Бүгін Малайзия елінің астанасы Куала-Лумпурде 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізетін ел белгілі болды. ХОК мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша Қытай елінің астанасы Бейжің жеңіске жетті.
Ақ Олимпиада Алматыға бұйырмады. Қазақстандықтар бұл үшін өкінді немесе қатты қуанды деп айта алмаймыз. Оның себебі де жоқ емес. Көпшілік елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайына баса назар аударуды мақұлдайды. Десе де 2017 жылғы қысқы Универсиаданы өткізгелі отырған Алматы үшін Олимпиаданы өткізсе, ауыр соқпас еді деп ой түйгендер де болды. Қоғам пікірі екіге жарылғанмен, бәрібір, төрткүл дүние көз тігетін дода Алматыға бұйырмады. Бейжің – ХХIV қысқы Олимпиаданың Отаны атанды.
Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) дауыс беру шарасына 100 өкілінің қатысуына құқықтары бар болатын. Алайда қытайлық өкілдерін қоса есептегенде 15 мүшесі дауыс беру шарасына қатысқан жоқ. Алдымен 2020 жылғы жастар арасындағы Олимпиада ойындары өтетін ел (Лозанна) электронды дауыс беру бойынша таңдалса, 2022 жылғы Олимпиаданы таңдауда техникалық ақаулар орын алып, ХОК мүшелері ресми қағаздар арқылы өз дауыстарын берді. Нәтижесінде бір дауыс беруші кешігіп, Пекин 44:40 есебімен Алматыны басып озды.
Бейжің бар болғаны 4 дауыс қана артық жинады. Ал Алматы қаласы өзінің имиджін қалыптастырып, Қазақстанның Олимпиада өткізуге қауқары жететінін таныта білді. Алатау бөктерінде айтулы додалар ұйымдастыруға болатынын әлем жұртшылығы көрді. Тіпті, жеңіске лайықты деп бағалағандар да болды.
ХОК мүшелері Алматыны таңдағанда қалай болар еді?
Алматы 2022 жылғы Олимпиаданы өткізетін қала болып таңдалғанда, кішігірім сенсация болары сөзсіз еді. Жарыс өтетін ғимараттарға баса назар аударылып, қыруар қаржы жұмсалар еді. Ал бастысы – өз еліміздегі жарыста кімдерге үміт артамыз деген сұрақ туындайтын. Себебі, Қазақстанда қысқы спорт түрлері соңғы жылдары ғана қанат жайып келеді. Бар болғаны 7 жылдың ішінде алғашқы ондыққа енетін құрама жасақтау оңай емес. Оңай болған күннің өзінде, легионерлер шақыртуға тура келеді. (Кез келген ел өз жеріндегі жарыста жоғары нәтиже көрсетуге талпынатыны анық).
Алматы – қысқы спорт түрлеріне қолайлы қала. Егер Олимпиада Алатау бөктерінде өткенде қаладағы спорт нысандарының саны артып, халықтың қысқы спорт түрлеріне қызығушылығы оянары анық еді. Бірақ барлық кешен халыққа қызмет жасап қалады деу қиындау. Қаңырап қалмайды да емес...
Олимпиада Алматыда өтетін болғанда, қара халық спорт нысандарын салуға бөлінген қаржыны ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе деп тілейтіні анық еді. Себебі, 2011 жылы Азиада мен 2017 жылы өтетін «ЭКСПО» -ға бөлінген қаржы жымқырылғанын естіп-ақ жүр. Қашан жемқорлық мәселесі қоғамда толық шешілмей, Олимпиада өткізу оңай емес екені ақиқат.
Алматыда Олимпиада өтетін болса, көгілдірлер шеруі ұйымдастырылатыны туралы о баста айтылды. Жағасын ұстаған жұрт аң-таң болғаны рас. Естімеген елде көп деп іштен тынды. Өйткені, ақ Олимпиаданы өткізу құқығына ие болу үшін адам құқығын қорғайтын бірнеше халықаралық құжатты ратификациялау қажет болды. Соның нәтижесінде Алматыда көгілдірлер шеруі өтуі мүмкін деп айтылған еді.
