі басымдылықты ұлғайта түсті. Алайда, ақтөбеліктер тарапынан Самат Смақов айып добын әдемі орындап, арадағы басымдылықты қысқарта алды. Содан тартымды да тартысты өткен ойынның соңғы минутында Корнел Геци шешуші голды соғып, нәтижесінде ойын алаң иелерінің пайдасына ойын 4:2 есебімен аяқталды.
Ендігі ойын Ақтөбеде 26 шілде күні Астана уақытымен 22:00-де өтеді.
Еуропа лигасы. Екінші іріктеу кезеңі.
Бірінші ойын: "Милсами" (Оргеев, Молдова) - "Ақтөбе" (Ақтөбе, Қазақстан) - 4:2 (2:1)
Голдар: Кападзе, 8 (0:1); Богю, 16 (1:1); Веллингтон, 33 (2:1); Богю, 51 (3:1); Смақов, 56 (3:2); Геци, 87 (4:2).
Ескертулер: Симао, 71; Богю, 81; Нурудин, 90 - Бадло, 85; Хайруллин, 88.
Сурет: aladop.kz
Дайындаған: Фараби Бақыт