"Ақтөбе" алға сүйресе, "Жетісу" жерге қаратты...

"Ақтөбе" командасы Еуропа лигасының келесі кезеңіне өтті. Шешуші ойында Владимир Мұханов баптаған ақтөбеліктер Кутаисиден келген "Торпедо" командасынан басым түсті.

Грузияда болған бірінші ойында қос команда тең есеппен тарасқан-ды. Мамандар бұл ойында сәл ғана басымдылықтың "Ақтөбе" командасы жағында болатынын күні бұрын айтып келген-ді. Шынында да, "Ақтөбе" командасы салған жерден жақсы ойын өрнегін көрсетіп, ойындағы басымдылықты өз қолдарына ала білді. Алайда, ойынның бірінші бөлігінде есеп ашудың еш реті келмеді. Бірнеше қауіпті соққы орын алғанмен, қақпадан сәл ғана қиғаш кетіп  жатты. 

Екінші ойын бөлігінде ақтөбеліктер айбарына мінсе керек, өткір-өткір шабуылдар ұйымдастыра бастады. Сондай бір кезекті шабуыл ойынның орта бөлігіне тақаған тұста орын алды. Жойқын соққыны қақпаға дәл бағыттау арқылы Марат Бикмаев ойындағы есепті ашты. Содан не керек, "Торпедо" командасы қанша шабуыл ұйымдастырып баққанмен, қолдарынан еш қайран келмеді. Ал "Ақтөбе" командасы сенімді жеңіске қол жеткізіп, ендігі кезеңде молдавалық "Милсами" командасына қарсы ойын өткізетін болды.

Айта кетсек, "Ордабасы" командасы сербиялық "Ягодина" командасын айналып өте алды. Өкінішке орай, талдықорғандық "Жетісу" командасы "Лех" командасымен тең түсіп, екі ойынның нәтижесінде келесі кезеңге шыға алмады.

Еуропа Лигасы-2012. Іріктеу кезеңі. 
"Ақтөбе" (Ақтөбе) - "Торпедо" (Кутаиси) - 1:0
Марат Бикмаев, 75 (1:0).

Сурет:fcaktobe-fans.kz

Дайындаған: Фараби Бақыт