Олимпиада Алматыда өткенде Қазақстанды төрткүл дүние түгел танып, мәдениеті мен өнері, тұрмыс-салты т.б. туралы хабардар болар еді. «Бораттың елі» деп түсінік қалыптастырған көп ел тұрғындарының көзқарасының өзгеруіне сеп болатын. Бірақ бір фильм – басты мәселе емес. Қазірдің өзінде қазақ елінің танымал спортшылары Қазақстанды әлемге танытып жүр. Жақында ғана Геннадий Головкиннің Боратқа қатысты айтқан сөздері біраз адамның көзқарасының өзгеруіне септігін тигізді деп ойлаймыз.
Әлеуметтік желідегі әңгіме...
Қазақстандық делегаттар ХОК комиссиясы алдында Алматы қаласының таныстырылымын ойдағыдай қорғап шықты. Ұсынылған бейнебаянның сапасы сын көтеретінін көзіміз көріп, көңілімізге үміт ұялады. Алайда Алматы облысының әкімі Ахметжан Есімовтің ағылшын тілінде таныстырған кездегі сөзі ғаламтордың «басты жаңалығына» айналып шыға келді. Ресейлік сайттар спорт министрлері Виталий Муткомен салыстырып, қалжыңға айналдырды.
Қазақстандықтар ХОК шешімін асыға күтті. Әлемнің 110 мемлекеті тікелей эфирде тамашалап отырған салтанатты шараның шешуші сәті де келіп жетті. Осы аралықта үміткер қалалалардың (Алматы мен Пекин) Олимпиада туралы тағы бір бейнебаяндары (видеоролик) көрермендер назарына ұсынылды. Ә дегеннен маңдайшасында «автомойка» жазуы бар нысаннан басталған бейнебаян көпшілікке ұнай қойған жоқ. Қытайдікімен салыстырғанда сапасы да төмен екені байқалды. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл көріністі де назарларынан тыс қалдырған жоқ. Айтар ойларын ортаға салуда. Белгілі спорт журналисі Нұрғазы Сасаев әлеуметтік желідегі парақшасында төмендегідей жазба қалдырды.
- Мен әлі түк түсінген жоқпын. Тау басында, омбы қарда жападан жалғыз тұрған "Автомойка" нені білдіреді? Турасын айтқанда, Олимпиада ойындарына оның қажеті қанша? Қандай қатысы бар?! "Шанамойка" болса, бір сәрі... Әлде "ХОК басшыларының бәріне жаппай автокөлік берілмейді немесе беріледі" деген ишара ма? - деді.
Әлеуметтік желідегі әңгіме мұнымен тоқтап қалмасы анық. Бүгін де, ертең де жазыла береді. Ал біз енді екі ел халқының ХОК шешімін қалай күткені туралы айта кетейік.
Алматы халқы Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімін Республика сарайы алдындағы Абай алаңында тікелей эфирден тамашалады. Қазақ спортындағы тарихи сәтті тамашалауға келген жұртшылық ХОК шешімін асыға күтті. Томас Бах (ХОК президенті) Бейжіңді жеңімпаз ретінде танығаннан кейін, жұрт өз жолымен тарасты. Өкініштен өзектері өртеніп, жанарына жас алған жандарды көзіміз шалған жоқ. ХОК шешімі – қуаныш па, әлде өкініш пе, мұны жиналған жұрт сездірген жоқ.
Ал «аспан асты елі» ХОК шешімін тойлауды бастап кетті. Әлем спорты тарихында Бейжің жазғы және қысқы Олимпиаданы қабылдаған алғашқы қала атанғалы отыр. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге Бейжің қаласының 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының астанасы болып таңдалуына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.
Айта кетейік, алдағы үш Олимпиадада Шығыс Азия елдерінде өтетін болады. Ол - 2018 жылы Оңтүстік Кореяда жалауы желбірейтін қысқы Олимпиада мен 2020 жылы Жапонияда өтетін жазғы Олимпиада. Енді оған Бейжіңдегі ХХІV қысқы Олимпиада қосылды.