31 шілде күні Малайзия астанасы Куала-Лумпурде 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары өтетін ел анықталады. Егер ақ Олимпиада Алматыда өтер болса елге ақшалай 3 миллиард доллар көлемінде пайда түседі екен. Бұл туралы бүгін «Алматы-2022» Олимпиадасы ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Андрей Крюков ресейлік басылымға берген сұхбатында мәлімдеді.
Олимпиада ойындарын өткізу үшін 1,7 миллиард АҚШ доллары кетсе, қосымша жұмыстар үшін 4,5 миллиард доллар көлемінде қаржы жұмсалады. Ал ойындардан түсетін қаржы көлемі 3 миллиард долларды құрамақ.
- Олимпиада бюджеті алғашында 5 миллиард доллар деп жоспарладық. Кейін Халықаралық Олимпиада комитетінің сұрауы бойынша бюджетті 500 миллион долларға қысқарттық. Қазір Алматы-2022 жобасының бюджеті 4,5 миллиард долларды құрайды. Бұл бюджет қалады. Бірақ біз 1,7 миллиард доллар жұмсаймыз. Олимпиададан 3 миллиард доллар пайда түседі деп жоспарланған. Олимпиада – шығын ғана емес, пайда әкелетін шара, - деді Андрей Крюков.
Андрей Крюков Алматының Олимпиаданы өткізудегі мүмкіндігі мен артықшылықтары туралы да айта кеткен.
- 2017 жылғы қысқы Универсиадаға арнап салынған ғимараттар мен спорт кешені орталықтарын Олимпиадаға пайдалануымызға болады. Сондықтан да біз Олимпиаданы өткізуден бас тартпаймыз. Біз жоспарлап отырған кешендер қаланың даму жоспарында бар дүниелер. Мысалы, Олмипиадаға арналып салынатын 10 000 пәтер – Алматыда жыл сайын сатылып кететін пәтерлердің 60 %-н құрайды. Сондықтан да біз аса көп шығынға батамыз деп ойламаймын, - деді.
Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) мәліметі бойынша, Алматыда ойындар өткізетін спорт кешендерінің 70 %-ы дайын, онда 500 қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі таңда Алатау бөктерінде қысқы спорт түрлерін өткізе алатын халықаралық талаптарға сай 6 ірі кешен бар.
Үміткер қаланы анықтау үшін ХОК мүшелері төмендегідей 15 талап бойынша бағалау жұмыстарын жүргізеді.
1) Жалпы жоба;
2) Қысқы ойындардың концепциясы және спорт ареналары;
3) Олимпиада қалашығы;
4) Медиа-орталық;
5) Спорттық шараларды өткізу тәжірибесі;
6) Қоршаған орта және метеорология;
7) Қонақ үй;
8) Транспорт;
9) Допинг-бақылау;
10) Қауіпсіздік;
11) Телекоммуникация;
12) Энергетика;
13) Елдің спорттық заңнамасы және виза;
14) Басшылық пен халықтың қолдауы;
15) Қаржы және маркетинг.
Көрсетілген талаптарға жауап бере алатын қала қысқы Олимпиада ойындарын қабылдайтын болады.
Қытай астанасы 2008 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын қабылдағаны белгілі. Бұл жәйтті ескеретін болсақ, Халықаралық Олимпиада комитеті бұл елге қысқы ойындарды өткізу құқығын бермеуі де мүмкін. Олимпиада ойындарының тарихына қарайтын болсақ, араға он жыл салмастан бір ел екі мәрте Олимпиада ойындарын ешқашан қабылдамаған. Сондықтан 2022 жылғы төрткүл дүние көз тігетін доданы Алматы қаласының жеңіп алуы бек мүмкін. Олай айтуымызға да себеп жоқ емес, Алматы 2017 жылы қысқы Универсиада ойындарын қабылдайды. Оған кеткен дайындық пен спорт ареналарын қайта қарап, Олимпиадаға дайындауға болады. Бастысы, халық пен ел басшылары доданың өтуіне қарсы емес.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада комитетінің 127-ші отырысы 31 шілде күні Алматыдағы Абай алаңында тікелей эфирден көрсетіледі.